«Көгілдір отын» ел көсегесін көгертеді
«Көгілдір отын» ел көсегесін көгертеді
397
оқылды
Әлем «жасыл» энергетикаға ден қойды. Күні кеше БҰҰ-ның климаттың өзгеруі туралы 26-конференциясында (COP26) барлық тәуелсіз ел қорытынды мәлімдемеге қол қойды. Онда қоршаған ортаны ластайтын көмір энергетикасынан кезең-кезеңмен бас тарту, экологиялық таза отын түрлеріне ба­сым­дық беру, сөйтіп жер қызуын 1,5 градусқа дейін төмендетуге күш салу көзделген. Бұл ретте Елбасының 2018 жылы қолға алын­ған, көмір жағып келген өңірлерімізді «көгілдір отынға» көшіруді қарастыратын «Сарыарқа» жобасы көреген қадам болды.

Қазақ жері газға бай

«Nur Otan» партиясының «Өз­герістер жолы: әр азаматқа ла­йықты өмір!» атты сайлауалды бағдарла­масында елді газдандыру мәселесіне баса мән берілген: Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Көкшетау, Өскемен, Пав­лодар, Петропавл және Семей қалаларының тұр­ғын­дары табиғи газға қол жеткізетіні белгіленді. Қазақстанды кең ауқымды газ­дандыру мәселесінің маңызын Ел­басы – партия Төрағасы Нұр­сұл­тан Назарбаев «Nur Otan» партия­сының 2019 жылғы 27 ақпандағы кезекті XVIII съезінде атап өтті: ол шамамен 1,1 миллион қазақстан­дықтың үйі газбен жабдықталуы керегін мәлім етті. Бүгінде Елбасы қойған бұл міндеттер орындалуда. Қазақ жері газға аса бай. Қазіргі табылған көлемінің өзі шамамен 70 жылға жетеді. Қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстанда алуға келетін 3,8 триллион текше метр газ қоры бар деп бекітті. Әле­ует­ті ресурстары 6-8 трлн текше метр­ге дейін жетеді. Газ қоры жө­ні­нен Қазақстан әлемде 22-орын­да. Ал ТМД бойынша 3-орында тұр (Ре­сей және Түрікменстаннан кейін). Тәуелсіздік алған 1991 жылы елде 7,9 млрд текше метр «көгілдір отын» өндіріліпті, ал 30 жыл өт­кенде ол 56 миллиард текше метрге жуықтады. Құрылымы бойынша өнді­рілетін қазақстандық газ негізінен, «ілеспе мұнайлық газ» болып ке­леді. Ал тек газды және газды кон­денсатты кен орнына Амангелді және Шағырлы-Шөмішті кен орындары жатады. Бүкіл барланған газ қорының 98%-ы Қазақстанның батысында шоғырланған. Соның ішінде 87%-ы – ірі мұнай-газ және мұнай-газды конденсатты кен орындарына тие­сілі. Нәтижесінде, республикада өндірілген «көгілдір отынның» 90%-ына жуығын Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз және Жаңажол жо­балары қамтамасыз етіп отыр. 2020 жылы ілеспе мұнай газы­ның шамамен 31%-ы қабаттар ара­сындағы қысымды ұстап тұру үшін жерастына кері айдалды. 14%-ын – жер қойнауын пайдаланушылар төл технологиялық мұқтаждықтарына, өзі үшін электр энергиясын өнді­руге және кәдеге жаратуға бағытта­ды. Қалған 55%-ы өңделді. Былтыр өңделген газдың 62%-ы ішкі на­рыққа, 38%-ы экспортқа жөнелтіл­ген екен. Дегенмен Энергетика ми­нистрлігінің мәліметінше, биыл «кө­гілдір отын» тапшылығының туын­­дауына орай өңделген газ то­лы­ғымен отандық нарыққа жібе­рілуде. Энергетикалық қауіпсіздікті сақтау, өскен тұтынысты қамту және газ саласын тұрақты дамыту үшін ресурстық базаны кеңейту қажет. «Шикі газ өңдеуді және та­уар­лық газ жасауды Қаламқас-Теңіз, Прорвинск кен орындары тобы, Өріктау секілді қазірден игеруге дайын, барланған жаңа кен орын­дары есебінен ұлғайту жоспарлан­ған. Бұған қоса, 172 млрд м3 қоры бар, шекарадағы Имашев кен ор­нында барлау жүргізіліп, зерттеледі. Қашаған кен орнын кеңейту жо­баларының тұжырымдамасы ілеспе шикі газды коммерцияландыруды басымдық ретінде белгілейді. Қазір «ҚазТрансГаз» АҚ-мен бірлесіп, шикі газдың жылына 1 млрд текше метрін өңдейтін зауыт салу бо­йынша инвестициялық шешім қабылданды», – деп түсіндірді министрлік.

Елдің жартысы газға көшті

Бүгінде Қазақстанды газдан­ды­рудың 2015-2030 жылдарға ар­нал­ған Бас схемасы жүзеге асырылып отыр. Үкіметтің тапсырмасы бо­йынша, Энергетика министрлігі 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін осы бас схеманы өзектендіріп шы­ғады. Өйткені бұл құжатта «Са­рыарқа» секілді ірі жобалар еске­рілмеген. Бас схемаға сәйкес, ор­та­лық және солтүстік өңірлерді газ­дандыру үшін «Тобыл – Көкшетау – Астана» бағытындағы жаңа газ құбырын салу жоспарланған бо­латын, алайда енді бұл «Сарыарқа» құбыры есебінен жүзеге асырылмақ. Әзірге, қолданыстағы бас схе­маның шынайы сценарийінде 2030 жылға дейін Қазақстан халқының 56%-ы газбен қамтылады деп жоспарланған. Жаңа салынатын газ құбырларының жалпы ұзындығы шамамен 29 мың шақырымды құ­рамақ. Шамамен 1,6 мың елді ме­кен газбен жабдықталады. Бірақ жос­пар асыра орындалатын түрі бар.

