Инфляция мен жалақы: Досаевтың сөзі рас па?
Инфляция мен жалақы: Досаевтың сөзі рас па?
355
оқылды

Таяуда ғана Үкімет отырысында баяндама жа­саған Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев елі­мізде жалақының өсуі инфляцияға кері әсер ете­тінін айтты. Бірақ ақшаның құнсыздануын ай­лықтың өсуімен байланыстырған бас бан­кир­дің пікірі көпшілікке ұнай қоймасы анық. Ай­мақ­тарда әр саладағы жұмысшылар «жалақы аз» деп наразы болып жүр. Ендеше Досаевтың пі­кі­ріне қатысты қандай байлам жасасақ болады?

Әуелі бас банкирдің сөзін келтірсек. «Жалақының өсуі аясында қызметтердің өзіндік құны индексі 2020 жыл­дың шілдесінен бастап 49-дан 67-ге дейін өсті. Іскерлік белсенділікті қалпына келтіру және еңбе­к­ақы төлеудің жоғары үлесін (50%) ескере отырып, жа­лақының өсуі инфляцияға қосымша қысым жа­сайды», – деген Досаев. Оның айтуынша, кейбір салада жұмыс орындарының бес ай қатарынан қысқаруы кезінде еңбекақының өскені байқалыпты. Қызметкерлер барынша қолайлы еңбек жағдайын, жоғары еңбекақы іздестіріп, табысы жоғары жұмыс қарастырып жүр. Осы айда азық-түлік инфляциясы 11,5 пайыздан 11,3 пайызға дейін төмендеген. Керісінше, азық-түлікке жатпайтын инфля­ция 7,5 пайыздан 7,8 пайызға дейін, ақылы көрсетілетін қызмет инфляциясы 6,8-ден 6,9 пайызға дейін артыпты. Қош, біз бұл тұста экономистерден осы мәселеге қатысты не айтатынын сұрап көрдік. Енді сала мамандарының пікіріне көз жүгіртсек. Бауыржан ЫСҚАҚОВ, экономист:

 Жалақының инфляцияға қатысы жоқ

– Досаевтың пікіріне қарсы айтар 1-2 уәжім бар. Жалақының өсуі инфляцияға тікелей әсерін тигізбейді. Ең бірінші ке­зекте инфляцияның жоғарылауына, ақша­ның құнсыздануына әсер ететін мемлекет­тен берілетін қаражаттың толық игерілмеуі. Әр мемлекеттік орган жылдық бюджетін жоспарлағанда Есеп комитеті қаншама ақшаның игерілмегенін анықтап жатады. Яғни, мемлекет ол қаражатты босатып, на­рыққа шығарады. Соңғы өніміне дейін жет­пегендіктен, оған бір зауыт не мектеп салынбаған соң ақша ауада қалып қояды. Бұл әсерін тигізбей қоймайды. Өткен ға­сыр­дың 70-жылдары АҚШ-та үлкен ин­фля­ция болған кезде әскери шығындардың жоғарылауынан мұнай мен ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерінің жетіспеуіне, инфляцияға алып келген. Сол сияқты түсінік бізде де қалыптасып жатыр. Себептері баршылық. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс тым жоғарылады. Бірақ ол өнімдер дефи­цитте. Жалақының өсуі инфляцияға алып келді деуге болмайды. Оның алдын алу үшін теңгенің айналым кеңістігін кеңейту қажет. Яғни, теңгемен алынатын отандық тауарлар көбеюі тиіс. Отандық кәсіп­орын­дардан ұлттық валютамен сатып алатын болсақ, теңгенің құны артады. Ал бізде сырттан келетін тауарлар басқа валютамен келгендіктен, сатып алу қабілетіміз тө­мендеді. Осындай факторлар бар. Ал жала­қының тікелей инфляцияға қатысы жоқ. Мақсат ХАЛЫҚ, экономист:

