Өз әкесінің малын ұрлап, сатып жіберген азамат ұсталды
Өз әкесінің малын ұрлап, сатып жіберген азамат ұсталды
Grazing sheep, mount Roys, Wanaka, New Zealand
337
оқылды

Түркістан облысында өз әкесінің малдарын ұрлап, сатып жіберген ер азамат анықталды. Түркістан облысының полицейлері «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында өз әкесінің малдарын жымқырған ер азаматты анықтады, - деп хабарлайды "Отырар" басылымы.

Нақтырақ айтқанда, Ордабасы ауданы ПБ-ға жергілікті тұрғындардың бірі малдарын белгісіз біреу ұрлап кеткендігі жөнінде арызданған. Яғни жәбірленуші азаматтың 2 бас қошқары мен 1 бас бұзауын жасырын жымқырып, жалпы 180 000 теңге шығын келтірген. Аталған дерек ҚК 188-1-бабы «Мал ұрлығы» қылмыстық құқықбұзушылығы бойынша тіркелді. Сақшылар жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізіп, көрген-білген куәлардан жауап алды. Сонымен қатар малдардың жайылып жүруі мүмкін деген аймақтардың барлығын мұқият тексерді. Тау мен тасты кезіп, малдарды іздеуге жеке құрам қызметкерлері жұмылдырылды. Осылайша полиция қызметкерлерінің тиянақты қызметтерінің арқасында жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталды. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Белгілі болғандай, күдікті ер азамат жәбірленушінің баласы болып шықты. Яғни жас жігіт күндізгі сағат 15:00 шамасында үйінің ауласындағы жүрген малдарды ұрлап алып шығып, өзінің пайдасы үшін мал базарлардың біріне сатып жіберген. Ал түскен ақшаны қажеттілігіне жаратқан. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері малдарды жайылымдарда қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді. Қора-қопсыны мықтап қоршап, малды жайылымға жіберер кезде сенімді адамға тапсыруға, үй жануарларын дер кезінде таңбалап, сырғалауға кеңес береді.