Сыр мен Сарыарқаның серіктестігі

2018 жылғы 11 желтоқсанда Ел­басы Н.Назарбаев телекөпір ар­қылы «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құрылысын бас­тап берді. «Бұл – біздің аса ірі жобамыз. Газ өндіруші саналатын мемле­кетіміз Қазақстанның орталығын газдандыруға назар аударып отыр. Бұл – өршіл жоба, ол халықты көгілдір отынмен қам­тамасыз етіп, өнеркәсіптің кө­те­рілуіне үлес қо­сады», – деді Тұң­ғыш Президент. Елбасы қойған міндетті және ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Игі­лік баршаға! Сабақтастық. Әділ­дік. Өрлеу» сайлауалды бағдар­лама­сын­дағы тапсырмасын орын­дау ая­сында 2019 жылғы жел­тоқсанда «Сарыарқа» магистралды газ құбы­рының І кезеңінің құ­рылысы уа­қытылы аяқталып, іске қосылды. Яғни, 1 061,3 шақы­рым­ға созылған газ құбыры Қы­зыл­ордадан бастау алып, Нұр-Сұл­танға жетті. «Сарыарқаның» І кезеңі елор­даны ғана емес, сондай-ақ еліміздің орталық және солтүстік өңірлерінің бір бөлігін экологиялық таза отын түрімен жабдықтауға мүмкіндік бер­ді. Бұл – тәуелсіздік жылдарын­дағы еліміз үшін елеулі, тарихи маңызды оқиғалардың бірі. Осы­ның арқасында 2021 жылғы жағдай бойынша ел халқын газдандыру деңгейі 53,07%-ға жетті! 9,8 мил­лион адам табиғи газға қол жеткізді. Соның ішінде 6 өңірдің газдан­ды­рылуы 90%-дан асқан! 2010-2020 жылдары ішкі на­рықта газ тұтыну көлемі 9 млрд м3-ден 17,2 млрд м3-ге дейін – 91%-ға өсті. Сондай-ақ ел Үкіметінің 2018 жылғы 29 қарашадағы №797 қаулысымен бекітілген, табиғи газды мотор отыны ретінде пай­далануды кеңейту жөніндегі Іс-шаралар жоспары іске асырылуда. Қазір «Сарыарқа» газ құбыры­ның ІІ және ІІІ кезеңінің құры­лысын салу пысықталып жатыр. Ол іс Энергетика министрлігі жыл соңына дейін өзектендіретін бас схемаға сүйенетін болады. «Енді солтүстік өңірлерді газ­дандыру үшін газ құбырының екін­ші және үшінші кезеңдеріне кірісу пысықталуда. «Сарыарқа» газ құ­бырының бірінші кезеңінің газ трас­сасы бойында Нұр-Сұлтанда, Қа­рағанды және Ақмола облыс­тарында газ тарату желілерінің құ­рылысы өрістеуде», – деп хабарлады Энергетика министрлігі. Бас қаланы газдандыру 3 ке­зекке бөлінген. Нұр-Сұлтан әкім­дігінің мәліметінше, 3 қарашада елордада мыңыншы абонент газға қосылды. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-мен бірге былтырдан бері тұрғын үйлерді газға кезең-кезең­мен қосу жұмысы жүргізілуде. Бі­рінші кезекте 9 мың жеке тұрғын үй газға қосыла алады. Бұған дейін Көктал-1, Көктал-2, Теміржол­шы­лар, Агроқалашық (бір бөлігі), Промышленный және Оңтүстік-Шы­ғыс елді мекендерінің тұрғын­дары осы мүмкіндікке ие болды. Ал қарашада Оңтүстік-Шығыс, Агро­қалашықтың қалған бөліктері қамтылады. Сондай-ақ Күйген­жар, Мичурино, Интернацио­наль­ный­ды газбен жабдықтау желілерінің құрылысы жүргізілу­де, олар жыл соңына дейін іске қосылмақ. Сонда 5 мың жеке үйге газ барады. Жалпы, бұл салада реформалар қолға алынуда, жаңғырулар жүруде. Мысалы, «ҚазТрансГаз» ұлттық газ компаниясына айналады: геоло­гиялық барлаудан дайын өнім шығаруға дейінгі бүкіл жұмысты сол атқарады. Президент жуырда «ж­аңа кен орындарын игеруде ба­сымдық құқығын «ҚазТрансГазға» беру» ұсынысын мақұлдады. Қазақ газ өңдеу зауытының базасында салынатын жаңа газ өңдеу зауыты 2023 жылы пайдалануға берілуі тиіс. «Қазақстанның газ саласын да­мытудың 2030 жылға дейінгі ке­шенді жоспары» бекітілетін болады. Ендеше «жасыл» энерге­ти­каға кө­шуде Қазақ елінің қарқыны жаман емес деуге болады.

Елдос СЕНБАЙ