Шығыс Қазақстан облысында мая-мая шөп жанып кетті. Түнде тұтанған өрт 125 тонна қыстық мал азығын күлге айналдырған, - деп хабарлайды КТК арнасы.
Қурап тұрған шөп лезде күш алған. Өрт сөндірушілер өртпен бес сағат бойы арпалысқан. Үйілген пішенді сақтап қалу мүмкін болмады. Қазір шаруа қожалығына келген шығын көлемі есептеліп, өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Ал мамандар биыл шөп өртену дерегі көбейгенін айтады.
"Облыста биыл 4 мың тоннадан астам шөп өртенді. Осы орайда, ТЖД, халықтан сұрайтынымыз: шөпті сақтаған кезде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Өйткені, осындай өрттер тез арада жанып, жақын тұрған құрылыс нысандары мен үйлерге тарап кетуі мүмкін", - деді ШҚО ТЖД күштер мен құралдарды басқару орталығы бастығының орынбасары Нұржан Кәрімов.