Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанмен Тәуелсіздігіміздің 30 жылында мемлекеттік тілдің дамуы қандай болды, тілдің бүгінгі ахуалы жөнінде аз-кем тілдескен едік.
– Анар ханым, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығындағы мемлекеттік тілдің ахуалы қандай? Тәуелсіздік тіліміздің дамуына қалай әсер етті? –Кез келген тіл қоғамда өмір сүреді, қоғаммен бірге жасайды, сонымен қатар қоғам санасының көрсеткіші әрі сол сананы қалыптастырудың әмбебап құралы болып табылады. Сондықтан этномәдени тілдік қауымдастықтың қоғамдық санасындағы барлық үрдістер мен үдерістер тілде проекцияланады, оның барлық көріністерін тілден тауып ала аламыз. Тілтанушы ғалымдар әрбір ұлттық-мәдени қауымдастық өмір сүріп жатқан тарихи кезеңде қалыптасқан тілдің қоғамдық тіршілігінің пафосы (тынысы), этосы (қозғаушы күші) логосы (үні, құралы) болатынын анықтаған. Мәселен, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәли кеңестік кезеңдегі қазақ тілінің қоғамдық өмірінің этосы, пафосы, логосын өз зерттеуінде көрсетіп кетеді. Тәуелсіздік кезеңіндегі тіліміздің тіршілігі мүлде өзгерді. Бүгінгі қазақ тілінің пафосы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» (қаңтар, 2021) атты мақаласындағы Тәуелсіздік жылдарының кезеңдестіруімен және сол кезеңдердің сипатымен дөп сәйкеседі. Осы мақаланың «Бағдар мен белес» тарауында талданған тәуелсіздігіміздің әр онжылдығының өзіне тән тарихи, саяси, мәдени-әлеуметтік сипаты дәл көрсетіліп, бұлай кезеңдестірілуі бірінші рет. Бұл және де тәуелсіз Қазақстандағы мемлекеттік тілдің де даму кезеңдерімен сәйкес келеді: жаңа Қазақстанның іргетасы қаланған алғашқы онжылдықта тіліміздің жаңа мәртебесін бекітудің жүйелі мемлекеттік жұмыстары атқарылды, қоғамның қазақ тіліне деген көзқарасы өзгерді, бұрын мүлде қолданылмаған алаңдардан қазақ тілінің үні шыға бастады, Президентіміз «Қазақ елінің керегесін кеңейту» деп атаған Тәуелсіздіктің екінші онжылдығында тіл қолданысы кеңейе түсті, соған сәйкес оның ғылыми-лингвистикалық базасы жетілдірілді, ал үшінші онжылдық қоғамның қазақ тілінің сапалы қолданысына деген өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандыратын аса маңызды шаралармен ерекшеленді. Тәуелсіздік кезеңіндегі тілдік қауымдастық этосы қалай өзгерді? Егер кеңестік кезеңде сөйлеушілердің басым көбі ауызекі сөйлеу тілін қолданатындар болса, бүгінде сөйлеу тілінен басқа әдеби тілдің бір немесе екі стильдік тармағын игерген тіл иелмені саны артып келеді. Әдеби тілдің кодификацияланған нормасын меңгерген қауымдастық көбейді. Олардың ішінде тілдің ауызша түрімен қатар жазба түрін де жиі қолданатындар саны басым. Шығармашылықпен шұғылданатын, әдеби тілдің ауызша, жазбаша кодификацияланған нормаларын толық игерген бірнеше кітаби стильде еркін коммуникация жасайтын тілдік тұлғалар саны көбейді. Тәуелсіз еліміз тілінің логосы туралы айтқанда оның портретіндегі мынадай оң өзгерістерге тоқталмай кете алмаймыз: 1) тілдің лексика-фразеологиялық жүйесі неологизмдер мен терминдермен қарқынды түрде байыды. Егер бұрын бұл шеттілдік сөздерді «қарызға алу» есебінен болса, енді сөздік қорды байытудың бір көзі ретінде тілдің ішкі әлеуеті жанданды: егемен, абаттану, ғаламдану, ғаламдастыру, жаһандану, жаһаният, демеушілік, демеу, дернәсіл, құрмаласу т.