Шәкәрімнің Саят қорасы күн астында тозып барады
Шәкәрімнің Саят қорасы күн астында тозып барады
873
оқылды

Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы аумағында туристерге ұялмай көрсетуге тұрарлық киелі жерлер аз емес. Соның бірі – ұлы Абайдың немере інісі, ақын, ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірінің соңғы кезеңдері өткен, қаншама құнды шығармалары дүниеге келген Саят қора.

Абайтанушылардың айтуынша, ақын мұнда 1925 жылдан қаза тапқан уақытқа дейін тұрған. Бұл туралы Ахат Шәкәрімұлы: «1925 жылы Кереймен жапсарлас, Шақпақтың күнгей бетінен, бұрынғы қорасынан он бес шақырымдай ары, жайлаудан әкейге жаңа қора салып бердік. Бір там, бір шошала, айналдыра салған пішен қора, ат қорасы болды. Өзі өлгенше сол қорасында болды. Қыстай сол қорасында жазуын жазып, кітаптарын оқып жатады» деп жазады. Өкінішке қарай, алаш ардақтысының алақанының табы қалған аяулы мекен бүгінде аянышты күйде. «Саят қораның мүжілген қабырғалары да жоғалып барады. Жауын мен қар астында қалған, малдың таптауына түскен тарихи орынды қайта қалпына келтіру бүгінгі күннің басты міндеті деп білемін. Бірақ бізде қайта жаңғыртамыз деп толығымен тарихи ғимаратты күреп тастап, жаңадан қалап ескілік құнын жоғалтып жіберетін жайлар да кезігіп жатады. Біздің ұсыныс: бүгінгі күнге жеткен Шәкәрім мен балаларының өздері қалаған кірпіштерді сақтай отырып, ары қарай қайта қалап шығып, төбесін жабу. Бұл елімізде де, әлемдік тәжірибеде де бар. Оның айқын көрінісі – Тараздағы Айша бибі кесенесі. Сонымен бірге Саят қораның жан-жағын толық қоршау, арнайы белгі қойып, спутниктен алынған координаттарын белгілеу кезек күттірмейтін мәселе» дейді абайтанушы,  Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір. Жергілікті өлкетанушы Әсет Медеуханұлы Шәкәрім қажы 1912 жыл мен  1924 жылдары Кеңқоныс деген жерден қора салдырып, сонда тұрғанын айтады. Демек, бұл бірінші – Саят қорасы. «1924 жылы ол жерді колхоз алып қояды да, 1925 жылы балалары Қарабұлақ деген жерден жаңа қоныс салып берді. Яғни, Шәкәрімнің шошаласы тұрған мекен. Жергілікті ақсақалдардан Шәкәрімнің Саят қорасы өткен ғасырдың 60 жылдарына дейін аман тұрғанын, жақсы сақталғанын естігенім бар. Төбесі шілікпен жабылған, ортасында жал пеші және үйдің қабырғасымен жапсарлас кітап қоятын таушалары болған дейді. Кейін қараусыз қалған. Қазір төрт қабырғадан бір жарым-ақ қабырға қалған. Ішіне шөп өсіп кеткен. Басында қойылған ескерткіш белгі ғана бар. «6 жыл Шәкәрімге қоныс болған мекен ғой. Орнын сақтап, сыртын темір шарбақпен қоршап немесе қайтадан қалпына келтіруге болмай ма?» деген пікірімізді талай мәрте айттық, жаздық. Бірақ «баяғы жартас – сол жартас» күйі қалып келеді. Осындай тарихи орынды Семейдегі Абай музейінің балансына алса да артық болмас еді. Шәкәрімнің көзін көрген, Құрқұдыққа тасталғанына куә болған, Семейдегі Абай музейінде жұмыс істеген Қабыш Кәрімқұлов ақсақал «Жартас тауды ықтай салған үйі кең. Оюлы сырмақ үстіне жайылған көрпе-көпшік, жер үстелдің үстінде жазылған қағаздар... Үюлі кітаптары мол. Түскиіз тұсына гармон, домбыра, сыбызғы, бытыра, мылтық, ағаш, шоқпар, күмістелген кесе, дәндеку оқшантайы, мүснәгі, пышағы қынымен, бір киер киімдері, қамшыға дейін ілулі. Пеш іргесіндегі тай тері үстінде тазы жатыр, қабырғалас бір қорада байлаулы ат тұр. Бұрыштағы тұғырда бүркіті томаға астынан бізге үркектей қарайды» деп  Қарабұлақты керемет суреттеуші еді. Талай әңгіме білуші еді, кезінде құнттамаппыз соны. Менде талай идея болған. Сол жерде бұлақ бар. Сол бұлақ басына шіркін-ай Шәкәрімнің атының сұлбасын жасап, Саят қоры орнына музей салмаса да, сыртын қоршап, Саят үйі де деп жазып қоюға болар ма еді» дейді Әсет Мырзақасымов. Ерекше атап өтер жәйт, аудан орталығы Қарауылдан 100 шақырымға жуық жерде, Шұбартау өңіріне таяу орналасқан Саят қораға барар жолда Көкбай ақынның кесенесі, ал Саят қораның маңында Шәкәрім дүниеге келген Кеңбұлақ, алғашқы қонысы Кеңқоныс, Шәкәрім атылған жер Керегетас, 30 жыл денесі жатқан Құрқұдық, ұлы Абай дүниеден озған бала Шақпақ деген тарихи мекендер бар. Кеңқоныстан басқасына ескерткіш белгі де қойылған. Сәл әрірек Байқошқарға қарай жүрсеңіз, һәкімнің жаз жайлауы болған, «Жаздыкүн күн шілде болғанда» өлеңі дүниеге келген Көпбейіт тұр. «Мұның бәрі «Абай жолында» суреттелетін жерлер. Шыңғыстаудың жазғы табиғатын көрем деген жандар осы жаққа келгені ләзім. Жаз кезінде «Абай жолындағы тарихи жерлерге саяхат» деп арнайы туристік бағыт ашса да болады. Қазіргі таңда «Абай-Жидебай» қоғамдық қоры көптеген тарихи жерлерге белгі қоюды бастады. Осы жерлерге де белгі қойып, GPS координаттарын анықтап, кітаптар шығаруды жоспарлауда» дейді Жандос Әубәкір. Мәселенің мән-жайын білейік деп Абай аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Елдар Оразалинге хабарластық. «Саят қора облыстағы жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енген. Бұл ескерткішке енді Көкбай ауылдық округі қарайтын болады. Ал Саят қораны қалпына келтіруге аудан бюджетінде қаражат жеткіліксіз. Ұлы Абайдың 170 жылдығы қарсаңында үш бағытта туристік маршрут әзірленген. Оның ішінде осы «Жүрекадыр-Тақыр-Көкбай кесенесі-Саят қора» бағыты да болған. Бірақ жоба сол жоба күйінде қалды. Бекітілген жоқ» деді бөлім басшысы.