Жұмысшылар өлімінің себебі айтылмады
Жұмысшылар өлімінің себебі айтылмады
© 24.kz
326
оқылды

Жақында жергілікті әлеуметтік желілерде Өскемен қаласындағы Титан магний комбинатында екі жұмысшының опат болғаны туралы ақпарат тараған болатын. Осы жағдайға байланысты түсініктеме берген Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті қайғылы жағдайдың нақты қандай кәсіпорында болғанын ашып айтпаған еді.

«Осы жылдың 5 қарашасында Өскемен қаласының Ертіс полиция бөлімі абайсызда екі адамның өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағанын хабарлайды. Қазір қылмыстық іс бойынша тиісті сот сараптамалары тағайындалды, істің мән-жайларын зерттеудің жан-жақ­тылығын, толықтығын және объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру дерек­тері жария етуге жатпайды» деген еді департаменттің баспасөз қызметі. Адам өлімімен аяқталған оқыс оқиға­ның Титан магний комбинатының өзінде емес, кәсіпорынмен еншілес POSUK Titanium ЖШС-да 5 қараша күні сағат 17.20 шамасында болғанын Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қи­за­тов мәлімдеді. «Белгілі болғандай, олар элек­тронды-сәулелік пеште профилак­ти­калық жөндеу жұмыстарын жүргізіп жат­қан. Сол жерге басқарма мамандары мен прокуратура қызметкерлері шұғыл келіп жет­ті. Қазір оқиғаның себебі мен мән-жа­йын анықтайтын арнайы комиссия құ­ры­лып жатыр» деген еді басқарма басшысы. Б.Қизатовтың сөзіне сенсек, арнайы құрылған комиссияның құрамына Еңбек инспекциясы, Өндірістік қауіпсіздік, Са­ни­тариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері, жұмыс беруші (POSUK Titanium ЖШС) мен кәсіподақ өкілдері енген. Ал кәсіпорында 1994 жылы дүниеге келген екі жігіт көз жұмған. Біреуінің отба­сы бар. Бір деректерде отбасылы жігіттің соңында бір баласы мен аяғы ауыр келіншегі қалғаны айтылады. 8 қарашада жергілікті сайттардың бірі кәсіпорында мерт болған жұмысшының ағасы: «Міне, екі күн өтті. Бүгін бауыры­мызды жерледік. Бізбен ешкім байланысқа шыққан жоқ. Жағдайды түсіндірген жоқ. Не болғанын ұқпай отырмыз» деген сөзін жариялаған болатын. Мәселенің мән-жайын білейік деп туыс­тарына хабарласқанымызда сұхбат беру­ден бас тартты. Қапияда ажал құшқан екі жұмысшы еңбек еткен POSUK Titanium ЖШС бас директоры Станислав Барано­вичке телефон соқтық. Әуелі «Телефон арқылы жауап бермеймін», – деді. «Онда жұмысыңызға барайық» деп едік, «мұнда кіруге рұқсат жоқ», – деді. Енді не болмақ? Кәсіпорынға шара қолдана ма? Шығыс Қазақстан облыстық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқар­масының басшысы Бақытбек Қизатовтың айтуынша, арнайы құрылған комиссия 10 жұмыс күні ішінде тиісті қорытынды шы­ғарады. Егер комиссия «екі жұмысшы жұ­мыс барысында опат болған» деген қоры­тынды шығарса, жұмыс беруші тарапынан зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. «Біріншіден, жұмыс орнын сақтандырған сақтандыру компаниясы тарапынан зардап шеккен жандардың асырауындағы адам­дарға тиісті төлемдер төленеді. Бұдан тыс кәсіпорын өз тарапынан материалдық тұр­ғыдан көмек көрсете алады. Екіншіден, кә­сіпорында олқылыққа жол берген адам­дар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Полиция органдары қылмыстық жауап­кер­шілікке тартуы да мүмкін. Біздің қазіргі жұмысымыз – оқыс оқиғаның себеп-салдарын анықтау, осындай жағдайдың тағы да қайталануына жол бермеу» деген басқарма басшысы жыл басынан бері өңір кәсіпорында 153 жазатайым оқиға тіркеліп, 16 адам көз жұмғанын жеткізді. Былтыр осы уақытта аймақтағы өндіріс орнында 164 адам әртүрлі деңгейде жарақат алып, оның ішінде 21 адам қайтыс болған. Ал Титан магний комбинатында мұндай қай­ғылы жағдай көптен бері тіркелмеген екен. Орайы келгенде айта кетейік, жылына 6 мың тоннадан астам титан құймалары мен балқымаларын шығаруға қуатты POSUK Titanium зауыты 2014 жылы Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың қатысуымен Индус­трия­­ландыру күніне орай өткен жалпы­ұлт­тық телекөпір барысында пайдалануға берілген болатын. Бұл – Оңтүстік Кореяның  POSCO  компаниясы мен Өске¬мен титан-магний комбинатының (ӨТМК) бірлескен жобасы. Осы жобаны жүзеге асырғаны үшін «ӨТМК» АҚ президенті Әсем Мамытова «2014 жылғы өндірістегі үздік инновация» аталымы бойынша «Алтын сапа» сыйлығын иеленген еді.

Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы