Қазақстанда жас мамандарға арналған Талдау мектебіне қабылдау үшін конкурс жарияланды. Жобаның мақсаты – аналитикалық зерттеулер мен талдамалық мәтіндерді дайындау тәсілдерін жетілдіру.
Жаңа жоба Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының бастамасымен қолға алынып отыр. Кезекті отырыстардың бірінде Клуб мүшелері мемлекеттік басқарудағы талдау тәсілдерін, гуманитарлық зерттеулерді және БАҚ-ты күшейту қажет екенін айтып, жас мамандардың талдау дағдыларын қалыптастыруға арналған қоғамдық жобаны іске асыруды ұсынған еді. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев сарапшылардың бұл бастамасына қолдау білдірді.
Сенат Спикері Мектеп аясында жас мамандар сапалы талдаулар жүргізіп, осы бағыттағы қабілеттерін шыңдауға мол мүмкіндік алатынын атап өтті.
«Бұл жоба, ең алдымен, талдау материалдарын дайындауда белгілі бір тәжірибесі бар және өз қабілеттерін арттырып, жаңа тәсілдерді меңгергісі келетін жас зерттеушілер мен сарапшылар үшін пайдалы бастама. Сол арқылы олар өз дағдыларын мемлекеттік органдардағы сапалы талдауларға қойылатын талаптармен салыстырып тексере алады. Мектепте дәріс оқу үшін қазақстандықтармен бірге шетелдік мамандарды да жұмылдыру көзделіп отыр. Осындай тың бастамалар жас мамандардың жұмысына тың серпін береді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Жоба серіктестерінің қатарында бірқатар жоғары оқу орындары бар. Мектепте оқыту дәрістер, тренингтер және шеберлік сабақтары форматында жүргізіледі.
Дәріскерлер мен тәлімгерлер қатарында қазақстандық және шетелдік белгілі аналитиктер болады. Талдау мектебінің жұмысы 2022 жылдың қаңтар айында Нұр-Сұлтан қаласында басталады.
Іріктеу кезінде бұған дейін талдау құрылымдарында, мемлекеттік басқару жүйесінде, ұлттық компанияларда, ғылыми институттарда және БАҚ-та жұмыс істеген кандидаттарға басымдық беріледі.
Өтінімдерді қабылдау 2021 жылдың 10 желтоқсанына дейін жүргізіледі. Конкурс бойынша толық ақпаратты Парламент Сенатының сайтынан және Палатаның әлеуметтік желілердегі парақшаларынан алуға болады.