Ұлыбританияда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ұлықталды

Тәуелсіздіктің

Ұлыбритания парламентінің қауымдар палатасының депутаттары іргесі бекіп, нығайған, экономикалық әлеуеті арта түскен қазақ елінің жетістіктеріне тілеулестік білдіріп, басқосу өткізді. Осы жиын-тойда Тәуелсіздік туралы кітап та көпшілікке таныстырылып, Елбасы Н.Назарбаевтың елеулі еңбектері жайлы сөз болды.

1991 жылы Қазақстан туралы Ұлыбританияда көп адам біле бермейтін. Ел егемендігін ал­­ғаннан кейін тура бір ай өткен соң екі ел арасында дип­ломатиялық әріптестік орнатылды. Бүгінде Біріккен Корольдік – Қазақстан эко­номикасының ірі инвестор­ларының бірі. 30 жыл ішінде көптеген сала бойынша екі­жақты қарым-қатынас орнатылып, өзара ынтымақтастық жаңа сапаға көтерілді.

– Қазақстанның 30 жыл ішінде жеткен жетістіктері таң­ғалдырады. Аяғына енді тұра бастаған жылдары Ұлы­британияның өзінде мұндай ілгерілеушіліктер болды деп ойламаймын. Демократияcы мінсіз мемлекетке айналуымыз үшін 800 жыл қажет болды. 1991 жылы Кеңес үкіметі ыдырап, Қазақстан егемендігін ал­ғаннан бері күрмеуі қиын мә­селелерді шешіп келеді, – деді Ұлыбритания парламенті қауымдар палатасы­ның депутаты Боб Стюарт.

Кембридж университеті Білім беру инновациялары департаментінің директоры профессор Коллин Маклафлин 30 жыл көлемінде еліміздің білім жүйесінің дамуына үлес қосып келе жатқан британия­лықтардың бірі. Әлемдік педагогикада мойындалған ғалым Назарбаев зияткерлік мектебі сияқты бірегей жобаға өзінің қатысы бар екенін мақтан тұтады.

– Назарбаев зияткерлік мектебі өзгеріп, дамып отырды. Мен оны инновациялық-эксп­ерименталды оқу орны деп те атаймын. Білім беру бағдар­ламасы жетілдіріліп, оны ел ішіндегі бүкіл мектепке енгізуге тырысты. Бірегей жұмыс нәтиже беріп, оның пайдасын бүкіл халық көріп отыр деп ойлаймын, – дейді профессор.

Іс-шара барысында «Қазақ­станның 30 жылы: оянған Ұлы дала» атты кітап көпшілік назарына ұсынылды. Ол Тәуелсіз Қазақстанның түрлі кезең­дері­не арналған эсселер жиынтығы­нан тұрады. Елдің тарихы, саяси, экономикалық және білім саласындағы реформалары, инвестиция, сыртқы саясаттағы жетістіктері, мәдениет, туризм – бәрі қамтылған. Жобаға беделді британиялық, халық­аралық және қазақстандық сарапшылар тартылды. Кітап 2 мың данамен басып шы­ғарылды. Сондай-ақ оның онлайн нұсқасы қолжетімді бол­мақ.

Мадияр Төлеу

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.