Кәсіпкер Қуаныш Сүлейменовті өзінің туып-өскен мекені Жарма ауданы ғана емес, облыс жұртшылығы жақсы біледі десек, артық айтпаған болармыз.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының 2017 жылғы жеңімпаздарының бірі, облыстық мәслихат депутаты, «QAZAQ AQBAS» республикалық палатасы директорлар кеңесінің төрағасы, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісінің иегері бүгінде қазақтың ақ бас сиырын өсірумен шұғылданатын Жарма ауданындағы «Шалабай» ЖШС-нің бас директоры қызметін атқарады. Екі жүзге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған шаруа қожалығында қазір 3 мыңға тарта асыл тұқымды түлік өсірілуде. Жұмысшыларға да барлық жағдай жасалған. Мұндағы жұмысшылар күндіз мал жайса, кешке бильярд ойнайды. Бұл туралы сәл кейінірек. Әрине, біздің кейіпкеріміз мұндай жетістікке бірден қол жеткізбегені анық. 2017 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен бірге Елбасымен кездескен кәсіпкердің ауыл шаруашылығы саласына ұстаздықтан келгенін біреу білсе, біреу білмеуі де мүмкін. Қуаныш Сүлейменов неге мұғалімдікті тастап, кәсіпкерлікке, кәсіпкерлік болғанда ата кәсіп мал шаруашылығына біржола бет бұрды? Мұның да өз себебі бар екен. «Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында, яғни, тоқсаныншы жылдар ортасында кеңшар құлап, ауылдағы шаруашылықтар тарап кеткен еді. Жұмысымды 2000 жылдардың басында тарих пәнінің мұғалімінен бастадым. Ауылдан бәрі көшіп кетіп жатты. Шалабай ауылындағы 2 мың адамнан 4 жылдың ішінде 1100 тұрғын ғана қалды. Мектептегі 300-ден астам оқушы 130-140-қа дейін түсті. Кіндік кескен мекеніміз көз алдымызда қирап, күннен-күнге ажары кете бастады. Қазақтың атақты ақ бас сиырының отаны саналған, кезінде 8 жарым мыңға дейін Қамбар ата түлігін өсірген Шалабайда бірде-бір асыл тұқымды мүйізді қалмады. Осы жайт жаныма қатты батты. Сөйтіп жүргенде бір күні «Қазақстан инвестициялық қоры» АҚ президенті Зейнолла Кәкімжановтың «Экспресс-К» газетінде жарияланған сұхбатын оқыдым», – деп бастады әңгімесін бұрынғы мұғалім, бүгінгі кәсіпкер. Расында, бұл сұхбат кейіпкеріміздің ғана емес, кезінде атағы дүркіреген Шалабай ауылының да өміріне өзгеріс әкелерін ол кезде ешкім де болжамаған болар. Содан не керек, құрып кеткен ақ бас сиырды қайта қалпына келтіру үшін инвестор таппай аһ ұрып жүрген Қуаныш Сүлейменов аталған газет арқылы Қазақстан инвестициялық қорының басшысына хат жазады. Бір жарым жылдан кейін көмекшісі хабарласып, З.Кәкімжановпен кездесіп, сол кісінің қолдауының арқасында «Шалабай» мал тұқымын асылдандыру зауытын қалпына келтіруге кірісіп кетеді. «Ол кезде ауылда мектеп директоры едім. Қазақстан инвестициялық қорының басшысы қазақтың ақ бас сиырын қайта қалпына келтіремін, туған ауылыңның туын биік көтеремін, еңсесін тіктеймін десең, мектептегі жұмысыңды таста, бірыңғай осы іспен шұғылдан», – деген соң мектептен кетуге тура келді. Ұйғарымымды мектептегі әріптестеріме айттым. Ол кезде арамызда бір зоотехник, бір мал дәрігері жоқ. Жігіттер қолдады. «Барайық, көрейік» деді. «Туған жеріміз, өскен мекеніміз. Ата-бабаларымыз осында жатыр. Ауылдың тарағаны біздің де жанымызға батып жүр», – деді. Сөйтіп, кірісіп кеттік. Жұмыс нәтиже беріп, 2006 жылдың қазанында Ұлан ауданындағы «Багратион» шаруа қожалығынан 155 бас қазақтың ақ бас сиырын сатып алдық. Осылайша «Шалабай» мал тұқымын асылдандыру зауытының қайта өркендеу дәуірі басталды», – дейді Қуаныш Сүлейменов. Елмен бірге қиындық кешіп, елмен бірге сол қиындықты еңсерген кәсіпкер бүгінде Шалабай халқының жағдайы жақсарғанын, 1100 тұрғынның саны 1600-ге жуықтағанын, қазір ауылда сатылатын үй емге табылмайтынын айтады. «Жұмысшылар күндіз мал жайса, кешке бильярд ойнайды» дедік қой жоғарыда. Ол рас. Мұнда малшыларға арнайы жатақхана салынған. Жатақхана деген аты болмаса, кешеннің ішінде монша да, сауна да, бильярд та бар. Жантайып жатып кино көремін десеңіз де еркіңіз. Шалабайлық малшылардың «Жұмыста емес, шипажайда жүрміз» дейтін әзілінің бекерге айтылмағанын осыдан-ақ аңғаруға болатындай. Қ.Сүлейменовтің сөзіне сенсек, бұл демалыс үйлері Аргентина мен Жапониядағы үйлердің үлгісінде салынған. Күз бен қыста жұмысшылар тұратын жатақхана 2015-2016 жылдары жаз уағында лагерьге айналдырылып, Жарма ауданындағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары тегін тынығып қайтыпты. Туған ауылынан кіндік үзбеген азамат өзі оқып, білім алған, ұстаздық қызмет атқарған мектебін де назардан тыс қалдырған емес. «2013 жылы ауылдағы мектепке бардым. Байқасам, 5-ке оқитын балалардың саны азайып, 20-ға түсіпті. Сосын мектеп директорына «Үздік оқитын оқушыларды жыл соңында, яғни соңғы қоңырауда ақшалай сыйлықпен марапаттап отырсақ қайтеді. Оны жыл басында өздеріне ескертіп айтып отырайық» деген ұсыныс айттым. Міне, 5 жыл ішінде үздіктер саны 20-дан 67-ге дейін жетті. Үлкен қалаларда мүмкіндік көп қой. Үйірме де көп. Ауыл балаларының оқуға деген ынтасын арттыру мақсатында осы істі қолға алдым», – дейді кәсіпкер. Осылайша Қуаныш Сүлейменов Жарма ауданындағы үш мектептің (Шалабай, Бірлік, Әди Шәріпов ауылы) үздік оқитын оқушыларына жыл сайын 15 мың теңгеден сыйақы беріп келеді. Осының нәтижесінде аталған ауылдарда оқушылардың білім деңгейі біршама көтеріліп, Шалабай ҰБТ-дан ауданда көшбасшы елді мекендердің қатарынан көрініпті. Кәсіпкер туған ауылынан көмегін аяған емес. Атымтай жомарт азамат Шалабайда 6 жарым миллион теңгеге хоккей корты мен жаттығу залын ашып, тойхана мен қатымхана салып беріпті. Мәдениет үйін салу үшін жобалық-сметалық құжат жасауға 12 миллион теңге бөліпті. Қазақтың ақ бас сиырының тұқымын қайта жаңғыртып, ауылын ажарландырған азаматтың тағы бір жоспары – Қамбар ата түлігінің санын 10 мыңға жеткізу. Бұл – алдағы 5-6 жыл мұғдарына межеленген шаруа. Дәл қазіргі уақытта ақ бас сиырдың өнімдерін жеке бренд ретіне саудаға шығару үшін сауда нүктелерін ашумен шұғылданып жатқан көрінеді. Туған жерден табан тайдырмай өсіп-өнген мекенін өркендетуге үлес қосып жүрген азамат Тәуелсіздіктің 30 жылында еліміздегі көптеген ауылдардың қайта жанданып, түлеп-түрленгеніне қуанады. «Туған жерді түлету – елін-жерін сүйетін патриот азаматтардың қолында. Туған жерге қызмет ету – перзенттік парызымыз», – дейді Қуаныш Сүлейменов.Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы