Тәуелсіздік таңында...
Осынау алмағайып кезеңде 1992 жылдың 17 қаңтарында Кремльдегі Съездер сарайында Бүкілодақтық офицерлер жиыны өткен. Бұл басқосудың мақсаты ыдырау барысында тұрған әскери құрылымның тарихи сабақтастығын сақтап қалуға үндеу болатын. Бұл жиында Елбасы әубастан-ақ берік ұстанған Еуразиялық кеңістік ұстанымын паш етіп, Достастық елдерінің бірлескен күштерін құру идеясын қолдайтынын білдірді. Мұндағы басты мақсат посткеңестік мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болатын. Қазақстан Нұрсұлтан Әбішұлы жария еткен бұл идеяға әлі күнге дейін адал болып қалып отыр. Осы жиыннан соң Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге сәйкес Елбасының 1992 жылдың 7 мамырындағы Жарлығымен Қазақстан аумағында орналасқан Қарулы Күштер барлық мүліктерімен қоса еліміздің қарауына өтті. Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Елбасы өз қолына алды. Бүгінде бұл дата елімізде «Отан қорғаушылар күні» болып тойланады. Қалай болғанда да, бұл кезең штаттық кесте бойынша офицерлердің 40-45% пайызы ғана қалған, әскерді басқарудың бірыңғай жүйесі жоқ, ескірген техника мен әскери базалар, тәжірибелі ұшқыштар мен отын жетіспейтін, тек әуешабуылына қарсы қорғаныс жүйесі ғана қалған уақыт еді. Жоғарғы Бас қолбасшының сарабдал саясатының арқасында содан бергі 30 жылда Қазақстанның Қарулы Күштері тоқыраулы құрдымнан доктриналы құрылымға айналды.Доктрина – әскери тұжырымдама
Елбасының тікелей тапсырмасымен ел тарихында қабылданған бес Әскери доктринамыздың барлығында да қорғанысқа басымдық берілген. Әйтсе де, бұл құжаттарда елге төнуі мүмкін ықтимал қауіп-қатерлер мен әлемдегі әскери-саяси жағдайлар ұдайы ескеріліп отырды. 1993 жылы ақпанда еліміздің бірінші Әскери доктринасы қабылданды. Бұл құжатқа Қарулы Күштердің заманауи сипатын айқындау, оның нормативтік-құқықтық негізін құру және Қазақстан әскерін құру қағидаттары енгізілді. Оның аясында офицер мамандарды даярлау, Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын ұйымдастыру және жасақтау ісін жолға қою, әскери тәртіпті арттырып, құқықбұзушылықты түп-тамырымен жою сияқ-ты көптеген мәселенің тез арада шешімін тапты. Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамы айқындалып, мемлекеттің әскери географиясы ықтимал қауіптер негізінде қайта қаралды. Осылайша, өздерінің тиісті стратегиялық мақсаттары бар үш әскер түрі – Құрлық әскері, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштері бекітілді. 2000 жылы ақпан айында екінші Әскери доктрина қабылданды. Онда Қарулы Күштерді қайта құру және реформалаудың басым бағыттары нақтыланды. Алғаш рет Қарулы Күштерді жалпы ішкі өнімнің 1%-нан кем емес көлемде кепілдендірілген бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру қағидасы бекітілді. Ал 2007 жылы наурызда қабылданған үшінші Әскери доктринада өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің белгіленген аймақтарда әскери қауіпсіздік міндеттерін шешу мәселелеріндегі дербестігін қамтамасыз ету жайы айқындалды. 2011 жылғы қазан айындағы төртінші доктринада сыртқы әскери қауіпке лайықты ден қою және Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысу аясын кеңейту туралы айтылған. 2017 жылы еліміздің бесінші доктринасы қабылданды. Онда әлемдегі соңғы ахуалға сәйкес, мемлекеттің әскери қауіпсіздік пен қорғанысын қамтамасыз ету саласындағы негізгі бағыттары анықталды. Нақтылай айтқанда, ел әскерінің бүгінгі деңгейге жетуі Елбасының қорғаныс саласын нығайтуға байланысты белгілеп берген басымдықтары мен міндеттерінің орындалуы арқасында жүзеге асты.Провинциялық әкімшілдіктен халықаралық әріптестікке
Қарулы Күштер құрылған сәттен-ақ Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әріптестіктің маңыздылығына да баса назар аударды. Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі күш-жігерді біріктіру қажеттілігі бейбітшілік риторикасының алғышарты еді. Осы идеяны Еуразия кеңістігінде шынайы ұстанымға айналдырған Елбасының ерен еңбегінің арқасында Ұжымдық қауіпсіздік шарты (кейіннен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы) шеңберінде жүзеге асырылған коалициялық әскери құрылымның негізі қаланды. ТМД-дағы тиімді шешімдердің тағы бірі – 1995 жылы 10 ақпанда ұйымға мүше мемлекеттердің мүддесін көздейтін Біріккен Әуе қорғанысы жүйесін құру туралы шешімнің қабылдануы еді. Бұл жүйесінің мақсаты ТМД елдерінің әуешекараларын қорғау, әуекеңістігін пайдалануды бақылау, аэроғарыштық шабуыл қаупі мен оның басталуын алдын ала ескерту, ұйымға мүше мемлекеттердің аса маңызды нысандарын әуешабуылдарынан қорғау болып табылды. Елбасының халықаралық қауымдастық алдындағы зор беделінің арқасында Қазақстан әскери ынтымақтастықтың да көпвекторлы бағытын ұстанды. НАТО-мен, сондай-ақ АҚШ, Қытай Халық Республикасы, Түркия, Германия және басқа да мемлекеттермен әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық орнатылды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы қатарлы бірлестіктер аясында бірлескен әскери жаттығулар өткізілді. НАТО күштерімен бірге антитеррорлық дайындықтар жүргізілді. Қазақстан Қарулы Күштері ТМД-ның сыртқы шекарасын қорғауға да атсалысып, 9,5 мыңнан астам сарбаз бен офицеріміз тәжік-ауған шекарасын күзетуге қатысты. Ал 2005-2008 жылдар аралығында «Қазбат» батальоны Ирак жерін минадан тазарту жұмыстарына белсене көмектесті. Бүгінде Қазақстан Қарулы Күштерінде Ресей, Беларусь, Израиль, Түркия, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы, АҚШ, Франция сияқты мемлекеттердің түрлі техникасы қолданылып жүр. Еліміздің әскери-өнеркәсіптік кешені радио-электронды байланыс құралдарын, радиолокациялық жабдықтарды, түнде көру құрылғыларын, бронды көліктерді, әскери катерлерді құрастырып, патрон өндіретін деңгейге жетті. Халықаралық Global Firepower рейтингінде биыл Қазақстан әлемнің 140 елінің ішінде әскери қуат деңгейі бойынша 62-орында тұр. Global Fire Power бұл рейтингті 50 критерий бойынша жасаған. Оның ішінде қорғаныс шығындарының деңгейі, техника және жабдықтар арсеналы, әскер саны, танктер, кемелер, ұшақтар және басқа да әскери техникалар саны, мұнай өнімдеріне қолжетімділік және армияның жауынгерлік қабілетіне әсер ететін басқа да факторлар бар. Рейтингте елдің ядролық қаруының болу факторы ескерілмеген. 2020 жылы Қазақстан әскер қуаты бойынша рейтингте 63-орынды иеленген еді.Нұрлан ҚОСАЙ