Ахуал жақсармаса, туристерге көрсетілетін қызмет бағасы да қымбаттайды. Түркиядағы демалыс ақысы 60 процентке қымбаттауы мүмкін, – деп хабарлайды 24.kz.
Биыл жыл басынан бері 350 мың отандасымыз шетелге саяхаттаған. Былтырғы жылмен салыстырғанда 4 есе артық. Жаңа жыл қарсаңында бұл көрсеткіш тағы да артуы мүмкін.
Ал Түркиядағы валютаның құнсыздануы біздің туристерге кері әсер етпейді. Туроператорлар қауымдастығының президенті Инна Рейдің айтуынша, қазақстандықтар Түркияға көбінесе жазда саяхаттайды.
Қазақстан туроператорлары қауымдастығының президенті Инна Рей: «Пандемия кезеңінде туристік операторлар жұмысын тоқтатқан жоқ. «Туристік қамқор» қорының арқасында саяхатшыларды межелі жерге жеткізіп, алып келіп отырдық. Қиындықтар аз болмады. Әсіресе, осы жазда жұмысымыз көбейіп кетті. Бірақ туристеріміз риза. Біздің елге келгісі келетін шетелдіктер де көп. Апта сайын туристік қауымдастық өкілдерімен сөйлесіп отырмыз. Әзірге ведомствоаралық комиссияның рұқсатын ала алмадық. Жағдай реттеледі деген үміттеміз», – деді.
Қазақстанда 10 туристік сақтандыру компаниясы бар. Инна Рейдің айтуынша, олар көрсететін қызмет түрлері жеткіліксіз. Пандемия аяқталмайынша, саяхатшылардың қауіпсіздігі өзекті мәселе бола береді.
Оның үстіне сақтандыру құжатын талап ететін мемлекеттер де бар. Жалпы, 9 айда сақтандыру сыйақысы 20 процентке артты.