Петропавл қаласының тұрғыны алаяқтарға алданып, бірнеше банктен 10 миллион теңгеге кредит рәсімдеді. Артына "резервтік есепшотқа салдым" деген ақшасы ұшты-күйлі жоғалды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты.
Ер адам алаяқтар телефон арқылы алдайтынын естіген. Алайда, өзіне хабарласқанда, арбауына қалай түскенін байқамай қалды. Тұтқаның арғы жағынан бейтаныс біреу банктің қауіпсіздік қызметі атынан сөйлеп, ірі көлемде кредит рәсімделгенін айтқан. Осы операцияны тоқтату үшін несие лимитін таңдау керек екен.
Содан зәресі ұшқан қала тұрғыны бірнеше банктен 10 миллион теңгеге кредит алып, "резервтік есепшотқа" салған. Кейін бар ақшасынан айырылып қалған.
"Алаяқ белгісіз біреулер сіздің әрбір қадамыңызды аңдып отыр, WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып отырғаным да сол деп, жәбірленушіні әбден сендірген. Олардың психологиялық шабуыл жасау тәсілдері күн сайын өзгеріп тұрады. Ал негізгі мақсаты бір – адамға ойлануға да мүмкіндік бермеу. Сөйтіп, айтқанын істетеді", – дейді полицейлер.
Осы орайда, тәртіп сақшылары аса сақ болуға үндеді. Сондай-ақ, маңызды бір мәселені естен шығармаған жөн. Банктің қауіпсіздік қызметінің мамандары олай хабарласып, ешқашан қандай бір қаржы операцияларын жасауды талап етпейді.