Еліміздегі Адвокаттар алқасы бір қауым. Алқаның атқарып жатқан жұмысы, қорғаушылардың қызметі халықтың көңілінен шыға ма? Біз бұл сауалымызды елге белгілі адвокат Айдын Бикебаевқа қойған едік.– Елімізде Адвокаттар алқасы дейтін ұйым бар. Алқаның атқарып отырған жұмысы қандай? Көпшіліктің оған көңілі тола ма?
– Республикалық адвокаттар алқасы Қазақстандағы және одан тысқары жерлердегі мемлекеттік және өзге де ұйымдарда адвокаттар алқаларының мүдделерін білдіру мен қорғау, адвокаттар көрсететін заң көмегінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету мақсатында құрылған, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының адвокаттар алқаларының (бұдан әрі – аумақтық алқалар) міндетті мүшелігіне негізделген коммерциялық емес, тәуелсіз, кәсіби, өзін-өзі басқаратын, өзін-өзі қаржыландыратын ұйым.
Алайда қазіргі республикалық адвокаттар алқасын ықпалды, күшті ұйым дей алмаймыз. Бізбен, яғни адвокаттармен басқа органдар санасу үшін бізге тек сөз жүзіндегі емес, іс жүзінде күшті, тәуелсіз ұйым құру керек.
– Бұл саланы күшті әрі тәуелсіз ету үшін не қажет?
– Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде адвокаттар қауымдастығы туралы «күшті және тәуелсіз адвокатурасыз құқықтық мемлекет құру мүмкін емес» деп атап кетті. Бұл – жойқын бағдарламалық мәлімдеме. Және оны біздің өзіміз жүзеге асыруымыз қажет. Біз мұны әлі істеп жатқан жоқпыз. Уақытты босқа жіберіп алып жатқан сияқтымыз. Ол үшін еліміздің адвокаттары бірігіп, нәтижелі жұмыстар атқаруымыз керек. Күшті орталық ұйымсыз адвокатура тоқырауға ұшырайды. Бізде қазір өңірлік адвокаттар алқаларының жұмыстары жақсы жолға қойылған. Республикалық алқаны да сондай мықты ұйымға айналдыруымыз керек.
Осындай ұйым ғана адвокат пен прокурордың процессуалдық құқықтарының абсолютті теңдігін енгізуге қол жеткізе алады және сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының жұмысын жақсы жағына өзгертуге ықпалын тигізіп, жандандыруға оң үлес қоса алады. Орталық ұйым мен өңірлік алқалар қатар дамып отырғанда ғана ауызбіршілік пен оң нәтиже болады.
Ал нақты адвокаттардың тәуелсіздігі адвокаттық қызметті мемлекеттік лицензиялауды жойған кезде және біз өзіміздің қатарымыздан өз жұмысына немқұрайды қарайтын әріптестерімізді алып тастау туралы мәселені өзіміз дербес шешетін кезде ғана болады. Мемлекет бақылаудың басқа тетіктері болмаған кезде қызмет түрлеріне лицензия береді. Біздің жағдайда ішкі бақылау жүйесі бар. Бізде тәртіптік комиссиялар жеткілікті тиімді жұмыс істей бастады, әдеп жөніндегі комиссиялар бар. Лицензиялауды да жою керек, өйткені заң консультанттарының қызметі лицензияланбайды, бірақ олар заң бойынша сот өкілдері бола алады.
Нақты адвокаттың тәуелсіздігі адвокаттық қызметке кедергі келтірудің және адвокаттық қызмет кепілдіктерін бұзудың әрбір фактісі үшін біздің ұйымдар кінәлілердің жазалануына дәйектілікпен қол жеткізген кезде, олар адвокаттардың құқығын бұзған адамдар үшін әділ жаза шығаруға ықпал ете алатын кезде болады. Әрбір адвокат өзінің жалғыз емес екенін, бірақ оның артында оның құқығын бұзушыларға жол бермейтін ұйым тұрғанын сезінуі тиіс.
– Адвокаттар арасында мемлекеттік тілді жетік біліп, сол тілде қызмет көрсететін мамандар аз деп жатады. Расында, солай ма?
– Білікті, сауатты, елімізге ғана емес, шет мемлекеттерде кәсібилігімен танылып жүрген әріптестеріміз баршылық. Алайда ең өкініштісі, қазақ тілін біразы жетік білмейді, яғни қазақша іс жүргізе алмайды. Бұған заман кінәлі дейміз бе, саясатты кінәлаймыз ба, бір сөзбен жауап айту қиын. Бірақ аталған фактіні мойындауымыз керек. Жас заңгерлер арасынан бәсекеге қабілетті бола алатын, мемлекеттік тілді жетік меңгерген еркін ойлы, кәсіби сауатты мамандардың шығуына қолдан келген көмекті көрсетіп, осы бағытта аянбай тер төгу біздің буынның парызы деп білемін.
Республикалық адвокаттар алқасының іс-қағаздары, ресми құжаттар екі тілде бірдей жасалуы тиіс. Соның ішінде мемлекеттік тілге басымдық берілуі керек. Бұл қазір кезек күттірмес, өзекті мәселелердің бірі.
–Адвокаттардың еңбекақысының мөлшері қандай? Қымбат па? Көмек сұраған адамның қалтасы қалың болмаса, адвокаттың көмегіне сүйене алмай ма?
–Адвокаттардың еңбекақысы туралы нақты заң нормалары, ереже жоқ. Бұл мәселе нарықтық заңдармен реттеледі. 5 жарым мың адвокаттың ішінен клиент адвокатты өзі таңдайды. Әр іс бойынша еңбекақыны адвокат пен клиент өзара келіседі, келісімшарт жасайды. Әдетте істің күрделілігі, ауыр-жеңілдігіне қарай адвокаттың біліктілігі мен тәжірибесіне қарай еңбекақысы белгіленеді. Сонымен қатар «про-боно» деген бар. Ол – тегін құқықтық көмек көрсету.
Бізден көмек сұрап, хабарласатын адамдар өте көп. Қиындыққа тап болған адамдарға уақыт тауып, құқықтық кеңес беруге, жол сілтеуге, бағыт беруге тырысамыз. Ол үшін адвокаттар ақы алады деп ойламаймын.
Бұдан бөлек, шарасыз жандарға, жағдайы төмен азаматтарға өз қызметімізді тегін ұсынатын жағдайлар да жиі болады. Жақсылықты жария етпеу керек. Сондықтан мұндай істердің бәрі жабық күйінде қалады.
Ал енді заң көмегін берудің түйткілі аз емес. Бұл жерде мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясындағы төлемді де атап өткен жөн. Бүгінде адвокаттық көмек бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін 3 000-ға жуық адвокатқа 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Бұл аз. Мұнда еңбекақы минутпен есептеледі. Адвокат көмек көрсету үшін ауылдық жерге баруы мүмкін, бірақ оған тек 10-15 минут үшін ғана ақы төленеді. Жол жүру мен күту уақыты есепке алынбайды. Осы тәжірибе өзгертілуі тиіс.
– «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дейді. Кейбір мамандардың біліктілігіне көңіл толмай жататын сәттер кездеседі. Кәсіби білікті мамандарды қалай дайындаймыз?
