Ұлылардың соңғы тұяғындай болған, бір ғасырдың куәсі Шәкір Әбенұлы 1901 жылы 1 наурызда қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Құндызды ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты Мұхамедшүкір. Әбен қажы Шәкір туарда түс көріп, оны көрегендікпен былайша болжаған екен.
«Балам айтулы адам болады, ақылымен жұртты аузына қаратады. Бірақ заманы тар болады, қиын-қыстау, зобалаңды көп көреді екен. Ұл перзенті болмайды. Менің атымды өзі ғана шығарады, кейінгі де өз аты мен менің атым қалады депті. «А, құдай, артында ұрпағы қалмаса да, бергеніңе шүкір», – деп атын Мұхамедшүкір қойыпты. Ақынның әкесі Әбен өз елінде болыс болған. Меккеге барып қажы атанған және домбыра тартып, ән шырқап, жырлар мен толғауларды жатқа соққан. Бала Шәкір әкесінің қасында жүріп осы өнерді меңгерген. Алғашқы сауатын әкесінен ашқаннан кейін 1907 жылы Семейдегі Приход мектебінде үш жыл оқиды. 1910 жылы Уфа мен Қазан медреселерінде білімін жалғастырады. Діни оқуын бітіргеннен кейін Семей қаласына келіп Тінібай мешітінде азаншы қызметін атқарған. 1914 жылы ауылына келеді. «Есімді білгелі ерке өстім. Қолыма үш ішекті домбыра, сырнай ұстап ән салып, ел араладым. Сөйтіп жүріп сонау күншығыс Алтайды аралап, Би қаласының Қосағаш, Саяаша, Күреашаның да дәмін таттым», - дейді Шәкір ақын жастық кезін есіне түсіргенде. Жігіт кезінде серілік құрып, серуендеп, ел аралап, жыр жазып, ән салып, ақын, әнші, домбырашы сегіз қырлы өнерпаз болып қалыптаса бастады. Бүгінгі таңда көпке танымал, әнімен айтылып жүрген «Алтай аруы», «Тарғабатай», «Ардақтым» өлеңдері ақынның осы балаң жігіт кезеңнің сыйы.Әкесі Шәкірге 13 жасында Найман руынан Көсембай Айдосовтың Шәрәпи деген қызын алып береді. Шәрәпи Кенесары (1917-1919), Орынтай (1922-2003), Сапарғали (1930-1931) деген үш баланы дүниеге әкелген. Шәрәпи 1931 жылы ашаршылық кезінде Сапарғали екеуі қайтыс болған. Бүгінде Шәрәпиден Алматы облысына қарасты Матай теміржол станциясында ақынның қызы Орынтай Шәкіровадан қалған ұрпақ тұрады.Ш.Әбенұлы Абай өлеңдерін жатқа біліп қана қоймай, Абайдың даналық білгірлігі, адамдық парасаты, әділдігі туралы сан алуан ел ішіндегі әңгімелерді ой-түкпіріме сақтап көп жинақтаған және Абай мектебін көзімен көрген шәкірттері Шәкәрім, Көкбай, Әріп, Уәйіс, Ақылбай, Мағауия, Әубәкір, Ағашаяқ тағы басқа ақындардың өлеңдерін, толғауларын, дастан мен поэмаларын тыңдап, жаттауға арнайды. Көп уақытын Абайдың шәкірттерімен жүздесіп, пікірлескен. Ш.Әбенұлы 1916 жылы Семейдегі ерлер гимназиясына түседі. Ол гимназияда оқып жүргенде 1916 жылғы көтеріліске байланысты оқуын жалғастыра алмай, ауылына қайтады. Шәкір әке тәрбиесін көре жүріп, өнер қуған талабының арқасында, елге таныла бастайды. Ақынның өміріне үлкен әсерін тигізген Қазан төңкерісі. Осы дүрбелең қазақ ауылдарына келген өзгеріс, оның қасіретін көзімен көрді. Саналының жүрегін мұңды қылған, санасыздың көңілін жынды қылған дәуірдің жымысқы саясатын тани білген болашақ ақын өзінің әрекетімен қазағына тура жол сілтеуге тырысты. Қызыл империя хан, би болыс тұқымдарын шөпше қырып жатқанда, бұл кезде 1918 жылы әкесі Әбен дүние салған. Әкесін жерлегеннен кейін елде қала алмайды. Ш.Әбенұлы сөзімен айтсақ: «Туған жерде 20 жастан асқаннан соң көп тұра алмадым, себебі байдың баласы, әкесі Меккеге барған, осы екі айып мені қалай сілкілесе де, бұлжытпайтын айып болды. Бірнеше рет түрмеге қамалдым». Сол кездегі қуғын-сүргінді, айдауды көрседе әділет жолынан ауытқымаған қайсар ақын. Деректерге, ақынның әңгімелері мен естеліктеріне қарасақ – Шәкір Әбенұлы әр жылдарда әр-түрлі қызмет атқарған. 1921 жылы Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағы кезекті болыстық басқармасына көмекші етіп сайланған. 1922 жылыға дейін бір жыл жұмыс істеген. 1921-1926 жылдар аралығында ауылда атқамінер белсенділер қатарына қосылды. Ауыл аймақ орыс тілін білетін екі-үш кісі қатарында Семей қаласына шақырылған. Туған ауылына бармай, көршілес Мақаншы жаққа қызметке сұранады. Сол кезде жаппай байларды тәркілеу және басқа кеңес қызметіне араласады. Сол 1929-1930 жылдарда ауылдарды кеңестендіру, күшпен ұжымдандыру, барысында большевиктердің елдің малын жаппай тартып алу, сауатсыз, қараңғы жұртты күйзелту секілді кейбір келеңсіз істеріне келісіңкіремей, өз пікірін білдірген кезі болады. 1928-1930 жылдары Мақаншы аудандық тері-терсек мекемесіне қоймашы болып орналасқан. Отызыншы жылдары А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров тағы басқа Алаш арыстарымен қатарлас жүруі оның іздемпаздығын шыңдай түскен. Алаш зиялыларының шығармаларын оқып, тәуелсіздік үшін жасаған әрекеттерін көріп, идеяларын ұғынған ақынның өзіндік көзқарасы қалыптасты. 1931 жылы ашаршылық басталып жұрт қырыла бастады. Сол кезде Алматы облысынан арнайы өкілдер жер-жерді аралап, халықтың жағдайын білген. Сол кезде Мақаншы мен Үржарға Сәкен мен Бейімбет бөлінеді. Сол кезде С.Сейфуллин Мақаншы жерінде Шәкірмен танысады. Ол С.Сейфуллиннің атқосшысы болып бірнеше жерді аралатады. Сәкен Шәкірді қайда барса ертіп жүрген. Кейіннен Аматыға шақырған. 1933 жылы Алматыға барғанда Шәкірге қаражат жағынан көмектескен. Оның «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» поэмасын С.Сейфуллин өзі баспаға тапсырған. 1933 жылы Үржарда «халық жауы» «Садуақасовшылардың» қара тізіміне ілініп, ұсталады. 1935 жылға дейін Ақтөбе лагерінде болады. 1935 жылы босап, май айынан бастап Абай аудандық жер бөлімінде статист болып қызметке орналасады. Бай баласына көз алартудың әлі сейілмегенін байқап, өміріне деген қауіпті ерте сезіп, 1936 жылдың май айында өз еркімен жұмыстан босап, Талдықорған облысына қарасты Матай станциясында тұратын туған апайы Сағиланы паналаған. 1937 жылы бас сауғалап Аягөздің «Мыңбұлақ» совхозына барып паналайды. Сол жерде ұсталып, Алматы қаласында бір топ зиялы қауыммен бірге репрессияға ұшырап, абақтыға қамалады. Солардың ішінде Шәкір мен зерттеуші Қ.Мұхамедханов болған. Сол кезде Семейлік достары жер асты жолын қазып, зиялы қауым өкілдерінің қашуына мүмкіндік берген. 1938 жылы ақынның «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры латын тілінде жарық көреді. 1938 жылы Қазақ Ғылым академиясының филиалына халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинайтын корреспондент болып жұмыс істейді. Сол кезде өзі білетін ақындардың жырларын еске түсіріп «Дулат өлеңдері», «Тоғышақ торы», «Жанақ Рүстем төреге барғаны», «Төренің қызымен айтысқаны», Шөже, Кемпірбайдың жырларын, «Сабырбай мен Байбала айтысын» Алматыдағы әдебиет қорына тапсырған. 1939 жылы «Әдебиет және искусство» журналына ақынның «Кейпін батыр» дастаны жарық көреді. 1940 жылдың аяғында туған жері Семей облысына келіп, ел аралап, ән салып, өлең оқып, әдеби қызметпен айналысады. 1941 жылы сәуір айынан бастап, қараша айына дейін Семей қаласындағы Абай музейінде экскурсовод болып қызмет атқарған. Сол жылы ақын Семей түрмесіне қамалады. Жасым 40-қа келгенде немістермен соғыс басталды. Бұл кезде түрмеде болатынмын. Түрмеде әкем түсіме кіріп; «Ей, Шәкір өтініш беріп соғысқа бар, мүнда аштан өлесің. