Қызылорда – жетімдер үйі жоқ өңір
Қызылорда – жетімдер үйі жоқ өңір

Еліміз Тәуелсіздік алған шақ­та балабақшалардың дені жекеге өтіп, бүлдіршіндер мектеп та­балдырығын аттағанша уақытын үйде өткізетін еді. Тіпті, білім ошақ­тарында оқулықтар тапшы­лығы болып, 2-3 оқушы бір кітап­ты пайдалануға мәжбүр болатын. Тәуелсіз елдің білім жүйесі көпке дейін кеңестік жүйенің соқпа­ғымен жүрді. Мектептер 3 ауы­сымдық уақытпен жұмыс істеп, тар әрі салқын сынып сол кездегі ұстаздар мен оқушылардың есі­нен шыға қоймаған болар...

Ал қазір жас ұрпақтың білім алуына барлық мүмкіндік бар. Бұрынғы балабақша кезегінде тұрған балалардың кезегін күт­кен күйі мектептен бірақ шығатын заманы келмеске кетті. Оқушылар қалаған мекте­бінен білім ала алады. Сөзіміздің дәлелі ретінде Сыр өңірін­дегі мектепке дейінгі балаларды балабақ­шамен қамту жоспары 2015 жылдың өзінде орындалғанын айта кеткен жөн. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Балапан» бағдарламасы аясында Қызылорда облысы республика бойынша ең алғаш болып 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды 100 пайыз бөбекжаймен қамтыды. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында жоғарыда аталған аймақ жеке­меншік балабақшалардың үлесін жыл сайын арттырып, бүгінде мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің 72 пайызын құ­рады. Жалпы, облыста Тәуелсіздік алған­нан бері бүгінгі күнге дейін 414 жеке ба­лабақша ашылған. Сонымен қатар Қызылорда облысында тәуелсіздік алған жылдан бастап осы ке­зең­ге дейін жаңа 164 мектеп ғимараты пай­да­лануға берілген. Оның ішінде 24 жаңа мектеп ашылған. Нәтижесінде, 36 апатты және 7 үш ауысымда оқитын мектептердің мәселесі шешімін тапты. Қазір білім беру ұйымдарының мате­риалдық-техникалық базасы да нығайып келеді. Облыстағы мектептердің 65 пайы­зы жаңа модификациялық физика, химия, биология кабинеттерімен жабдықталған. Сондай-ақ 124 мектеп робототехника кабинеттерімен жарақтандырылыпты. Барлық мектептің компьютерлік паркі 100 пайыз жаңартылған және интернет желісіне қосылған көрінеді. Халқымыздың жиі айтатын «жетімін жылатпаған ел» сөзі осы Сыр өңіріне арналғандай. Өңірде 2015 жылы жетімдер үйі жабылды. Оның орнына 80 орындық отбасы үлгісіндегі «Атамекен» балалар ауы­лы жұмыс істейді. Ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған балалар осында қам­қоршысымен бір отбасымен өмір кешеді. Әлемге әйгілі ғарыш айлағы Ресей мемлекетіне жалға берілгелі бері Байқоңыр қаласындағы оқушылар көрші елдің білім бағдарламасы бойынша білім алып келген болатын. Сол кезде ондағы балалар «мем­ле­кетіміз – Ресей, астанамыз – Мәскеу» дей­тін ұстанымда еді. Үкіметаралық келі­сімнің негізінде 2015 жылы Байқоңыр қа­ласында 6 мектеп және 1 балабақша ҚР стандарты бойынша білім беру үдерісіне көшті. Сонымен қатар 2015 жылы «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ мен Қызыл­орда облысы әкімдігі арасында өзара әріптестік жөнінде меморандум жасалды. Осы меморандум аясында облыста Назар­баев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі таратылатын 46 инновациялық мектеп ашылды. Бүгінде Қызылорда облысының білім беру саласындағы тың жобалары көпке үлгі ретінде ұсыныла бастағанын айта кеткен жөн. Мәселен, 2015 жылдан бастап БҰҰ «ЮНИСЕФ» балалар қорымен бір­лесіп «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтер превенциясы» пилоттық жоба­сы енгізіліп, Қызылорда облысының үздік тә­жірибесі халықаралық дәрежеде таратылды. Республикалық «Үздік педагог» кон­курсының қорытындысы бойынша 2013 жылдан бастап 2020 жылға дейін облыстың 19 педагогіне «Үздік педагог» атағы бе­рілді. Ұстаздардың осы жетістікке жетуіне 2016 жылдан бастап мектептер кезең-ке­зеңімен жаңартылған білім беру мазмұ­нына көшуі оң әсер еткен болса керек-ті. Аймақтағы педагогтердің 98 пайызы жаңа бағдарлама бойынша курстан өткен. Өңірдегі мектептердің жұмысын арт­тыру бағытында жергілікті бюджет есебі­нен соңғы 8 жыл ішінде «Үздік орта білім беретін ұйым» гранттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Осыған дейін ынта­лан­дыру мақсатында бөлінген грант көлемі 17 млн теңгеге жетті. Сыр өңірінің ұстаздары «жас ұрпаққа жасалған қолдау – болашаққа салынған инвестиция» деген ұстанымды берік ұс­тан­ған. Өңірде талантты және дарынды жастарды қолдау мақсатында Қызылорда облысының Білім басқармасының «Да­рын» қосымша білім беру орталығында облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар мен конкурстар жеңімпаз­дарының «Сыр дарыны білімділер ака­демиясы» жұмыс істейді. Дарынды балалар академияда әр оқу тоқсаны арасындағы демалыс уақытында үш кезең бойынша білімдерін одан әрі шыңдап, математика, физика, химия, биология, информатика пәндерінен озат ұстаздардан 2 тілде дайындық жұмыстарына қатысады. Өткен жылы пандемия жағдайында да қызылордалық мұғалімдер білім беруді тоқтатпай, тығырықтан шығар жол таба білді. Жаңа «Онлайн жаз» жобасы аясында балалардың жазғы демалысын қашықтан ұйымдастыру бағытында Instagram әлеу­меттік желісінде Online_vacation_qzo па­рақшасын ашып, балаларға жазғы дема­лысты тиімді өткізу жобасын іске асырды. Жобаны балалардың жазғы демалысының тиімді және оңтайлы ұйымдастыру бо­йынша ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мақұлдап, еліміздің өзге аймақтарына тәжірибе ретінде таратылды. Осының арқасында 2021 жылы республи­калық «Ұлттық мектеп лигасы» аясында жарыс түрлері бойынша облыс құрамасы І орын иеленді. Жоғарыда жүйелі жұмыстардың жүзеге асуының арқасында соңғы 10 жылда ха­лықаралық және республикалық олим­пиадалар мен ғылыми жоба конкурсында 500-ге жуық оқушы жүлделі орындарды жеңіп алған. Еліміз тәуелсіздігін алған 1991 жылдан бері кәсіптік білім беру саласы бойынша қабылданған білім туралы заңның, мем­лекеттік бағдарламалардың нәтижесінде кәсіптік білім беру саласына модерни­за­циялау жұмыстары жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, 2017 жылдан бастап жас­тар­дың жұмысшы кәсіптерін тегін алуына мүм­кін­дік беретін «Баршаға арналған тегін кәсіп­тік-техникалық білім», «Мәңгілік ел жас­тары-индустрияға» «Серпін-2050», «Ең­бек», «Жас маман» бағдарламалары сәт­ті іске асуда. Атап айтқанда, 2015-2021 жыл­дар аралығында Қазақстанның үздік техни­калық және кәсіптік білім беру ұйым­дары­ның қатарына облыстан 7 колледж енді. Жас ұрпаққа тек білім беріп қана қой­май, оларды еңбекке баулу да білім жү­йе­сінің бір тармағына айналды. Осы мақ­сатта аймақта «Жасыл мектеп» жобасы іске асады. Қазір 13 мектепте жылыжай бар. Оның 5-еуі Қызылорда қаласында, 3-еуі Арал, 1-еуі Қазалы, 1-еуі Шиелі ауда­ны, 1-еуі Сырдария, 1-еуі Қармақшы, 1-еуі Жа­ңақорған ауданында орналасқан. Оқу­шылар мен ұстаздар жылыжайда өнімдерді баптап, түрлі көкөніс өнімін өндіруге ниет­ті. Жұмысты жандандыру үшін мек­теп оқушылары ғылыми бағытта түрлі идеяны тәжірибеге енгізіп көруді бастап кетті.  

Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы