Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында каратэден әлем біріншілігі аяқталды. Бұл жарысқа елімізден он спортшы қатысқан еді. Олардың төртеуі жүлдеге таласып, үшеуі жүлдегер атанды. Жекелей сында Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева 68 келіге дейінгі салмақта әлем біріншілігінің қола жүлдесін мойнына тақты. Үшінші орын үшін өткен кездесуде Берульцева сербиялық Ивана Перовичтен басым түсіп, өзінің мықтылығын әлемдік додада тағы бір мәрте дәлелдеді. 75 келіге дейінгі салмақта жарыс жолына шыққан Нұрқанат Әжіқанов та қола медаль үшін өткен жекпе-жекте бельгиялық Гуентин Махауденді жеңіп, әлем үздіктерінің қатарына енді. Айта кетейік, бұл 20 жастағы спортшының ересектер арасындағы ең үлкен жетістігі. Спорт мамандары да Нұрқанаттың әлем чемпионатындағы өнерін жоғары бағалады. Біз спортшының өзімен хабарласып, жарыстан алған әсері туралы сұрадық.
– Бұл менің ересектер арасындағы бірінші әлем чемпионатым. Мұның алдында Олимпиадаға қатысып, жүлдесіз қайтқан едім. Бұл жолы сол олқылықтың орнын толтырдым. Әлемдік додада ел қоржынына жүлде салғаныма қуаныштымын. Негізі, Токиодағы сәтсіздіктен кейін бұл жарысқа алтын жүлде аламын деп бардым. Турнирді сәтті бастап, көп қарсыластарымнан оқ бойы озық шықтым. Бірақ өкінішке қарай жартылай финалда мысырлық спортшыдан жеңіліп қалдым. Бұған дейін мен онымен бір рет кездесіп, 6:1 есебімен жеңгем. Осы жолы қарсыласымның айы оңынан туды. Ал қола үшін болған сайыста бельгиялық Махауденнен айламды асырып, жүлдеге іліктім. Бұйырғаны қола жүлде болды, – дейді Нұрқанат Әжіқанов.Жекелей сында тағы бір қола жүлденің иегері Софья Берульцева Токио Олимпиадасынан кейін әлем чемпионында сынға түсу аса қатты қиындық туғызбағанын айтады. Тек спортшыға аздаған жарақаты кедергі келтірген.
– Әлем чемпионаты өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Негізінде ауыр салмақта өнер көрсететін спортшылар жарыстың соңына таман шығатынын білесіздер. Бірақ бұл сында жарыстың бірінші күні кез- десуімізді бастадық. Бес жекпе-жек өткіздім. Жартылай финалда испаниялық спортшыдан жеңіліп қалдым. Аздаған жарақатым болған соң сақтанып жүріп өнер көрсеттім. Қолаға таласта сербиялық спортшыдан 7:1 есебімен жеңіліп тұрып, соңғы сәтте 11:7 есебімен жеңіске жеттім. Олимпиададан кейін әлем чемпионатына дайындығымыз ойдағыдай өтті. Токиодағы сайыстан соң бойымда еш қобалжу болмады. Жігіттер де командалық жарыста үлкен жетістікке жетті. Қуаныштымыз, – дейді Софья Берульцева.Өкінішке қарай, 50 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Мөлдір Жаңбырбай украиналық спортшыдан, 60 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Қайсар Алпысбай морокколық қарсыласынан жеңіліп, төртінші орынды қанағат тұтты. Бұдан бөлек, Қазақстан ерлер құрамасы кумитеден командалық жарыста қола медаль иеленіп, үздік үш құраманың қатарына қосылды. Бұл еліміз үшін тарихи жүлде. Өйткені Қазақстан бұған дейін каратэден командалық сында жүлдеге іліге алмай жүрген болатын. Саңлақтарымыз алғашқы үш кезеңде Босния және Герцоговина, Марокко, Сауд Арабиясы құрамасының каратэшілерін жеңіп, ширек финалда Италия спортшыларынан жеңілді. Ал жұбаныш кездесуінде Косованы, ал қолаға таласта Түркиядан 3:1 есебімен басым түсті. Түркия оғландарымен өткен сайыс кезінде Қазақстан құрамасында Нұрқанат Әжіқанов, Игор Чихмарев, Нұрнияз Елдешов, Данияр Юлдашев, Бейбарыс Жаңбыр өнер көрсетті. Өз кезегінде Игорь Чихмарев қарсыласымен тең түсіп, Бейбарыс Жаңбырбай 1:2 есебімен жеңілді. Ал Данияр Юлдашев, Нұрқанат Әжіқанов және Нұрнияз Елдашев қарсыластарын сан соқтырды. Командалық сында алтынды Италия, күмісті Сербия, қоланы Қазақстан мен Әзербайжан алды. Түркия мен Өзбекстан жарысты бесінші орынмен аяқтады. Турнирге 117 мемлекеттен 1 054 каратэші қатысып, бақ сынады. Қазақстандық каратэшілер өз тарихында Дубайда өткен әлем чемпионатында ең көп жүлдеге қол жеткізді. Командалық кумитэ сайысынан да еліміз алғаш рет жүлдеге ие болды. Жалпы, каратэшілеріміздің бір жылда Олимпиада мен әлем чемпионатында бес қола медаль иеленгені айтарлықтай жетістікке баланып отыр.
Абылайхан ЖҰМАШ