Мәдениетті дамыту – «Nur Otan»-ның стратегиялық басымдығы
Мәдениетті дамыту – «Nur Otan»-ның стратегиялық басымдығы
232
оқылды

Елордада «Nur Otan» партиясы­ның қолдауымен Walt Disney Pictures студиясының «Энканто» анима­ция­лық фильмінің премьера алдын­дағы көрсетілімі болды. Бұл – «Бо­лашақ» қоры мен «Меломан» ком­па­ниясының бастамасына сәйкес ең жо­ғары стандарттар бойынша қа­зақ тіліне дубляждалып отырған 38-ші кинокартина.

«Болашақ» қорының қамқоршылық кеңесінің құрметті мүшесі Бауыржан Байбек атап көрсеткендей, шетелдік фильмдерді бюджеттен тыс қаражат есебінен мемлекеттік тілге дубляждау – болашақтықтар іске асырған әлемдегі бірден-бір жеке бастама. 2011 жылдан бері жобаға 22 демеуші компания қолдау көрсетті, ал барлық 38 фильмді дубляж­даудың жалпы құны 1,5 млрд теңгеден астам болды.

«2011 жылы біздің «Өзіңнен баста» атты жобамызды еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолдады. Нәтижесінде, 10 жыл ішінде балалар үшін қазақ тілінде 70 сағаттан астам сапалы контент жасадық. Тәуел­сіздіктің 30 жылдығын атап өту қар­саңын­да біз қазақстандықтарға соңғы жобамыз – «Энканто» атты фильмді ықыласпен тарту етеміз. Осы жылдар аралығында бізге қолдау көрсеткен бар­лық актерге, режиссерлерге, әріптестер мен демеушілерге тағы да үлкен алғысым­ды білдіремін», – деді Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, болашақтықтардың бастамасы «Nur Otan» партиясының қолдауымен жалғасын тауып, мемлекет­тік тілде сапалы мультимедиалық кон­тент жасау жөніндегі ұлттық саясаттың бір бөлігіне айналады. «Барша ұлт өкілдерінің өзіндік бол­мыс-бітімін сақтай отырып, қазақ тілін, мәдениет пен дәстүрді дамыту «Nur Otan» партиясының стратегиялық ба­сымдығы болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен партияның Сайлауалды бағ­дар­ламасын жүзеге асыру бойынша Жол картасы ая­сында «Кинематография туралы» заңға өз­герістер енгізу жос­парланған. Кино­театр­ларда қазақ тіліндегі контентті көруге теңдей мүм­кіндік беру мақсатында жыл сайын кемінде 15 анимациялық және от­басылық тамашалауға ар­налған фильмнің дубляжын қамтамасыз етуге мемлекеттік қолдау көрсету көз­деліп отыр, – деді ол. «Уолт Дисней Компани СНГ» ком­паниясының бас директоры Кахабер Абашидзе «Болашақ» қорын 10 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, компания үшін қазақстандық үкіметтік емес ұйыммен ынтымақтастық орнатып, Қазақстанда бірегей мәдени және әлеуметтік жобаларға қолдау көрсету зор мәртебе екенін атап өтті.

«Біз осы елде қазақ тіліне кәсіби дубляж жасаудың қалыптасуына қа­тысушы болғанымызды мақтан тұтамыз. Бірлескен жұмыстың арқасында ТМД елдері аумағында алғашқы болып киноконцерт форматын ұсынып, оны ТВ-ға көшіргенімізге қуаныштымыз. Сондай-ақ біз қордың аутистік спектрі бұзылған адамдар үшін қолайлы орта құру жобасымен балалар мен жастарды қолдау жөніндегі әлеуметтік жобасы аясындағы ынтымақтастықты бағалай­мыз», – деп атап көрсетті өз мәлімде­месінде Кахабер Абашидзе.

Осы жылдар аралығында болашақ­тықтардың жобасы арқасында қазақ тілі Walt Disney компаниясының тарихында 39-шы және екінші түркі тілі болғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ қазақ тілі Шығыс Еуропа мен ТМД елдері үшін шығарылатын голливудтық фильмдердің Blu-Ray-де көруге болатын негізгі 7 тілінің қатарына қосылды. Жобаның арқасында 100-ден астам қазақстандық актер бүгінде Walt Disney Pictures-тің дыбыстық базасында тұр, ал шығарма­шылық және техникалық мамандықтар саласының 203 өкілі Walt Disney Pictures студиясының стандарттары бойынша оқудан өтті. Қазақстан кинотеатрларында «Эн­канто» 25 қарашада қазақ және орыс тіл­дерінде шығып, содан кейін IVI және Megogo онлайн кинотеатрларында қазақ тілінде көруге болатын шетелдік фильм­дер коллекциясын толықтырады. «Эн­канто» – BI Group құрылыс хол­дингінің демеушілік қолдауымен дубляждалып отырған 13-ші фильм.

Ерке ЕРҚОҢЫР