Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде белгілі қазақстандық мүсінші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Ескен Сергебаевтың «Тәуелсіздік – тұғырым!» атты жеке көрмесі ашылды. Көрме Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен шебердің туғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.
Экспозицияға автордың Ә.Қастеев атындағы музейдің қорындағы және автордың өзінің әр жылдардағы 70-ке тарта шығармасы қойылған. Мүсінші Е. Сергебаев ең алдымен бейненің эпикалық күші өмірдің өтпелі сәттерінің романтикалық сезімдерімен үйлесетін монументалды жұмыстарымен танымал. Ол – Алматы қаласындағы М.Әуезовке, әл-Фарабиге, Абайға, Т.Жүргеновке, тағы басқаларға қойылған ескерткіштердің авторы. Сонымен қатар мүсінші қондырғылы пластика саласында да өнімді еңбек етіп келеді. Мүсіншінің белсенді шығармашылық қызметі 1960 жылдары, өнерге талантты суретшілер мен мүсіншілердің жаңа буыны келген кезде басталды. Е.Сергебаевтың ертеректегі «С.Айтбаевтың портреті» (1967), «Абай» (1968), «Замандастың портреті» (1972) композициялары формасының жалпылығымен, сұлбаның орнықтылығымен және тұтастығымен, ішкі энергетикасымен және автордың зымыраған уақыт сезімін, әкелер мен балалар ұрпақтарының рухани сабақтастығының маңызын жеткізуге ұмтылысымен ерекшеленеді. 1980 жылдардағы еңбектерінде шебер монументалды стильге, өткен мен бүгінді философиялық пайымдауға бет бұрады. Қазақстан Көркемөнер академиясының толық мүшесі Е.Сергебаев оқытушылық қызметті әлі күнге дейін қатар атқарып келеді. 1969 жылдан бастап Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде, ал 1978 жылдан театр және көркемсурет институтында оқытушы, кейіннен доцент болып жұмыс істеді. 2010 жылдан бастап бүгінге дейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында мүсін кафедрасының меңгерушісі, профессоры қызметін атқарады.Көрмеге келушілерге Е.Сергебаевтың туындыларының альбом-каталогі ұсынылады. Көрме желтоқсан айының 12-не дейін жалғасады.
Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы