Кеңестік жүйені «гигантомания» құртты
Бүгінде 2025 жылға дейін Қазақстан халқы 100%-ға сапалы ауызсумен қамтамасыз етілуі тиіс деген міндет қойылып отыр. Бұл шешім «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында қарастырылған. Алайда Елбасының көшбасшылығымен еліміз пәрменді шаралар қабылдап, тегеурінді қимылдамағанда, Қазақстан әлемдегі ең судан тарыққан мемлекеттің біріне айналып кетуі мүмкін еді. 90-жылдары Қазақстанда қала тұрғындарының шаруашылық ауызсумен қамтылуы 83%, ауылда 60% болыпты. Бірақ кеңес заманында сумен қамтылды деп есептеу үшін әр үйге құбыр жеткізу міндет емес-тін. Ауыл ішінде бір-екі құдық не колонка болса, ол сумен жабдықталған деп санала беретін. Кейін тәуелсіздік жылдары жүргізілген түгендеу жұмыстары басқа көріністі әшкереледі: қағаз жүзінде «сумен қамтылған» деген елді мекендердің не лас су тұтынып отырғаны немесе ол жүйенің әбден тот басып, істен шыққаны анықталған. Қалалардағы тұрғын үй қорының су құбырларымен жабдықталуы біраз облыста 35%-дан аспайтын болып шықты. Қала тұрғындары да суды тасып ішетіні, ашық су тоғандары суын пайдаланатыны мәлім болды. Жалпы алғанда, кеңес заманында тартылған топтық су құбырларының жалпы ұзындығы 90-жылдардың басында небәрі 17,1 мың шақырымды құрады. Қазақстанда 1 276 ауыл мен кент қана топтық құбыр сумен қамтылған. Қызыл империя «гигантомания» кеселіне ұшырағаны мәлім. Бұл тіпті сумен жабдықтауда да көрініс тапты. Мысалы, еліміздің солтүстік облыстарында жалпы ұзындығы 6 мың шақырымнан асатын, Есіл, Преснов, Булаев және Беловод топтық су құбырларын біріктіретін алып тораптар тұрғызылды. Батыс Қазақстан облысында ұзындығы 1,7 мың шақырымдық Фурманов, Тайпақ және Камень сияқты ірі топтық су құбыры пайдаланылды. Ақмола облысының 73 ауылын сумен жабдықтау үшін ұзындығы тиісінше 1 125,6 және 406,4 шақырымға созылған Нұра және Сілеті топтық су құбырлары салынды. Кеңес кезінен қалған ауылдағы барлық ірі су құбыры мемлекеттік дотация есебінен ұсталды. КСРО ыдыраған соң олар да тоқырай бастады. Сол тұста Үкімет сарапшыларының байламдары, түгендеу қорытындылары төбе шашты тік тұрғызады. Ауыл тұрғындары кеңес кезінен бері негізінен, шегенді құдықтардың, ашық су тоғандарының суын және тасымалданатын суды тұтынды. «Водовоздар» сол замандағы өмірдің басты бір атрибутына айналды, оларға тіпті ән арналғанын білесіз. Бірақ мұндай судың зияны болуы ықтимал: ол тазартудан өтпейді, «санитарлық сенімдік дәрежесі өте төмен». «Бірқатар су құбыры мен олардың жекелеген тармақтарының қолданыс мерзімі біткен. Ал қалғанының құбырлары мен құрылыстарының тозу деңгейі 70% және одан да жоғары. Сондықтан апаттар саны жиілеп кетті. Жоғары апаттық жағдай судың қайталап ластануына, су беруде ұзақ мерзімді іркілістерге, жүйелерде 30 және одан да жоғары пайызға жететін үлкен ысыраптарға ұрындырады, ол ақырында судың 1 текше метрінің өзіндік құнының өсуіне әкеледі. Кейбір аймақ тұрғындары ауызсуға өте зәру, жете тазартылмаған суды ішуде», – деп жазылған Үкіметтің 90-жылдардағы жай-күйді сипаттаған құжаттарында. Бірқатар қаладағы сумен жабдықтау жүйелері ұзақ пайдалануға, су тазарту технологияларының ескіруіне байланысты сапалы су нормативіне сәйкеспейтін болып шықты. Республика бойынша қолданыстағы көптеген су құбыры санитарлық талаптарға сай келмейді деп танылды. Мысалы, Жамбыл облысында – 89,7%-ы, Павлодарда – 57,1%-ы, Шығыс Қазақстанда – 50,8%-ы, Батыс Қазақстанда – 46%-ы, Қарағандыда – 36%-ы санитарлық талаптарға сай келмеген. Тіпті, Кеңес кезінде ел астанасы ретінде дәуірлеген Алматыда су құбырларының 31,2%-ы санитарлық талаптарға сай болмаған. Нәтижесінде, сол кезде көптеген ауыл топтық су құбырларының қызметінен бас тартты. Тұтынушылары қарызын өтей алмаған соң біраз елді мекенді коммуналдық ұйымдар топтық су құбырынан жаппай ажыратты. Бұрын Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының 100-ден астам кентін ауызсумен қамтып келген Беловод топтық су құбыры экономикалық қиындықтарға байланысты тоқтады. Тұтынушылардың төлем жасауға қабілетті болмауы және жекелеген тармақтарының істен шығуы кесірінен БҚО-да Фурманов, Қаратөбе және Тайпақ топтық су құбырлары, Оңтүстік Қазақстан облысында – Дарбаза және Жетісай су құбырлары және түрлі облыстарда басқалары жұмысын доғарды. Салада жаппай күйреу үрдісі белең алды. Сарапшылардың байламынша, бұған кеңестен қалған топтық су құбырларының шектен тыс ірілендірілуі, ұстап тұру үшін тым көп шығынды қажетсінуі, ондаған жылдар бойы жөндеу көрмей, техникалық тозған жағдайға жетуі, су шаруашылығы кешенін басқарудың тиімсіздігі, барланған жерасты суларының жеткіліксіздігі себепкер. Ақыр соңында, ХХ ғасыр түгесілгенде, кеңес кезінде «топтық су құбырларынан сумен жабдықталды» деген 1 276 ауыл-кенттің ішінен 513-і ғана қалыпты. Бұл деректер тәуелсіз Қазақстанның елді сумен жабдықтауды қандай қиындықтардан бастағанын паш еткендей.Қазақ елі кәусармен толық қамтылады
