Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналды
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналды
143
оқылды
Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінде «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы – саяси тұрақтылық пен эко­номика­лық өркендеудің не­гізі ретінде Н.Назарбаев­тың құқықтық моделі» атты ха­лық­аралық ғылыми тә­жірибе­лік конференция өтті. Жиынның мақсаты – Қазақ­стан тәуелсіздігінің қалыптасуы мен дамуы мәселелерін талқылау. Конференцияға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, Н.Назарбаев қоры атқару­шы директорының орынбасары Игорь Рогов, Түркия Респуб­ликасының Конституциялық сотының төрағасы Арслан Зухту, сот және атқарушы билік органдары мен азаматтық қоғам инсти­туттарының өкілдері, сарапшылар және жоғары оқу орын­дарының оқытушы ғалымдары мен студенттері қатысты. Жиынды ашқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма Төрағасы-ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйлеп, конференцияның маңызына тоқталды. «Биыл – Қазақстан Респуб­ликасының Тәуелсіздігіне 30 жыл. Бұл еліміз үшін – ерекше кезең, тарихи оқиға. Қазақстан қысқа уақыт ішінде үлкен жолдан өтті. Дербес саяси, құқықтық жүйе орнап, құрылды. Ел бола­шағын айқындаған игіліктің барлығы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясаты­ның арқасында тиімді жүзеге асты. Бүгінде Елбасы негізін қалаған, тәуелсіздігіміздің тірегі саналатын Ата Заңымыз мемлекет пен қоғамда орын алған бар­лық қоғамдық-саяси, әлеу­меттік-экономикалық дамудың бастауына, қозғаушы күшіне айналды» – деп атап өтті университет ректоры. Шара барысында сөз сөйлеген Конституциялық Ке­ңес­тің төрағасы Қайрат Мәми конферен­цияға жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтап, ыстық лебізін білдірді. Сонымен қатар Жансейіт Түй­мебаев Қазақстан тәуелсіз­дікке қол жеткізгенде алғаш құттықтаған Түркия Республикасы екенін тілге тиек етті. Өз кезегінде конференцияға арнайы қатысқан Түркия Респуб­ликасы­ның Конституциялық сотының төрағасы Арслан Зухту қазақ ха­лқын тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Ол өз сөзінде «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Бауырлас елдің гүлденуі мен дамуына тілекшімін. Бүгінгі конференцияға қатысуға шақырғандарыңызға көп рақмет», – деп алғысын білдірді. Бұдан бөлек, конференцияға ҚР Жоғарғы Соты төрағасы Жақып Асанов пен Әділет ми- нистрі Марат Бекетаев онлайн режим арқылы қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.

Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы