Заңбұзушылық әрекеттер талқыланды
Заңбұзушылық әрекеттер талқыланды
255
оқылды

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалында Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің бірлескен отырысы өтті.

Аталған жиынға «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, партияның облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық филиал жанын­дағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Уалихан Рахиев және кеңес мүшелері қатысты. Отырысты партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев кіріспе сөзімен ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде екі мәселе қа­ралды. Бірінші мәселеге байланысты Шардара ауданы әкімдігі тарапынан сыбайлас жем­қорлықтың алдын алу бағытында атқарған жұмыстары туралы аудан әкімі, партияның аудандық филиал төрағасы Қайрат Жолды­байдың баяндамасы тыңдалды. Аудан әкімдігінде 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы страте­гиясын іске асыруға және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2020 жылдарға 27 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспары бекітілген. Осыған орай аудан әкімі, партияның аудандық филиал төрағасы Қ.Жолдыбай баяндама жасады.

– 2018 жылы – 14, 2019 жылы – 13, 2020 жы­лы 12 семинар мемлекеттік қызметкер­лерді қатыстыра отырып, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы түрлі бағыттағы семинар­лар өткізілді. 2018 жылы «Адал жол» мара­фонында «ең үздік аудан» номинациясын жеңіп алдық. 2018 жылы аудандық газет беттерінде – 202 мақала, ауылдық окург­терде – 10 билборд, 2019 жылы – 143 ма­қа­ла, 11 билборд; 2020 жылы – 124 мақала, 12 билборд және тұрғын үйге адалдық алаңы муралдарының салынуын ұйым­дастырдық. Сонымен қатар 2018-2020 жыл­дары ауданда 2 сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық­бұ­зу­шылық бол­ды, Шардара аудан­дық соты­ның ше­шімімен екеуі де сотта қаралды, – деді ол.

Жалпы, жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылғанымен, сараптама қорытынды­сында бірқатар қала, ауыл әкімдіктері мен дербес бөлімдер тарапынан жоспар тармақтарының орындалуы бойынша кемшіліктер анықталды.

Екінші мәселеде Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасының сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Басқармада 2018 жылы – 14, 2019 жылы – 13, 2020 жылы 12 құқықбұзу­шылық­тың алдын алу бойынша семинар-кеңестер өткізілген. Smart.nation бос жұмыс орындары порталы Enbek.kz порталымен интеграция­ланған. Жоба коррупциялық тәуекелді 50%-дан 2%-ға төмендетіпті. Де­генмен білім саласында біршама заңбұзу­шы­лық әрекеттер анықталып, 2018-2021 жылдары 84 қыл­мыстық іс тіркелген. Оның ішінде 2021 жылдың 10 айында тіркелген 12 қылмыстық іс 1-еуі сотқа жолданып, 4-еуі өндіріспен қысқартылды, 7-еуі те­р­геліп жатыр.

Қазір партияның облыстық филиалына Түркістан облысы бойынша жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда жан басына нормативтік қаржыландыру мәселесі ту­ралы мәліметтер келіп түсуде. Әсіресе Кентау, Саырағаш және Сауран аудандарын­да қаржыландыруда қиындықтар бар. Пар­тияның облыстық филиалының төрағасы Б.Тәжібаев мәселенің өзектілігін айта келе: «2020 жылы партияның облыстық филиалы мен «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының атсалысуымен аталған үш ауданның мәселесі шешілген болатын. Дегенмен қаржыландыру мәселесі қайта туындауда. Былтырғыдай аудан әкімдіктерінің құзы­рында болмағандықтан, Білім басқармасы бұл мәселені жыл соңына дейін шешуді ұйымдастыруы керек», – деп атап өтті. Күн тәртібінде қаралған мәселелер жан-жақты талқыланып, нақты міндеттер жүктелетін тиісті қаулы қабылданды.

А.Жасанұлы