«Лондон-Алматы» сақтандыру компаниясының сарапшылары еліміздегі 14 жасқа дейінгі жасөспірімдердің көбіне қандай сырқатпен ауыратыны бойынша зерттеу жүргізді. Олардың анықтауынша, бір бала екі айда кемінде бір рет дәрігердің көмегіне жүгінеді екен.
Жасөспірімдер арасында ең жиі кездесетін сырқат – тұмау. Бір сөзбен айтқанда – мұрын бітеліп, демалудың қиындауы. Медициналық тілмен айтсақ, тыныс алу органдарының асқынуы. Дәрігерге жүгінген балалардың 42 пайыздан астамы осы дертке шалдыққан.
Жасөпірімдерді мазалайтын екінші мәселе – ас қорыту аурулары. Ресми деректер бойынша, 2019 жылы 504 764 бала осы мәселемен дәрігердің көмегіне жүгінген. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға өскен.
Сақтандыру компаниясының дерегінше, соңғы кезде өт жолдарының дұрыс жұмыс істемеуі бойынша қаралатындар көбейіп кеткен. Сондай-ақ холецистит пен гастрит сырқатына душар болғандар да дәрігерге жиі қаралады. 7-10 жас аралығындағы балалардың 5 пайызында салмақ жетіспеушілігі болса, 15 пайызы семіздікке шалдыққан. Ал олардың 14 пайызында қан аздығы, кальций мен фолий қышқылының жетіспеушілігі бар.
Жалпы, балалар арасындағы жүйке ауруы, яғни бастағы қан айналымының бұзылуы, ми қатпарларындағы қан тамырларының қысылуы жиі кездеседі. 2019 жылы жүз мың баланың 6035-і осының салдарынан дәрігердің көмегіне жүгінген екен.
Бүгінде көз ауруына шалдыққан жасөспірімдер көбейген. Мысалы, 2019 жылдың өзінде 264 791 балада осындай сырқат анықталған. Оның ішінде ең жиі қойылатын диагноз – көз миопиясы. Соның кесірінен қазір 7 жасқа дейінгі балалардың 5 пайызы алыстан көрмейді. Егер бала күтінбесе, ауруы асқына түседі. Мәселен, миопияның дамымауы үшін көзге шамадан артық салмақ түсіруге болмайды.
Тіпті, жұмыс үстеліне дұрыс жарық түспеуі, сабақ оқығанда немесе жазғанда дұрыс отырмауы, теледидар мен компьютерді жиі пайдалануы тағы бар. Сондықтан жасөспірімдердің көру қабілетінің нашарлауы көбіне 7 жастан 12 жасқа дейінгі аралықта байқалады. Ал 15-17 жасында бұл сырқатпен балалардың 37 пайызы ауырады. Сондықтан көздің көруі нашарлаған бойда білгір офтальмологқа қаралып, көзілдірік не линза кию керек.
«Өмірде денсаулықтан қымбат дүние жоғын ұмытпауымыз керек. Сондықтан кез келген ата-ана баласының денсаулығына зер салып, уақытылы білікті мамандарға қаратып отырса, аурудың алдын алады» дейді «Лондон-Алматы» сақтандыру компаниясының бас сарапшысы Евгения Велишек.