Досаевтың сөзіне жол болсын

– Бірден айтайын, Досаевтың «жала­қы­ның өсіп жатқанынан инфляция болды» дегеніне жол болсын. Шыны сол, халықтың жалақысы әлі өсіп болған жоқ. Иә, Пре­зидент мұғалімдер мен дәрігерлердің жала­қысын өсіру бойынша тапсырма берді. Бірақ қараңыз, мұғалімдердің жалақысын өсіру бойынша өткен жылы қыркүйекте тапсырма жүктеген. Ал ол тапсырма енді ғана орындалып жатыр. Биыл 1 қазаннан кейін ғана оқытушы, мұғалім азаматтардың айлығы өсті. Сонда 1 жылдан кейін ғана артып отыр. Инфляция қарқынды сипат алып, өткен жылы-ақ басталып кеткен. Биыл тіптен ұлғайып жатыр. Жалақы да әсерін тигізеді, бірақ қазіргі инфляцияға бұл фактор әсер еткен жоқ. Инфляцияға әсер еткен импорттық фактор. Сырттан келетін тауарлар қымбат. Ал енді ішкі жағ­дайда азық-түлік қымбаттауына әсер етіп жатқан факторлар көп, әртүрлі. Біріншіден, дизель отынының қымбаттауы. Тапшылық қолдан жасалып отыр. Өйткені Энергетика министрлігінің есебіне қарасақ, өткен жы­лы өндірілген дизель көлемі биыл да өн­ді­рілген. Тек қана АЗС, жанар-жағармай пунк­тілеріне кешіктіріліп жеткізілді. Уа­қытынан кешік­кен соң тапшылық бастал­ды. Нәтижесінде, шаруалар қиын жағдайға тап болды. Міне, қазір ұнның бағасы қым­баттағанын көрдік. Нан да қымбаттайды. Біраз дүниелер де соның кебін кешпек. Сон­дықтан да мен Досаевтың сөзіне жол бол­сын дедім. Екін­шіден, белгілі бір дәре­жеде ақша массасын реттеумен жұмыс істей берсін, бұл жерде Үкі­меттің де жауап­кер­шілігі бар. Бізге им­порттық тауарлардың орнын алмастыратын өндіріс керек. Өзі­мізде бар өндіріс түрлерін дұрыс жолға қою қажет. Егер олардың ішкі нарықты қам­та­масыз етуге қуаты жетпей жатса, сол өндіріс қуатын арттыру бойынша нақты жұмыс іс­телуі тиіс. Сол кезде ғана елімізде инфля­ция белгілі бір дәрежеде тұрақталатын болады. Мақсат СЕРӘЛІ, экономист-сарапшы:

Қымбатшылық жалғаса береді

– Негізі, біздегі қымбатшылық металл, құрылыс тауарларының қымбаттауынан бас­талған. Металл биржамен белгіленетін­діктен, бірден 68 пайызға өсті. Одан кейін жанармай бағасы қымбаттады. Сосын ком­муналдық қызметтердің бағасы өсті. Осы­ның барлығы тізбектелген реакция ретінде бір-біріне әсер етті де жаппай қымбат­шы­лыққа ұласты. 3 жыл қатарынан қымбат­шылық динамикасы байқалып келеді, яғни баға, өкінішке қарай төмендемейді, бұдан әрі көтеріле береді. Инфляция осылай бол­ды. Оны мемлекет те қадағалай ал­майды. Өйт­кені бұл нарықтық экономиканың та­лап­тары, оған тек көнуіміз керек. Тауар­лардың қымбаттауына әсер етіп отырған негізгі фактор – Ұлттық банктің 5 триллион ақшаны айналымға шығарғаны. Айналымға артық ақша шыққаннан кейін, әрине ол құнсызданады. Оған қоса, биыл бізде көктем кеш шықты. Ауыл шаруашылығы өнімдері нарыққа шығып үлгерген жоқ. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін шетелдерден алдық, мұндай жағдайда баға өсетіні онсыз да белгілі еді. Осындай фак­тордың барлығы қымбатшылыққа алып келді. Қазір кейбір өнімдерге шекті баға қойды, дегенмен тауар дүкенге қымбат ба­ғада келеді. Мысалы, тауар 450 теңгеге ке­летін болса, Үкімет оны 300 теңгеге сат деп айта алмайды. Мемлекет қазір бағаны екі тә­сілмен қадағалауға ты­рыс­қан, бірақ нәти­же беріп отырған жоқ. Бі­ріншісі – 6 пайыз­бен несие беру. Бірақ оған кәсіпкерлер аса мұқтаж емес. Екіншісі – төмендетілген әлеу­меттік дүкендер. Бірін­шіден, оның саны аз, екіншіден, ішкі на­рықты қамта­масыз ете алмайды, үшіншіден ауылдарда, елді мекендерде мүлде жоқ деуге болады. Сондықтан да нарықтағы бағаға әсерін ти­гізе алмай, нәтижесіз болып отыр. Қым­бат­шылық деңгейінің өскені сонша – қазір халық жалақының 90-95 пайызын азық-түлікке жұмсайтын болған. Бұл – жақсы құбылыс емес. Бұлай кете берсе, кедейшілік кең етек алып, Үкіметке, билікке деген ха­лықтың наразылығына ұласады. Сондықтан да Үкімет тиімді құралдарды қол­дануы ке­рек. Отандық өндіріс орында­рының санын көбейткен жөн. Оларға тіке­лей көмек берілуі керек. Жалпы айтқанда, жалпы ішкі өнімдегі отандық өнімдердің үлесін кө­бейтіп, кем дегенде 50 пайыздан асыруымыз керек. Сонда ғана экономикалық қауіпсіздік орнайды. Олай болмаса, ақшалай болсын, басқа бірреттік көмек болсын, бәрі уақытша құбылыс.

Мадияр ТӨЛЕУ