Мазут сатқандар кім?
Мазут сатқандар кім?
Жыл сайын отынды заңсыз сатудан мемлекет миллиардтаған бюджет қаражатын жоғалтады екен. Қылмыс жасаушылар бюджеттік төлемдер жүргізбей, рұқсатсыз, құжаттарсыз мұнай өндіру және сатудың әртүрлі қылмыстық схемасын пайдаланады. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Агенттік осындай схемаларды анықтап, олардың жолын кесіп келеді. Жуырда агенттіктің Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері шығу заңдылығын растайтын құжаттарсыз 180 тоннадан астам мазутты сату дерегін анықтады. Alma Oil Trading ЖШС директоры Ж.Нақыпов ҚР ҚК-нің 197-бабымен қарастырылған қыл­мысты жасаған. Ол белгісіз тұлға­дан жалпы 17 млн теңгеден астам сомаға мазут сатып алып, кейіннен оны Жамбыл облысындағы Сарысу ауданы әкім­дігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жол­дары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне заңсыз сатқан. Ж.Нақыпов сот үкімімен кінәлі деп танылып, 3,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына тартылды.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы