Қарағандыда сәбиді жұлқылап, ішке сүйреп кіргізген балабақша тәрбиешісінің көмекшісі жұмыстан өз еркімен кету туралы өтініш жазды, – деп хабарлайды 24.kz.
Бұл жайтқа қатысты баланың ата-анасы шағымданбаған.
Әлеуметтік желіде таралған бейнежазба 7 қазанда түсірілген.
Қарағанды қаласының білім бөлімі қазір балабақшада қызметтік тексеру басталғанын хабарлады.
Жекеменшік балабақшада мемлекеттік тапсырыс аясында 300-ге жуық бала тәрбиеленетін көрінеді. Мұнда бұрын-соңды мұндай өрескел жағдай тіркелмеген.
Қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Наталья Головина: «Балабақшада бейнебақылау камералары қойылған. Ондағы жазбалар үш айға дейін сақталады. Бірақ болған жайтты куәгерлердің бірі ұялы телефонға түсірген. Оны әлеуметтік желіге жүктеген күні ғана білдік. Баланың ата-анасы да осы күнге дейін бейхабар болған. Бірақ олар полицияға шағымданған жоқ. Қыздың анасы мұндай жағдай қайталанбас үшін балабақша әкімшілігімен сөйлесуімізді ғана сұрады», – деді.