Атырауда 150 млн. теңгені заңсыз иемденген ерлі-зайыптылар 5 жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласында әйел күйеуінің компаниясына үлескер болу үшін қаражат құйыңдар деп таныстарына кеңес берген. Кейін содан түскен табысты бөліп, жақсы пайда көретіндеріне сендірген. Уақыт өткен соң үлескерліктен ешқандай пайда түспеген, ерлі-зайыптылар ақшаны да қайтара алмаған. Содан кейін 18 тұрғын полицияға арыз жазған.
– Атырау облысы Полиция департаментінің қызметкерлері ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармақшасы (Аса ірі көлемдегі алаяқтық) бойынша тергеу амалдарын жүргізіп, 18 жәбірленушіге 150 млн. теңге залал келтірілгенін анықтады. Алаяқтық фактілерінің басым бөлігі тұрғындардың өз қаражаттарына деген сақтық шараларын сақтамауынан және “қаражатыңызды еселеп беремін” деген тұлғалардың нақтылығын заң жүзінде тексермеуі салдарынан болады, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
16 қараша күні Атырау қаласының №2 соты жәбірленушілердің 150 млн теңгесін алаяқтық жолмен иемденген ерлі-зайыптыларды 5 жылға бас бостандығынан айырды.