Алматыда Short Anima Doc Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген қысқа метражды, анимациялық және деректі фильмдердің алғашқы көрсетілімі басталды.
Көрсетілімге кинематографистер, киносыншылар мен түсірілім топтарының өкілдері қатысты.
«Келесі жылы бұл көрсетілімдерге мемлекет қаржыландырған фильмдерді ғана емес, тәуелсіз студиялардың да өз контентін ұсынып, қатысқанын қалаймыз. Сол кезде отандық кинематографияның тынысын толық көре аламыз», – деп атап өтті ҰКҚМО Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкенов.
Бірінші күні бағдарлама бойынша екі анимациялық фильм – Дильшат Рахматуллиннің «Бесік жыры» және Иван Ардашовтың «Кенже қыз» мультсериалы көрсетілді. Аталған мультфильмдер әсіресе кішкентай балалардың көңілінен шықты.
«Маған екі мультфильм де қатты ұнады. Біріншісінде сәби аянышты болды, мен оның тезірек сауығып кетуін қаладым және қатты уайымдадым. Бірақ бәрінен бұрын маған анимациялық сериал ұнады. Басты кейіпкер Айнұр – батыл қыз екен. Мен оған ұқсайтын секілдімін» – деді алты жасар Святозара Пирогова.
Ал қазақ анимациясының ардагері Тамара Мұқанова «Кенже қыз» мультсериалынан алған әсерімен бөлісті. «Мен бұл премьераға үлкен толқумен келдім. Жастар үшін алаңдадым, өйткені, біріншіден – бұл сериал, екіншіден – тақырып күрделі. Бірақ жұмыс бәрінен асып түсті. Жастар жақсы жұмыс істейді, олардың жаңа тілі, жаңа қарқыны бар және бәрі өте қызықты», – деді ол.
Көрсетілім соңында режиссер Иван Ардашовтың шеберлік сабағы өтті. Көрермендер жас кинематографистің өнерін үлкен қызығушылықпен тыңдады.
ShortAnimaDoc тағы үш күнге созылады, оның барысында үш деректі және жеті қысқа метражды фильм көрсетіледі. Соңғыларының арасында бірнеше халықаралық фестивальдердің қазылар алқасы мойындаған картиналар бар. Соның ішінде, «Мерген» фильмі Шэньчжэньдегі (Қытай) халықаралық кинофестивальде «Үздік триллер» номинациясында, Түркиядағы GOLDEN WHEAT AWARDS кинофестивалінде «Үздік режиссер» және «Үздік операторлық жұмыс» номинациясында жүлде алған. Ал «Граната» және «Көше ақыны» картиналары VI Baiqonyr International Short Film Festival кинофестивалінің «Үздік сценарий» және «Үздік монтаж» жүлделерін алған.