б; 2) ескі әдеби тілдің лексика-фразеологиялық бірліктерін жаңғырту үрдісі күшейді: сынып, құжат, мәтін, шаршы, шәкіл және т. б.; 3) кеңес дәуірінде қуғын-сүргінге ұшыраған авторлардың, тарихи эпостардың (жыр) және т. б. жаңадан басылып шыққан туынды мәтіндеріндегі лексика-фразеологиялық бірліктер айналымға ене бастады: ашалаң, ауырдәулет, әліпбиші, емлеші, сандырма және т. б. 4) сөзге абстрактілі мағына жүктейтін сөзжасамдық бірліктер белсенділік алды: жеркүшелік, бірлік, әкімшілік, бәсеңшілік, заңгерлік және т. б.; 5) етіс жасаушы аффикстердің сөзжасамдық функциясы күшейе түсті: ақпараттандыру, әртараптандыру, айқындамалану, ұлттандыру, демократияландыру және т. б.; 6) бірқатар сөздердің тіркесім валенттілігі артты, олардың семантикалық өрісі кеңейді: бағанның ырықтандырылуы, азаматтық қоғам, бала ұсынымы, төлтума оқулық ,бағалы қағаз, кешенді тестілеу және т. б.; 7) лексикаланған сөз тіркестерінің саны едәуір артты: ашық қоғам, азаматтық бірігу, зияткерлік меншік және т. б.; 8) гибрид сөздер саны артты: аудиомәлімдеме, велошабандоз, автошеру, велосапар, метатұрақтық, микрожоба, телеарна, көппалатты, телетілші, телефонхат, трансұлттық және т. б.; 9) әсере -, көп -, - аралық,- ішілік,- хат,- қағаз,- жай сияқты лексемалардың делексикализациялау үдерісі күшейе түсті: әсерепатриот, әсересақтық, әсересәуаттылық, әсересәуаттану, әсереұлтшыл, әсеремемлекетшіл және т. б.; көпвекторлы, көппартиялы, көппалатты, көптомдық, көпбалалық, көптілділік, көптілділік және т. б.; конфессияарлық, ісқағаз, мемлекетішілік, иелікжай, телефонхат және т. б.; 10) дефразеологизация, яғни кейбір тұрақты тіркестерді әмбебаптандыру үрдісі күшейе түсті: -шылық (- шілік): заң буз (у)+шылық > заңбұзушылық.Тәуелсіздік қазақ тілі кеңістігінің құрсаулы жатқан алуан түрлі арнасын ашып берді. Сөйтіп, қазақ тілі экстенсивті ғана емес, интенсивті түрде дамыды. Мұның барлығы этномәдени қауымдастықтың дүниені өз тілінде тануға, жүйелеуге деген ұмтылысының, ұлт болып өмір сүру жасампаз уәжінің көріністері. Осы қуатты құбылыстың бәрін іске қосқан жалғыз фактор – еліміздің тәуелсіздігі.– Дамыған деген тілдердің өзіне реформа жасалып жатады. Қазақ тіліне де сондай реформа керек деген ойлар айтылып жүр. Өзіңіз жаңа тіліміз жаңғырды дедіңіз. Олай болса, мұның қажеті бар ма? – Бұл өте жақсы сұрақ. Әлемдік қауымдастықтағы көшбасшы елдердің тәжірибесін қарайтын болсақ, мұндай реформалардың белгілі бір тарихи кезеңдерде жүзеге асып отырғанын жақсы білеміз. Мәселен, ағылшын, француз, орыс, неміс тілдеріне бірнеше мәрте реформа жасалған. Ағылшын тілінде XIV-XV ғасырларда дауыстылардың дыбысталуындағы өзгерістер жазуда да таңбаланатын болды; нәтижесінде дауысты дыбыс әріптері дифтонг дыбыстардың да таңбасына айналды; 1700 жылы әліпбиге «W» әрпі енгізілді; 1883 жылы Америка филология қоғамы және Америка филология ассоциациясы жазу реформасының 24 жаңа ережесін әзірледі; 1906 жылы кейбір сөздердің жазылуы өзгерді; Ұлыбританияда 1908 жылдан, Америкада 1934 жылдан бастап 1970 жылдардың ортасына дейін сөздердің жазылу ережелеріне оқтын-оқтын өзгерістер енгізіліп келді. Француз тіліне XVІІ ғасырда түбегейлі реформа жасалды; 1990 жылы емлеге өзгеріс енгізілді, ол өзгеріс 2 мыңға жуық сөзді қамтыды; циркумфлекс (құстұмсық) диакритикалық белгісі дауысты i және u дыбыстарының үстінен алынып, а, о, е таңбаларында фонетикалық тиімділік үшін сақталды; кейбір сөздер бірге жазылатын болды: contrattaque, bienaimé, porteclé , т.б.; акут, гравис, трема диакритикалық белгілеріне байланысты кейбір сөздердің графикалық кескіні өзгерді; Е дыбысынан кейін келетін дыбыстарға байланысты, оларды [ɛ] және [ә] деп оқу ережесі қалыптастырылды; кірме сөздер негізінен француз тілінің орфографиясына бейімделіп жазылатын болды. Орыс тілінің емле ережелеріне 1918 жылы күрделі реформа жасалды; Ѣ (ять), Ѳ (фита), І («и десятеричное») әріптерінің орнына Е, Ф, И әріптері қолданылды; ілік және табыс септігіндегі сын есімдер мен сөз тіркестеріндегі -аго қосымшасы -его қосымшасына (лучшаго – лучшего), қалған жағдайларда -ого, -яго қосымшаларына ауыстырылды (новаго – нового); ілік септігіндегі және жекеше түрдегі ея (нея) сөзформасы её, неё болып ауыстырылды; сөз және сөз бөліктері соңындағы ъ таңбасының орнына апостроф қолданылды, 1938 жылы ол алынып тасталды; 1942 жылы «ё» әрпін қолдану міндеттелді. Неміс тілінің емле ережелері 1996 жылы реформаланды; қысқа дауысты дыбыстардан кейін келетін ß әрпі ss әрпіне алмастырылды: Fuß – Fuss; бірге жазылатын күрделі етістіктер бөлек жазылатын болды: kennen lernen, Halt machen; іс-әрекеттің уақытын, мерзімін білдіретін қосымшалар бас әріппен жазылды: heute Nachmittag, morgen Vormittag; субстантивтенген сан есімдер бас әріппен жазылады: der Zweite, der Dritte; түбір мен қосымшада қатар келген дауыссыз дыбыстарды созылыңқы қолдануға рұқсат етілді: Betttuch = bet + Tuch; 2006 жылы емле ережелеріне қайта реформа жасалды. 212 емле ережесінің 87-і қысқартылды. – Сонда қазақ тіліндегі реформа қалай жүзеге асырылады? –Тәуелсіздіктің арқасында тіліміз мемлекеттік мәртебе алып, қоғамның барлық саласында қолданыс ауқымы да кеңейіп, сапасы артып отыр. Дегенмен жаһандану дәуірінде, ақпарат заманында жаһанияттың кез келген өкіліне сияқты, қазақтілді қауымдастық өкіліне де күніне қаншама ақпараттық мәлімет легін өңдеп, соған сәйкес өз коммуникациялық тактикасын айқындап алуға, оны жүзеге асыруға тура келеді. Бұл үдерістің барлығында да сөйлермен үшін өз дітін орындатудың, коммуникациясын жүзеге асырудың әмбебап құралы қазақ тілі екені белгілі. Олай болса, қазақ тілі қазіргі заманның талаптарына жауап беретіндей неғұрлым оңтайлы болғаны кез келген коммуникацияны жеңілдетеді. Сондықтан жаһандану үдерісіндегі әртүрлі тенденцияны ескеру қажет. Мысалы, сондай тенденцияның бірі және бірегейі – латындану. Латындану соңғы жылдары әліпби ауыстырып жатқан посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттерге қатысты ғана жүріп жатқан процесс емес, ол бүкіл жаһандық әлемге тән. Мысалы, Қытайдың қанша ғасыр бойы қалыптасқан иероглифтік жазуы бола тұра, экономикалық секторында латын әліпбиі кеңінен қолданылады. Сол сияқты жапондардың, кәрістердің де брендтері әлемге латын жазуымен танылып отыр. Осы үдеріске жауап ретіндегі біздің әліпби ауыстыру тілтанымдық реформамыз ақиқат дүниеде болып жатқан бір-біріне қарама қарсы, бірақ бізді қамтымай қоймайтын екі үдеріске де лайықты жауап болар еді. Біріншісі – жаһандану: экономикалық, мәдени әлемдік интеграция. Екіншісі – ұлттану. Сөз жоқ, жаһандану жүрген жерде ұлттану да жүреді. Ал латын әліпбиі негізіндегі жаңа қазақ жазуы ұлттық тілді жаһанданудың да, ұлттанудың да талаптарына жауап беретіндей жаңғыртпақ. Қалай? Қазақ тілі осы заманғы қауымға ғана қызмет етіп отырған тіл емес. Оның сан ғасырлық тарихы бар. Сол тарихи даму жолында алуан түрлі сыртқы субстраттардың әсеріне түскенін және бір қызығы, сол әсердің шылауында кетпей, керісінше оны өзіне икемдеп, игеріп алғанын тілтанушы ғалымдар жақсы біледі. Әртүрлі тарихи кезеңде қазақ тіліне енген, парсы, араб, моңғол, қытай, орыс сөздердің барлығы өзгеріске ұшырап, тіліміздің төл құралына айналып отырған. Алайда бүгінгі күнге дейін орыс сөздерін өзгертпей жазу осы айтқан тарихи кезеңдерде қалыптасқан тіліміздің модернизациялық ішкі әлеуетін әлсіретіп жіберді. Қирил графикасы негізіндегі әліпбиде бөгде тілдің дыбыстық жүйесін таңбалайтын әріптердің болуы – тіл жаңғыруына кедергінің бірі. Сондықтан латын негізді жаңа әліпбиде төл дыбыстық жүйе бірліктерінің таңбалары алынып, бөгде тілдік таңба барынша азаяды, ұлттық емле ережесіне сәйкес таңбаланатын сөз қатары көбейеді. Сонымен бірге жаңа жазудағы қазақ мәтіндері, әсіресе жаһандық мәдениетке ортақ интертерминдер латын әліпбиін қолданатын әлемдік қауымдастық өкілдері, әсіресе бауырлас түркітілді елдер үшін түсінікті тұрпат алады. Олай болса, мектеп қабырғасында, ана тілінде осы сөздерді оқып, жаттап, оның графикалық образын санасына сіңіріп алған қазақ баласы бұларды ағылшын, француз, неміс, түрік, әзербайжан, өзбек мәтіндерінен көргенде, бірден тани кетеді. Бұл интеграцияланудың, жаһанданудың талаптарына жауап беретін жаңалық болмақ. Мәселен, ОЭСР құрамындағы 38 мемлекеттің 34-і латын графикасын қолданады екен. Демек, көшбасшы экономикалық кеңістікте қазақ тілінде латын әліпбиімен жазылған мәтіндер, осы дамыған елдер үшін мазмұны түсініксіз болса да, графикалық келбеті психологиялық дискомфорт туғызбайды. Жазу реформасы ұлттану үдерісіне де жауап береді: 5 жастан хат таныған бала енді ана тіліндегі мәтіндерді 42 әріппен емес, 31 әріппен жазып-сызады, тілдің барлық деңгейінде тиімді өзгерістер жүзеге асады. Атап айтсақ, қосамжар орфографиядан арылып, ұлттық орфография жаңғырады: kompüter, änşi, äktör; қазақ жазуы әлемдік жазу кеңістігіне енеді: Almaty, Alatau, Zaіsan, Saryarqa, qazaq; отандық экономикалық дискурс әлемдік алаңда танымал болады: «Rahat», «Dastarhan»; шеттілдік сөздердің тұрпаты түпнұсқа тілге жақындайды; кәсіпкерлік қызмет, тауар, марка, атаулары әлемге танымал графика түрімен жазылады; маңдайшалар, ономастикалық атаулар қазақ тілінде жазылады; ауызша сөзде ұлттық акцент жаңғырады: Абай-Abai, Ыбырай-Ibyrai; шеттілдік сөздер ұлттық айтылым нормасына жақындайды: альбом – älböm, Вольт – Völt; шеттілдік ономастикалық атауларды транслитерациялауда түпнұсқаны тікелей басшылыққа алуға мүмкіндік туады: Гондурас (исп. República de Honduras), Гамбург (нем. Hamburg) және т.б.; түпнұсқадан алу көп жағдайда тіліміздің төл заңдылықтарына да бағынады: Бангладеш (брит. [ˌbaŋɡləˈdeʃ]), Вашингтон (Washington) т.с.с.; аударма ісі жеңілдейді, себебі қазақ тілі мен түпнұсқа тілдегі (ағылшын) термин сөздердің сәйкестігі артады; қазақ жазуының дизайндық алуантүрлілігіне жол ашылады; шетелдік қазақ ирредентасы мен диаспораларының бірегейленуіне мүмкіндік туады. Қорыта айтқанда, жаңғырған тіліміз ұлтымыздың жарқын болашағына жаңа серпінмен қызмет етеді.
Әңгімелескен Айым БЕКТҰР