Елордада қоғамдық көліктерде жолақысын төлеудің жаңартылған электрондық жүйесі іске қосылады, деп хабарлайды City Transportation Systems компаниясы.
«Жолақысын төлеуге қатысты жаңашылдықтар жол жүру құнына әсер етпейді. Осыған дейінгі тарифтер сол күйінде өзгеріссіз қалады. Сондай-ақ, төлем жасау жүйесін жаңарту инвестордың есебінен жүзеге асырылмақ. Яғни, бюджет қаражаты жұмсалмайды. Бүгін 3 компания өз өнімін ұсынып отыр, соның біреуін таңдайтын боламыз. Біздің серіктестерімізге қоятын басты талабымыз - жаңартылған төлем жасау жүйесінің жолаушылар үшін ыңғайлы болуы. Және жолаушыда таңдау болуы керек», - деді CTS (City Transportation Systems) ЖШС-нің басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов баспасөз мәслихатында.
Пилоттық жоба аясындағы тағы бір жаңашылдық жолаушы VISA және Mastercard картасы, сондай-ақ NFC жүйесі бар смартфон арқылы да төлем жасауға болатыны айтылды.
Жаңа жүйе №61 қалалық бағыттағы үш автобуста, сондай-ақ, қала маңына қатынайтын №309, 310 пен 315-бағдарларда сынақтан өтіп жатыр.