Сот 2019 жылғы мамыр-қыркүйек аралығында Көкшетау қаласында полиция департаменті басшысының орынбасары мен қаржылық қамтамасыз ету басқармасының басшысы бір топ адаммен алдын ала сөз байласып, сеніп тапсырылған бюджет қаражатын ұрлап, бұл мемлекеттің, ұйымның құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соққанын, сондай-ақ қызметтік жалғандық жасағанын, осылайша 17 446 362 теңге мөлшерінде материалдық залал келтіргенін анықтады.
«Сотталушылар Ж. және С. қылмыстық жоспар әзірледі, оған сәйкес пайдакүнемдік ниетпен әрекет ете отырып, облыс өңірлеріне қызметкерлердің «жалған» іссапарлары және негізсіз көтермелеу (сыйақы) туралы бұйрықтардың жобаларын дайындауды, бұйрықтарға енгізілген қызметкерлерден ақшалай қаражатты одан әрі жинауды (қайтаруды) ұйымдастырды», – деді ведомстводан.
Сотталушыларға Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-бөлімшесі, 361-бабының 4-бөлігі, 3-бөлімшесі, 369-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылды. Сотталушылар қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәні мойындамады. Алайда, іс бойынша жиналған дәлелдемелерді, куәлердің айғақтарын, жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарын, сараптамалардың қорытындыларын талдау нәтижесінде сот сотталғандардың өзіне тағылған айыпта кінәсінің дәлелденгені туралы қорытындыға келді.
«Сот үкімімен С. және Ж. Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-бөлімшесі, 369-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін түпкілікті кінәлі деп танылып, 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен бірге, олар мемлекеттік қызметте, судьяда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінде және оның ведомстволарында, мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сондай-ақ, «полиция полковнигі» шендерінен айырылды», – деді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.
Бұдан бөлек, сот Полиция департаментінің азаматтық талабын ішінара қанағаттандырды. Сотталғандардан ортақ тәртіппен материалдық залалды өтеу есебіне 14 969 762 теңге өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.