Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің мәлімдеуінше, Алматы облысы Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылының маңында Книжевского су қоймасында жарық пайда болған.
Су қоймасының көлемі – 4,47 млн текше метр, қазіргі уақытта 50% толған.
Су Қарғалы өзенінің арнасымен ағып, одан әрі Іле ауданының Күрті су қоймасына құяды.
Апат салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Облыстық маңызы бар «Мыңбаев – Қасымбек» автожолын су басқан. Полиция жол қозғалысын шектеу үшін бекеттер қойды.
Аққан судың көлемі азаюда. Қарғалы өзенінің арнасы бақылауда, қазіргі уақытта елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Оқиға орнында ТЖД мамандары жұмыс істеп жатыр.
https://youtu.be/NTpF-zmf5t0
Былтыр Өзбекстанның Сардоба су қоймасы жарылып, Қазақстанның Түркістан облысы Мақтаарал ауданы суға кеткен болатын. Сол кезде Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов Өзбекстан «Сардобаны Қазақстанмен ақылдаспай салғанын» айтқан еді.