Алматыда 9-қабаттан 3 баласымен секіріп кеткен әйелдің күйеуі отбасы туралы айтып берді
Алматыда 9-қабаттан 3 баласымен секіріп кеткен әйелдің күйеуі отбасы туралы айтып берді
© azattyq-ruhy.kz
386
оқылды

Алматыда 9-қабаттан 3 баласымен секіріп кеткен әйелдің күйеуі Нұрсұлтан Оразов  Informburo ақпараттық агенттігіне сұхбат беріп,  отбасы туралы айтып берді.

"Біз бақытты өмір сүрдік. Бірақ жұмыссыз болдық. Әйелім үйде балалармен отыратын,  мен базарда әртүрлі жұмыс істедім. Қазір еш жерде жұмыс істемеймін. Олар терезеден секірген кезде үйде болған жоқпын. Әйелім ештеңе айтпады. Алматыда 6 жыл тұрдық. Отбасымызда бәрі жақсы болатын", – деді ер адам.
Нұрсұлтан Оразовтың айтуынша, әйелі мен бала-шағасын ертең, 24 қарашада Шымкентте жерлейді.
"Пәтер жалдап тұрдық. Жалақым аз болды. Ата-анам да жұмыссыз, Шымкентте тұрады. Арнайы білімім жоқ.  Мемлекет әлеуметтік көмек берген жоқ. Қатаң карантин кезінде де көмек сұрадық, бізге берген жоқ. ХҚКО, әкімдік, барлық жерге әйелім көмек сұрап жүгінді. Әйелім оған көмек берілмейтінін айтып келді.  Балаларымның кішісі 2 жаста, ұл бала еді, екі қызымның үлкені 6, кішісі 5 жаста еді. Қазір өзім де өмір сүргім келмейді", – дейді ол.
Бұған дейін 9-қабаттан 28 жастағы әйел 3 баласымен секіріп, көз жұмғанын жазған болатынбыз.