90-жылдардағы ауыр күйзелістен құтылып, экономика еңсе тіктеген соң Үкімет 2002 жылдан бастап «Ауызсу» мемлекеттік бағдарламасын қабылдап, жүзеге асырды. Одан кейін 2011 жылы «Ақ бұлақ», 2014 жылдан бері «Өңірлерді дамыту 2020» мембағдарламалары орындалды. Әрине, бұлардың кемшін тұстары бар. Есеп комитеті олардың түпкі мақсатына – халықты құбырмен келетін ауызсумен толық қамтуға қол жеткізілмегенін мәлімдеді. Дегенмен жетістіктері де жетерлік. Осы аптаның сейсенбісінде өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин 2021 жылдың қорытындысында ауызсумен қамту ауылдарда – 91,8%-ға, ал қалаларда 98%-ға жететінін жариялады. Қалған 1 922 ауылға сапалы ауызсу жеткізу жұмысы жалғасады. Жасыратыны жоқ, өңірлерде таза суға қолжетімділік әртүрлі деңгейде. 3 өңір – Атырау, Алматы және Қызылорда облыстары көшбасшы. Ауыл халқын ауызсумен қамту деңгейі 4 өңірде – Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында төмен. Сумен қамтуды арттыру үшін көрсеткіші төмен өңірлерге басым негізде қаржы бөлінеді. Үкімет басшысы А.Мамин ауызсумен қамтылу пайызы төмен өңірлерге, әсіресе Қостанай (64,7%), Шығыс Қазақстан (81,4%), Солтүстік Қазақстан (82,1%) және Жамбыл (82,2%) облыстарына келесі жылы көрсеткіштерін орташа республикалық деңгейге жеткізуді тапсырды. Әкімдіктерге ауылдарды сумен жабдықтау бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы уақытылы әзірлеу жұмысын жандандыру қажет екені айтылды. Алдағы бесжылдықта Қазақстан халқы 100 пайыз таза сумен жабдықталуы шарт. «Ел бойынша барлығы 6 316 ауыл бар. Оның 3 991-і орталықтандырылған сумен қамтылды, тағы 403 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылды. Сумен жабдықталмаған 1 922 ауыл қалды, олардың мәселесін шешу үшін шара қабылдануда: 793 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау (ОСЖ) жүйелерін салу жоспарланған. 200-ден аз адам тұратын шағын ауылдарда кешенді блок-модульдер қойылады. Биыл тағы 148 ауылды ОСЖ, ал халқы аз 220 ауылға кешенді блок-модуль орнату жоспарланған. ОСЖ тізіміндегі 85 ауылда гидрогеологиялық жұмыстар жүргізу қажет. Халқы аз 170 ауылда іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізу керек», – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов. Бүгінде Қазақстан бұл саланы автоматтандыру деңгейін арттыруға және инновациялық технологияларды енгізуге мән беруде. Бұл бағытта Нұр-Сұлтан және Шымкент мегаполистері барлық өңірге үлгі: оларда өндірістік процестерді автоматтандыру және есептеу құралдарын орнату есебінен тұтынушылардың қаражаты үнемделді, су шығыны мен қызмет көрсету шығындары төмендеген екен. Сумен жабдықтау міндеттері мембағдарламалардан ұлттық жобаға ауысты. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 5 жыл ішінде жалпы құны 36 млрд теңге болатын 11 топтық су құбырын салу және қайта жаңарту жоспарлануда. Нәтижесінде, 23,3 мың адамы бар 100 ауыл таза сумен қамтылады. 5 жылда шамамен 1,5 мың шақырым топтық су құбыры төселмек. Жалпы, тәуелсіз қазақ елі тек ағымдағы жоспарлармен шектелмесі сөзсіз. Өйткені жыл сайын елдегі халық саны артуда. Тиісінше су тұтыну көлемі де ұлғаяды. Тұрғындарға қайта тола бастаған кем дегенде 50 ауыл су құбыры желісін кеңейтуді қажет етеді. Бұған бюджеттен 40 млрд теңге бөлу керек. Мысалы, Ақмола облысының Қараөткел ауылы тұрғындарының саны 18 мыңға жеткен! Шағын бір қалаға айналып келеді. Алайда онда 2018 жылы салынған жаңа су құбырлары тек 8 мың адамға арналған. Сондықтан елу ауылдың әкімдеріне жобалау-сметалық құжаттаманы тез арада әзірлеу жүктелді. Мұның бәрі халқымызды ауызсудан тарықтырмаудың қамы. Азат Қазақстанның ілкімді істер арқасында бұл салада да жетістікке жеткені маңызды.Айхан ШӘРІП