Еліміздің білім саласында тағы бір кішігірім реформа болмақ. Енді мемлекеттік грантқа іліккен студентке арнайы есепшот ашылып, оқу ақысы соған аударылуы мүмкін. Яғни, мемлекет ақшаны бірден университетке емес, шәкірттің өзіне аударады. Сосын студент есепшот арқылы оқу ақысын өзі төлеп отыруға міндеттелмек. Мемлекет осындай амал арқылы студенттерге жауапкершілік артпақ. Бұл тәсіл білім сапасын арттыруға септесе ме, тиімділігі қандай?
Тәсіл өзгермек, білім сапасы ше?
Әңгімені әріден бастасақ. Таяуда Ұлттық сенім кеңесінің алтыншы отырысы өтті. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік грантқа бөлінген қаржыны студенттің өзіне беруді ұсынған болатын. Яғни, шәкірт оқу ақысын өзі төлеуі керек. Мемлекет басшысы бұл тәсіл жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында бәсекені арттыруға септесетінін айтқан. Сонымен қатар мемлекеттік тапсырыстың ашық болуын қамтамасыз етіп, білім сапасын жақсартып, студенттің жауапкершілігін сезіндермек. Осы жайларға тоқталған Тоқаев Үкіметке бұл шешімді жүзеге асыру жолдарын мұқият ойластыруды тапсырған еді. Көп өткен жоқ, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мемлекеттік білім грантын ұтып алған студенттің оқу ақысы арнайы банк шотына аударылатынын хабарлады. Қазіргі жүйе бойынша грант алу үшін талапкерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. ҰБТ тапсырғаннан кейін талапкер өтініш береді, нақты мамандықты таңдап, гранттарды тағайындау конкурсына қатысады. Мәселен, егер белгілі бір мамандыққа барлығы 100 грант бөлінсе, квоталарды есепке ала отырып, ең жоғары балл жинаған 100 талапкер сараланған тізім бойынша грант алады. Білім грантын иеленген студент жоғары оқу орнын таңдайды және ЖОО осы студентті оқыту үшін бюджеттен қаржы алады. Ведомство басшысының айтуынша, студент грантты жеңіп алғанына қарамастан, мемлекет тарапынан төленетін оқу ақысына қатысты рәсімге қатыспаған тұстан шикілік шығады. Студент жоғары оқу орнындағы оқу ақысы мектеп кезіндегі жақсы көрсеткіштері үшін төленіп жатқанына мән бермей, тегін оқу деп қабылдайды. Ал «тегін оқу» кезінде университетке талап қою қиын. Министр қазір студент бұрынғыдай тегін қызметтерді алушы емес, қызметтерге тапсырыс беруші болып саналатынын айтады. Соған орай ол тапсырыс беруші ретінде сапалы білім беруді талап етуге құқылы.«Миллиондаған қаражаттың оқуға жұмсалғанын көріп, студент білім алуға да, көрсетілетін қызмет сапасына да жауапкершілікпен қарайды. Бұл ретте студент бюджет қаражатын білім алып жатқан ЖОО-ға оқу ақысын төлеуден басқа, өзге мақсаттарға жұмсай алмайды. Бұдан басқа, бұл тетік сыбайлас жемқорлықты жойып, бюджет қаражатының барынша ашық жұмсалуын қамтамасыз етеді. Аталған іс-шара жоғары білім беру саласындағы бәсекелестікті күшейтеді деп күтеміз», – деген еді Аймағамбетов.Сонымен, енді студентке де жауапкершілік пен жүк артылмақ. Бір жағынан құптарлық қадам. Себебі дәл осы салаға бюджеттің мол қаржысы жұмсалады. 2021-2022 оқу жылына 56 мың грант бөлініп, 46 мың студент шәкіртақы иегері атаныпты. Осыған бюджеттен 186 миллиард теңге қаржы шығындалған. Оған қоса, бұл амал абитуриент тартудағы университеттердің бәсекесін арттыруы мүмкін. Университеттер қолайлы жағдай жасау, қызмет көрсету сапасын ілгерілете бастауы тиіс. Ал қазір грантқа түскендердің көптігі бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті көш бастап тұр. Онда 2 991 грант иегері бар, сол арқылы 950 миллион теңге бюджет жинақтаған. Одан кейінгі орындарда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (2 575 грант, 818,6 миллион теңге), Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті (1 702 грант, 541,1 миллион теңге), Назарбаев университеті (1 400 грант) мен Қазақ ұлттық аграрлық университеті (1 049 грант, 259,7 миллион теңге) тұр. Жалпы, Қазақстандағы 129 университетте 576 мыңнан астам шәкірт білім алып жатыр. Білім ордаларының 33-і мемлекеттік, 4-і шетелдік болса, қалғаны жекеменшік университеттер. Шыны керек, жалпылама бұл жүйе әлемнің көптеген елдерінде бар. Бірақ іске асыру амалдары әртүрлі. Әйткенмен, қазіргіге қарағанда көшкелі отырған амалымыз тиімді болса керек. Себебі қазіргі жүйеде университет оқу ақысын мемлекет бюджетінен алып, шама-шарқынша оқыта береді. Студенттің онда шаруасы жоқ. «Құда да, құдағи да тыныштың» кебі. Осыдан соң шәкірт жауапкершіліктен, университет сапалы білім беруге құлықсыз болмақ. Колумбия университетінің магистранты, «Болашақ» бағдарламасының степендиаты Әділбек Қазиев те жаңа тәсілді құптап отыр. Ол осы арқылы шәкірттің таңдау ауқымы кеңейетінін жеткізді.
