"Мұқағали" фильмі халықаралық фестивальде жүлделі болды
"Мұқағали" фильмі халықаралық фестивальде жүлделі болды
240
оқылды

Белгілі режиссер Болат Қалымбетов түсірген «Мұқағали» фильмі «Темные ночи» атты 25-ші Таллин кинофестивалінде (PÖFF) экуменикалық қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды, – деп хабарлайды Қазақфильм.

Бұл туралы фестиваль ұйымдастырушылары «Эстония» концерт залында өткен шараның жабылу салтанатында жария етті.
«Фильмнің поэзиялық тілі мен ерекше көркемдігі адам жанын ерекше сезімге бөлейді. Нағыз рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған кинотуынды», – деді Эстонияның діни ұйымдары өкілдері кірген экуменикалық қазылар алқасы.
Айта кетсек, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған кинотуынды аты аңызға айналған ақын өмірінің соңғы жылдары туралы баяндайды. Фильмнің сценарийін белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек режиссер Болат Қалымбетов және Ғазиз Насыровпен бірге жазды. Аталған кинотуынды биыл 21 қазанда прокатқа шыққан болатын.