Елордада өткен тәулік ішінде 75 жол-көлік оқиғасы тіркелген, соның салдарынан бір адам зардап шекті. Таңғы сағат 08.00 бастап 51 жол-көлік оқиғасы болып, қала тұрғындарының бірі жарақат алды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлайды.
«21 қарашада сағат 21:20 шамасында «Skoda Rapid» маркалы автокөліктің 26 жастағы жүргізушісі Қ.Мұхамедханов көшесімен жүріп келе жатып, басқа қатарға ауысқан кезде жолай келе жатқан көлікке жол бермеген. Нәтижесінде 22 жастағы жүргізуші басқарып келе жатқан «Mercedes-benz 240c» маркалы автокөлігімен соқтығысқан, салдарынан «Mercedes-benz 240c» маркалы автокөлігі аударылып кетті. ЖКО салдарынан зардап шеккендер жоқ.
«Skoda Rapid» жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБК 610-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материал Нұр-Сұлтан қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілді» делінген ведомство хабарламасында.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілерге қозғалыс кезінде барынша мұқият және сақ болуға, жылдамдық режимін, қауіпсіз қашықтықты және маневр жасау ережелерін мүлтіксіз сақтауға шақырады. Жаяу жүргіншілерге өте мұқият болу керектігін ескертеді.