«Диплом басып шығаратын фабрикалар» мәселесі жиі көтеріледі. Кейбір университеттер пайда табуды ғана көздеп, білімнің сапасын тым төмендетіп жіберді. Төрт жылдан бері Академиялық адалдық лигасы жұмыс істеп келеді, тиісті әдістемелік аппарат әзірленді. Оны пайдалана отырып, біз жөн-жосықсыз жұмыс істейтін жоғары оқу орындарын жаба аламыз», – деді Талғат Нәрікбаев.Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова партияның сайлауалды бағдарламасында Петропавл мен Шымкентте Nazarbayev University үлгісі бойынша екі озық университет салу көзделгенін еске салды.
«Бұл жерде өңір жастары үшін жоғары білімнің қолжетімділігін күшейтетін толыққанды ұйымдар туралы айтып отырмыз. Бірақ басқа университеттерге осындай оң тәжірибені қабылдауға ештеңе кедергі келтірмейді ғой. Сонымен қатар пандемияның оқу процесіне әсері туралы ұмытпаған жөн, студенттерді оқыту сапасының төмендеуіне жол бермеу керек», – деді Жұлдыз Сүлейменова.Жиын барысында кеңес мүшелері ғылымды дамыту мәселелерін де талқылады. «Nur Otan» сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде Ұлттық ғылыми кеңестер (ҰҒК) мүшелерінің құрамы 85%-ға жаңартылды, Үкімет қаулысымен ҰҒК ережесі, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидалары қабылданды. Сондай-ақ ғылыми-техникалық қызметті базалық, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру қағидалары әзірленіп, жас ғалымдарға 1 мыңнан астам грант бөлінді, ал жыл соңына дейін 13 ғылыми ұйымның аудиті аяқталады. Ал сол кезде ғылыми кадрларды даярлау тетігі жаңартуды қажет етеді.
«Қазақстанда диссертация тақырыбы докторантурада оқу басталған алғашқы айда Білім министрінің бұйрығымен бекітіледі де, содан кейін тақырыпты өзгерту мүмкін емес. Алайда зерттеу барысында гипотеза да, әдістер де 10 рет өзгереді. Кеңестік жүйеден Болондық білім беру жүйесіне көшу барысында біз орта жолда тоқтап қалып, түсініксіз гибридке тап болғандаймыз», – деп атап өтті кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Зульфия Сүлейменова.Жиын қорытындысы бойынша кеңес Білім және ғылым министрлігіне, сондай-ақ басқа да уәкілетті органдарға айтылған барлық ескертуді, бастаманы ерекше бақылауға алуды және оларды іске асыру жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Ерке ЕРҚОҢЫР