Абай кенішіндегі қайғылы оқиғадан кейін кеншілердің жалақысы көтерілетін болды
Абай кенішіндегі қайғылы оқиғадан кейін кеншілердің жалақысы көтерілетін болды
© Фото: Тұрар Қазанғапов
229
оқылды

Абай кенішіндегі қайғылы оқиғадан кейін кеншілер көтерген мәселелер шешімін таппақ. 10 күн бойы келісім комиссиясы жұмыс істеді, оның құрамына кәсіподақ ұйымдары, әр кеніштен белсенділер, жергілікті атқарушы орган өкілдері кірді. Комиссияны Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек басқарды.

Аймақ басшысы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен тікелей эфирде келісім комиссиясы жұмысының қорытындысын баяндады.

– 12 талап қойылды. Олардың барлығы әділ. Мен барлық шахталарды аралап шықтым, кеншілермен кездесулерде барлық толғандыратын мәселелерді талқыладық, – деді Жеңіс Қасымбек.

Еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне қатысты жұмыс тобы құрылды. Мамандар 1996 жылдан бері болған апаттардың барлығын тексеретін болады. Талдау негізінде іс-шаралар жоспары жасалады.

Заңнамадағы өзгерістер үш мәселені, соның ішінде зейнет жасын төмендетуді талап етеді. Ол бойынша үкіметке хаттар жолданып, жұмыс жүргізілуде.

– Келісім комиссиясының жұмысы аяқталған жоқ. Қабылданған шешімдердің орындалуын өзім қадағалайтын боламын. Ол үшін ай сайын кездесіп, екі жақты тыңдайтын боламыз, – деп сендірді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ облыс әкімі кеншілер қаласы – Абай, Шахтинск және Саранды дамыту жоспарларына да тоқталды. Бұл қалаларда тұрғын үй құрылысын, жолдар мен әлеуметтік нысандарды жөндеу, көшелерді абаттандыру жалғасады.