– Бұл бастаманы қолдаймын. Себебі, біріншіден жоғары оқу орындары арасындағы бәсекелестікті күшейтеді, яғни университеттер білім сапасын арттыруға ғана емес, студенттердің жағдайын жасауға да көңіл бөлетін болады. Студенттің халықаралық деректер базасына қосылу мүмкіндігі, денсаулық сақтау, дұрыс тамақтану мәселелері бойынша да жағдай жасауға тырысады. Осы арқылы талапкерлер саналы түрде өзіне ыңғайлы әрі сапалы білім беретін оқу орнын таңдайды. Ал Колумбия университетіндегі халықаралық тәжірибеге сүйеніп айтар болсам, мұнда да оқу жүйесі кредиттік жүйеге негізделген, мұндай оқу орындары біздің елде де бар. Мысалы, бізде нақты міндеттелген пән көп емес. Шетелдік студенттерге 24 кредиттің тек 6-сы ғана міндетті, қалғанын студент өзі таңдайды, – дейді ол.
Шетел тәжірибесі қандай?
Грант – ата-анаға салмақ салмай оқығысы келген, жоғары оқу орнына түскісі келетін әр студенттің арманы. Біз елдегі төлем жүйесін сөз еттік. Ал шетелде жүйе қандай? Дегенмен өзге елдердің барлығында грант алу біз ойлағандай жеңіл емес. Мәселен, АҚШ-та грантқа көп ешкім үміттенбейді де, өйткені бір сөзбен айтар болсақ, грантқа дәмелі шәкірт гений болуы керек. Сондықтан талапкерлер шығынның жартысын өтейтін стипендияға қол жеткізуге тырысады. Ал Қытайда көбіне білім алу тегін саналады. Бір орынға 50-ден 100-ге дейін талапкер үмітті болады. Бірақ шетелдік студенттерге қойылатын талап көп. Қытайда оқығысы келетін шетел азаматы қытай тілін жетік білуі қажет, жетістігі мен ғылыми жұмысы көп болуы тиіс, тіпті денсаулығы да мықты болғаны жөн. Көрші Ресейде грантпен мемлекет қана емес, жеке қорлар және меценаттар қамтамасыз етеді. Егер талапкер халықаралық ұйым немесе қайырымдылық қорынан бөлінетін грант иегері атанғысы келсе, алдын ала нақты бір жоғары оқу орнын таңдап өтініш береді де, сынақ тапсырады. Бізге қолданысқа енгізілгелі жатқан жүйе, әсіресе Польшада кең таралған. Польшадағы оқу орындарында оқитын студент грант не ақылы негізде болса да, арнаулы есепшот аштырады. Оқу ақысын сол есепшот арқылы студенттің өзі төлейді. Бірақ студент шоттағы қаржыны өзге мақсатқа жұмсай алмай алмайды. Сонысымен де тиімді болып тұр. Әзірге әзірленіп жатқан бұл жүйенің еліміз үшін қандай болары беймәлім. Себебі тек оқу ақысына пайдаланатын есепшоттарды дайындау мен басқа да жұмыстардың өзі уақытты талап етеді. Бірақ мұнда да шикілік шықпаса игі.Мадияр Төлеу