Жамбыл облысындағы тасжолда қатты жел салдарынан "Газель" аударылып қалды. Ал Таразда адамдар жел екпініне шыдамай құлап жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жамбыл облысында түсірілген кадрлар әлеуметтік желіде пайда болды. Мұнда жел екпіні секундына 30 метрге дейін күшейген.
Желіде жарияланған видеолардың біріне ер адам мен әйел түсірілген. Олардың бірі қатты желден аяғына тұра алмай, құлап, бірнеше метрге ұшып кетеді. Әйелдің қасындағы ер адам көмектесуге тырысады, бірақ ол да желге қарсы тұра алмайды.
Тағы бір видеода Тараз көшелерінің бірінде ағаш электр сымдарына құлап, оны үзген сәті көрсетілген. Кейін сымдардан ұшқын шашылады. Алайда бұл көлік жүргізушілеріне кедергі болмады, олардың ешқайсысы тоқтап, төтенше жағдайды айналып өтуге тырыспайды.
Тағы бір тұрғын Абай даңғылы мен Қашқари көшесі қиылысында қатты жел тұрғын үй шатырын ұшырып әкеткенін жазады.
Куәгерлер тасжолдардың бірінде "Газель" көлігі аударылып кеткен сәтін видеоға түсіріп алған. Видео авторы көлік бос болуы мүмкін екенін, сондықтан оңай аударылып кеткенін айтады.
Ал, полицейлер оқиғаның нақты қай жерде болғанын және "Газель" жүргізушісінің жағдайы қалай екенін анықтап жатыр.
Бұған дейін Жамбыл облысында дауыл болатыны туралы ескерту жарияланғаны хабарланған еді.
https://www.youtube.com/watch?v=8yhXiLvWu_Q