Түркістаннан теріскейге 4 мыңдай адам көшіп барды
Түркістаннан теріскейге  4 мыңдай адам көшіп барды
156
оқылды
2013 жылы Үкімет қабылдаған «Жұ­мыс­­­пен қамту 2020 Жол картасы» бағ­дар­ламасы аясында республиканың хал­қы тығыз орналасқан аймақтарынан жұмыс күші тапшы өңірлерге еңбекке қабілетті отбасыларды көшіру міндеті қойылған болатын. Осы жобаны жүзеге асыруға әр облыс өз мүмкіндігіне қарай ат­салысып келеді. Содан бері жыл сайын оңтүстіктен солтүстікке қарай бет түзе­ген көш қарасы толас тапқан жоқ. Аталған бағдарлама Елбасы Н.Назарбаев­тың Қазақстан халқына арнаған «Қазақ­станның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсе­кеге қабілеттілік» Жолдауында көрініс тапқан. Онда басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, сондай-ақ ауылдардан қала­ларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қол­дау көрсету керегі айтылған. Осыған орай оң­түстік аймақтарға Қостанай, Павлодар, Сол­түстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген делегациялардың қаты­суымен жұмыссыздарға арналған «Өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» жиі ұйымдастырылатын болды. Нәтижесі жаман емес. Тек соңғы 5 жылда «Еңбек» бағдарламасы аясында Түркістан облысынан Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарына 9 733 адамды құрайтын 2 525 отбасы қоныс аударған. Ал биыл көшкендер саны еселеп артып, 3 730 мүшесі бар 816 отбасы солтүстік облыстарға көш түзеген. Бүгін бұл туралы «Nur Otan» партиясының жанындағы республикалық қоғамдық кеңестің онлайн отырысында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев мәлім етті. Жиынға Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы жанындағы Жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі республикалық қо­ғам­дық кеңестің төрағасы Елнұр Бейсенбаев төрағалық етіп, жауапты министрлік пен облыс әкімдіктерінің есебін тыңдады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-ми- нистрі Ержан Біржанов, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиндер қатысып, өз ойын ортаға салды. Сарапшылардың пікірінше, осы бағдар­лама арқылы оңтүстік аймақтардағы елді мекендердің тығыздығын азайтып, сондай-ақ солтүстік өңірлердегі жұмыс күші тапшылығын шешуге болады. Яғни, «бір оқпен екі қоянды атып алудың» мүмкіндігі үлкен. Оның үстіне, солтүстік-шығыс өңірлерде қаракөз қандас­тарымыздың үлес салмағын арттырып, демографиялық мәселені де ешқандай ың-шыңсыз оңтайлы шешіп алуға болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі соңғы 10 жылдағы ішкі миграцияға талдау жүргізіп, нәтижесінде Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау және Алматы облысы тұрғындарының бір бөлігін Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Павлодар және Қостанай облысына көшіруді арттыру қажет деп тапқан. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, қазірден бастап халықтың орналасуында теңгерімсіздік бар. Халықтың 38 пайызы оңтүстік өңірлерде қоныстанған. Ал Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы халық саны 17 пайызды құрайды. Егер мұндай үрдіс жалғаса беретін болса, 2050 жылға қарай оңтүстік халқының саны болжам бойынша 5,2 млн адамға жетеді. Бұл – солтүстіктегі тұр­ғындар санынан 4 есе көп болады деген сөз. Қазірдің өзінде оңтүстік облыстарда жаңа туған 100 сәбиге 12 қариядан келеді. Ал сол­түстікте 100 сәбиге 53 қарт адамнан келеді. Яғни, әлден-ақ еңбек ресурсы мәселелері туындай бастады. Жалпы, бағдарлама басталғалы Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарынан арнайы делегациялар Түркістан облысына тұрақты түрде келіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргіз­ген. Қалған екі облыста бұл жұмыстар баяу. Сондай-ақ биыл жеке кәсіпкер, қоғам белсендісі Жаңабай Ағабеков өз қаражаты есебінен автобус жалдап, облыстан 30 адамның Павлодар облысына барып-қайтуына демеушілік жасаған. Нәтижесінде, барып қайтқан 30 адамның 28 отбасы Павлодар облысына қоныс аударған. «Көші-қон жұмыстарын жандандыру үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен облыс әкімдіктерінің қолдауымен үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер де атсалысуы керек. Сондай-ақ ол солтүстік өңір әкімдіктерінің халық көп қоныстанған Сайрам, Жетісай және Сарыағаш аудандарында фронт-офис түрінде өкілдігін ашуды қолға алу қажет. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы бойынша жұмыс атқарғысы келетін кәсіпкер­лерге логистикасы дамыған елді мекендерден жылыжайлар мен мал бордақылау алаңдарын салу үшін 1-2 пайызбен жеңілдетіл­ген несиелер, субсидиялар, гранттар беру қажет деп есептейміз. Солтүстік пен шығыс­тағы ауылдарды көріп, жағдайымен танысып қайту үшін азаматтарға бірреттік жолақы қаржы қарас­тыру керек. Қазір бұл мәселе демеушілер ар­қылы шешілуде. Бірақ ол уақытша іс», – деді Бейсен Дәулетұлы. Сондай-ақ ол оңтүстік өңірден ерікті түрде қоныс аударуға ниет білдірген азаматтарға көшіп баратын өңірден 1 айлық жатын орнымен қамтамасыз ететін орталық ашуды да ұсынды. Солтүстікке көшкен азаматтардың несие қарызын өтеуді 1 жылға шегеру, некеде тұрғандарды баланстық құнның қалдық құнымен 5 жыл өткеннен кейін жекешелендіру құқығымен пәтерді жалға беру, оңтүстік өңірдегі ірі кәсіпкерлері мен іскер азаматтарына солтүстіктен шаруашылық мақсаттағы жерді жалға беру ісін жандандыру қажет деп есептейді. Егер бір кәсіпкер 10 немесе 20 отбасын көшіріп, оларды жұмыспен қамтыса, мемлекеттік қолдау көрсетілуі тиіс. Көпбалалы отбасыларға, «Күміс алқа», «Алтын алқа» иелеріне ерекше жағдай, қосымша көмектер үйлестірілуі керек деген ұсыныстар да айтылды. Отырыста «Серпін» мемлекеттік бағдар­ламасы туралы да сөз болды. «Серпін» бағдарламасы бойынша солтүстік өңірлердің жоғары оқу орындарында грантпен оқу мүмкіндігі қарастырылған. Аталған бағдарлама аясында соңғы 5 жылда Түркістан облысы бойынша жоғары оқу орындарына 10 364 жас оқуға қабылданған. Биыл «Серпін» жобасы­ның 320 түлегі оқуды аяқтағанымен, Солтүстік өңірлерде тұрақты жұмысқа тұра алған жоқ. 2019 жылы 5 109 грант бөлініп, 2 292 адам оқуға түссе, 2020 жылы 979 адам ғана қабыл­данған. Гранттарды толық үлестіру жұмыс­тарын жауапты министрлік тиянақты түрде жүргізуі тиіс. Жиынды қорытындылаған кеңес төрағасы Е.Бейсенбаев жиын барысында айтылған ұтымды ұсыныстардың бағдарламаларға енгізілетінін жеткізді.

Дәулет АСАУ