– Адвокаттар қызметіне бір сөзбен баға бере алмаймыз. Алқа құрамында қаншама адвокат бар. Біреуінің жіберген кемшілігі кейде бүкіл адвокатқа қатысты теріс пікірдің туындауына ықпал етіп жатады. Әрине, адвокаттардың бәрінің қызметі мінсіз емес. Адвокаттар арасында өзара тәжірибе алмасу жақсы жолға қойылған. Білікті әріптестеріміз семинарлар, лекциялар, курстар өткізіп тұрады. Салалық заңнамаларды терең меңгерген, маманданған заңгерлер басқа әріптестерімізбен білгенін бөлісіп, жылдар бойы жинаған тәжірибесін ортаға салып отырады. Мысалы, өзім халықаралық деңгейдегі адвокаттық кеңселердің басшысы ретінде жақында ғана, осы айдың басында адвокаттық кеңселерді ашудың, сол бағытта жұмыс істеудің қыр-сырымен, өзімнің осы салада жинақтаған 20 жылдық тәжірибеммен бөлісіп, Нұр-Сұлтан қалалық адвокаттар алқасының біліктілікті арттыру орталығында онлайн лекция оқыдым.
Одан өзге, еліміздегі танымал, тәжірибесі мен білігі мол Г.Сулейменова, Х.Айтқалиева, Ж.Сулейманов,
А.Шайхина, Д.Канафин сияқты көптеген әріптес адвокаттар арасында үздіксіз семинарлар өткізіп, БАҚ беттерінде де заңнамалардың өзекті мәселелері жайлы кәсіби көзқарасын білдіріп отырады.
– Санаулы күндерден кейін адвокаттар алқасының төрағасы сайланбақ. Тізімнен сіздің есіміңізді де көріп қалдық. Дайындығыңыз қалай?
– Мен бастапқыда бұл лауазымға өз кандидатурамды ұсынамын деп ойлаған жоқпын. Еліміздегі көптеген адвокаттың өтініш жасауымен сәуір айында ғана әріптестердің қолдауымен өз кандидатурамды ұсынуға келісім бердім. Сайлауда бағымызды сынап көреміз. Бұл процесс әр алқадан сайланатын делегаттардың дауыс беруімен жүзеге асады.
– Бұл қызметке сайлансаңыз, жұмысты неден бастар едіңіз?
– Бүкіл қоғамдастықтың қатысуымен қазақстандық адвокатураны дамыту бағдарламасын әзірлесек деп ойлаймын. Онда біз қолда бар барлық проблеманы шешу үшін қол жеткізуге тиісті барлық мақсатты көрсеткіміз келеді. Яғни, бізде қол жеткізуіміз тиіс айқын жазып көрсетілген және нақты мақсаттар болады. Біз әрбір мақсатты кәсіби түрде және жүйелі деңгейде пысықтайтын боламыз.
Бізде Республикалық адвокаттар алқасының төралқасында, аумақтық адвокаттар алқаларының төралқаларында және өзге де адвокатура органдарында жұмыс істейтін белсенді адвокаттар бар. Бұл ретте біздің орталық ұйымда штаттағы қызметкерлер саны бес адам ғана. Бұл, әрине аз. Бізде қаржыландыру жеткіліксіз. Бірақ біз мәселені келесі жолмен шешкіміз келеді. Біз Республикалық адвокаттар конференциясы бекітетін смета мен штаттық кесте шеңберінде шағын басқару командасын қалыптастырамыз. Ресурстардың шектеулілігін ескере отырып, өз кәсібіміздің патриоты саналатын және өз уақытының бір бөлігін ортақ проблемаларды шешуге жұмсауға дайын қосымша 100-ге жуық адвокатты біріктіргіміз келеді. Біз оларды дауыс беру құқығымен қоғамдық кеңестерге, комиссияларға, барлық құқық қорғау органының жұмыс топтарына, сонымен қатар барлық комиссияға, жұмыс топтарына, сот жүйесіндегі сот алқаларына енгізуге қол жеткізгіміз келеді.
Біз қабылданып жатқан барлық шешімге біздің мамандығымыз бойынша ғана емес, сондай-ақ бүкіл құқық қорғау және сот жүйесі бойынша да оң ықпал еткіміз келеді. Адвокатураның дауысы естіліп, назарға алынуы тиіс.