«Ақиқат» журналына биыл 100 жыл толды. Журналдың алғашқы нөмірі 1921 жылдың 15 қыркүйегінде «Қызыл Қазақстан» деген атаумен Орынборда шыққан екен. Кейін екі тілге ауысқан. «Қызыл Қазақстан» – «Красный Казахстан» атауымен шыққан журналдың тігінділері архивте сақталғанымен, ең алғашқы, яғни 15 қыркүйекте шыққан нөмірін зерттеушілер таба алмаған. Алғашқы нұсқасын іздеп, Ташкент, Орынбор, Мәскеу қалаларындағы мұрағат қорына сұрау салып, хат жазған. Алайда 10 жыл бойы хат та, хабар да болмапты.
Журналдың атауы бірнеше рет өзгерді. 1925 жылы шілдеден бастап 1929 жылдың соңына дейін екі тілде «Қызыл Қазақстан» – «Красный Казахстан», 1930-1931 жылдары Алматыда «Қазақстан большевигі» – «Большевик Казахстана», 1932-1938 жылдары «Ауыл коммунисі», 1938-1941 жылдары «Коммунист», 1952-1957 жылы «Қазақстан коммунисі» – «Коммунист Казахстана», 1958-1991 жылы «Қазақстан коммунисі» деген атаулармен жарық көрген. 1991 жылдан бастап «Ақиқат» деп аталды. Әр жылдары журналға Нығмет Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Жандосов және басқа да қазақ зиялылары жетекшілік етті. «Қызыл Қазақстан» журналының алғашқы нөмірі қалай табылды? Сүйінші хабарды жеткізген – шығыстанушы ғалым Мухиддин Бекмырзаұлы. Ол осыдан 10 жыл бұрын «Ақиқат» журналының бас редакторы қызметін атқарып жүрген кезінде журналдың алғашқы нөмірін іздеп, архив аралап кетеді. «Жақында осындай сүйінші хабар алдым. Бұл 10 жыл бойы күткен ақжолтай жаңалық еді. 2011 жылы басылымның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында журналдың арнаулы нөмірін шығару, ғылыми конференция ұйымдастыру жұмыстарын жоспарладық. Сонымен қатар Алаш арыстары журналдың алғашқы сандарында қандай өзекті әрі ұлттық мәселелерді көтергенін білуге мән берілді. Бұл істі тікелей өз міндетіме алдым. Әрине, ол үшін Алматыдағы Қазақ ұлттық кітапханасының Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қызметі бөліміне бару керек. Онда өткен ғасырдың басында шыққан газет-журналдардың тігінділері бар. Осындай мақсатпен Ұлттық кітапханаға келіп, «Қызыл Қазақстан» журналының алғашқы нөмірлеріне тапсырыс бердім. Сирек қордағы қызметкер журналдың алғашқы нөмірі жоқ екенін айтты. Барлық саны бар да, біріншісі жоқ. Енді не істейміз?Хат жіберілгенімен, жуық арада жауабы келе қоймаған. Сөйтіп жүргенде, 10 жыл өте шығыпты. «Табылды» деген сүйінші хабарды жеткізген Толқын Зәмзаева екен. Оған Ресейден хабарласып, журналдың алғашқы нөмірінің электронды нұсқасын алуға болатынын жеткізіпті.Түйткілдің түйінін шешу үшін Сирек қолжазба қорының сол уақыттағы меңгерушісі Толқын Зәмзаева қарындасымызбен ақылдастық. Ойласа келе кітапхананың атынан Орынбор, Ташкент, Мәскеу және басқа да қалаларға журналдың бірінші санын сұратып хат жазайық деген тоқтамға келдік. Хат жіберілді. Өкінішке қарай, қуанышты хабар болмады», – дейді шығыстанушы ғалым.
Журнал төте жазумен берілген. Алғашқы нөмірде қалың мал, құн төлеу туралы декрет беріліпті. Автор ретінде Әлібеков пен Бөкейханов қол қойған. Одан бөлек, Екінші жалпы қазақ съезінің қаулысы басылыпты. Оған қол қойған Кіндік комитет бастығы Меңдешов. Журналға алыс-жақын шетел жаңалықтары да басылған. Қытай, Корея, Швейцария, Ауғанстан, Италия елдері туралы хабарлар берілген. Журналдың жалпы көлемі – 43 бет. «Журналды саралай келе, жарияланған мақалалардың негізінен авторы көрсетілмегенін және біразы «Степная правда» газетінен аударылып басылғанын байқадық. Сондай-ақ өткен ғасырдағы Қазақстандағы жағдай, үгіт-насихат жұмыстары жөніндегі материалдарға да орын берілген. Атап айтқанда, Кеңес өкіметінің кедейлер мен қара шаруаға қатысты ұстанымдары, жаңа өкімет тұсындағы сайлау құқы туралы түсіндіру жұмыстарының жүргізілу барысы басылған. Сонымен қатар журналдың құрылымы басқармадан деп аталатын кіріспе бөліммен басталып, саяси, экономика, жастар бөлімі, ел ішіндегі және шет мемлекеттердегі жағдайлар және әртүрлі жаңалықтар сияқты бөлімдерге бөлінген. 1921 жылы елімізде болған аштық, ауыл шаруашылығын дамыту, оның ішінде адайлардың егін егу ісін қолға алғаны туралы мақалалар басылған. Әрине, қоғамдық-саяси журналдың алғашқы нөміріне Алаш зиялылары не жазды екен деген ой жетелегені жасырын емес. Бірақ авторлары көрсетілмегендіктен, нақты анықтау мүмкін болмады.«Осылайша, ұлттық баспасөз саласында өзіндік орны бар қара шаңырақ «Ақиқаттың» («Қызыл Қазақстанның») алғашқы нөмірі қолға тиді. Журналдың жарияланған уақыты 1921 жылғы 1-15 қыркүйек деп көрсетілген. Жоғымыз табылды. Бұл ұлттық баспасөз үшін елеулі жаңалық болады деп ойлаймыз», – дейді Мухиддин Бекмырзаұлы.
Мұнда журналдың мұқабасы және мазмұны екі тілде берілген. Сондай-ақ қалың мал, құн төлеу мәселесіне арналған мақалалар мен Екінші жалпы қазақ съезінің қаулысы басылған беттерді оқырманға алдын ала ұсынып отырмыз.Тағы бір көңіл аударатын дүние осы нөмірде Әділет комиссары Ғ.Әлібеков пен Кіндік комитеттің секретары Ғ.Бөкейханов қол қойған Қазақ ішінде қалың малды жоғалту туралы декрет (закон), Қазақ ішінде құн төлеуді жоғалту туралы туралы декрет жарияланыпты. Сонымен бірге 11 мәселе қамтылған Екінші жалпы қазақ съезінің қаулысы басылған. Оған Кіндік комитет бастығы Меңдешев қол қойыпты», – дейді Мухиддин Бекмырзаұлы.
Қалай десек те, жазылған, жарыққа шыққан құнды дүниелердің жоғалмай, құртылмай, сол күйінде оқырманына қайта жеткенінің өзі – біз үшін үлкен олжа. Журналдың бағыты қандай болды, қандай өзекті мәселелер көтерді, мақалалардың бағыт-бағдары қандай болды, нендей дүниелер ашық айтылды, мұның бәрі – алдағы уақыттың еншісінде. Журнал төте жазумен шыққандықтан, оны егжей-тегжейлі зерттеп-зерделеумен ғалымдар айналыса жатар. Бастысы – тарихымыз түгенделіп, жоғалғанымыз табылды. Тәубе!«Өткенімізден хабар беретін осындай дүниелердің табылғанына шүкіршілік етеміз. Бұл ұлттық баспасөз үшін елеулі жаңалық болады деп ойлаймыз. Енді алдымызда журналдың сарғайған парақтарын егжей-тегжейлі зерделеу мәселесі тұр», – дейді ғалым.
Гүлзина БЕКТАС