Өткен күнді еске алсақ...
Ең әуелі өткен күнге шегініс жасап, оқиға желісін еске түсірсек. 2011 жылдың 12 қарашасы күні сағат 11.53-те облыстық Ішкі істер департаментінің полиция бөліміне Қазыбек би көшесі бойындағы «Мәке» дүкенінен шақырту түседі. Оқиға орнына «Бүркіт-1» жедел жасағы 2 минутта жетіп, өлі адамның денесін табады. Араға 5 минут салып, «У дяди Вити» дүкеніне қарулы адам басып кіріп, есік алдынан ВАЗ-21099 маркалы көлікті мініп кеткені туралы екінші шақырту түседі. Бұл жерге «Бүркіт-3» жасағы жетіп, автокөлік нөмірі бойынша барлық патрульдік полицияға хабар береді. Сағат 12.15-те Лұқманов көшесінің қиылысында атыс болып жатқаны туралы тұрғындардан қоңырау түседі. Аталған орынға жеткен «Бүркіт-3» жасағының сержанты К.Мырзалиев екі тәртіп сақшысының өлі денесін табады. Осыдан кейін «Дабыл» белгісі іске қосылып, Ішкі істер департаментінің бүкіл құрылымдық қызметкері лаңкесті құрықтауға кіріседі. Сағат 12.33-те белгісіз азаматтың Төле би көшесі бойындағы «Триумф» сауда үйінің маңында автоматтан атты әскерге оқ жаудырып жатқаны туралы жедел хабар түседі. Оқиға орнынан ізін суытпақ болған лаңкес Мақсат Кариевті бейнебақылау камерасы Абай мен Қазыбек би көшесінің қиылысынан анықтайды. Міне, осы жерге бірінші болып жеткен полиция капитаны Ғазиз Байтасов қылмыскермен қақтығысқа түсіп, соңы оның қолындағы гранатасын көріп, жарылғыш затты кеудесімен жауып қаза табады. Осылайша, лаңкес Мақсат Кариевті тоқтату үшін құзырлы орган өкілдеріне 59 минут қажет болады. Осы аралықта ол екі тұрғын мен бес тәртіп сақшысын өлтіріп, үш полицейді жарақаттаудан бөлек, РПГ-26 гранотометімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментінің ғимаратын да жарып кетеді. Абырой болғанда, мұнда адам шығыны болған жоқ.Ерлердің есімі ел есінде
Жалпы, лаңкес Мақсат Кариевке қатысты көп ақпарат құпия қалды. Алайда Тараздағы терактіні ол жалғыз ұйымдастырмағаны кейіннен белгілі болып, бес сыбайласы ұсталды. Ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы Бақытжан Жаппаров өмірбақиялық бас бостандығынан айырылса, қалғандары 18-25 жыл аралығындағы жазаны арқалады. Ал ерлікпен қаза тапқан Жол полициясы жеке батальоны 1-ші взводының командирі Ғазиз Байтасовқа Елбасының Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілсе, Тараз қалалық Ішкі істер басқармасы әкімшілік полиция бөлімі қоғамдық тәртіпті сақтауды және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімшесінің инспекторы Самат Алашев ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Сондай-ақ өзге де сарбаздар түрлі деңгейдегі құрметке ие болды. Бұдан бөлек, Ғазиз Байтасовтың құрметіне облыстық Полиция департаментінің мұражайынан арнайы бұрыш ашылып, оның заттары мен құқық саласында еңбек еткен жылдарындағы естелік суреттері қойылған. Сондай-ақ «Халық қаһарманының» құрметіне еңселі ескерткіш те бой көтерді. Тағы бір айта кетерлігі, қылмыскерді құрықтау кезінде қаза тапқан күзет басқармасы қызметкерлеріне арналып мемориалды тақта ашылды. Онда Полат Аянқұлов пен Жақсыбек Байсейітовтың есімі жазылған. Қос полицей қызметтік көлікпен лаңкес Кариевті аңдып жүрген жерінде оққа ұшқан болатын. Ал биыл Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Таразда бейбіт тұрғындарды құтқару жолында өз өмірін құрбан еткен ҰҚКД қызметкерлері Мұхтар Халиев пен Сергей Касьяненкоға арналған ескерткіш-монумент бой көтерді. Олар діни экстремистермен байланысы бар деген күдікке ілінген қылмыскер Кариевке сыртқы бақылау жүргізу кезінде ажал құшып отыр.Қарашадағы қанды оқиға қайталанбас үшін...
Қарашадағы қанды оқиғаның қайталанбауы үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр? Бұл тұста ең бірінші діни ахуал басты орынға қойылатыны белгілі. Облыстық Дін басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, биыл өңірде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және конфессияаралық келісімді нығайту мақсатында 400-ден аса іс-шара өткізіліп, 19 мыңға жуық адам қамтылған екен. «Кибербақылау» бағдарламасы арқылы интернет кеңістігінде 3 253 деструктивті контент анықталып, оның 81 пайызы бұғатталған. Сондай-ақ «Талдамалық интернет карта» бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік желілердегі деструктивті діни топтарға тіркелген облыстың 8 277 тұрғыны шығарылған. Оның 2 427-і – жастар. Бұдан бөлек, діни бағытта сауатты видеоконтенттерді әзірлеу үшін арнайы студия ашылып, YouTube желісінен «Әулие-Ата» діни танымдық бағдарламасы іске қосылған. Тағы бір айта кетерлігі, 2011 жылдан бастап жамбылдықтардың шетелде діни білім алу мақсатында бақылаусыз аттануы тежелген. Жамбылда алдағы уақытта мешіт құрылысын жүргізуге рұқсат етілетін 24 елді мекен белгіленіп, басқа жерлерде мешіт салуға жол берілмейтін болып отыр. Сонымен қатар карантин жеңілдетіліп, мешіттерде жұма намазын оқуға рұқсат етілгенімен, уағызды тек мемлекеттік тілде жүргізу міндеттелді. Олардың қатарына Қордай ауданында дүнгендер баратын 35 мешіт бірінші кезекте енгізілген. Бұдан бөлек, соттың шешімімен діни сипаттағы террористік және экстремистік деп танылатын 27 ұйым туралы үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, 136 азамат қоғамға қайта бейімделген. Олардың қатарында түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан 14 радикалды көзқарастағы сотталушылар да бар. Тағы бір айта кетерлігі, биылдың өзінде «Мамыр - Антитеррор», «Қараша-Антитеррор», «Шекара - Антитеррор» сияқты ауқымды шаралар ұйымдастырылып, террорлық акт бола қалған жағдайдағы құрылымдық мекемелердің өзара әрекеті пысықталды. Сондай-ақ лаңкестік әрекет кезіндегі тұрғындардың қорғануы туралы жадынамалар таратылып, арнайы түсірілген видеороликтер де көрсетіліп жатыр.Бейбіт күннің батырларына құрмет толастамайды
Бейбіт күннің батырларына құрмет ешқашан толастамақ емес. 2011 жылғы қарашадағы оқиғадан кейін құзырлы орган өкілдері біркүндік айлық жалақыларын аударып, қаза тапқандарды жерлеу мен жаралылардың еміне барынша көмектесті. Сондай-ақ облыс әкімдігінің жеке қорынан және заң шеңберіндегі төлемдердің барлығы туыстарына аударылды. Одан бөлек, «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовтың отбасына «Астана» ықшамауданынан пәтер берілді. Ал 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа жасаған іссапары кезінде Ғазиз Байтасовтың отбасына арнайы кіріп, оның жұбайы мен ұлдарына батырдың ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын айтты. Бүгінде қаһармандардың жақындарына әріптестері барынша қарайласады. Мереке сайын материалдық һәм моральдық тұрғыда көмектеседі. 11 қараша күні Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған тәртіп сақшылары арасында волейболдан жарыс өтсе, ертесіне Қазыбек би көшесінің бойындағы Байтасов қаза тапқан жерде ескерткіш тақта ашылды. Сондай-ақ бейбіт күн батырларының рухына тағзым етіліп, гүл шоқтары қойылды. Шарада Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Мұрат Баймұқашев сөз алып, батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын, олардың есімі ел тарихында алтын әріппен жазылғанын баса айтты. Бұдан кейін велошерушілер «Жеңіс» саябағынан бастап сол бір қараша күні тәртіп сақшылары жүрген жолмен жүріп өтті. Иә, ерлердің ерлігі ел есінде. Бейбіт күннің батырларына қандай құрмет көрсетсе де, артықтық етпейді. Олардың жатқан жері жайлы, жандары пейіште шалқысын деп дұға етеміз.Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы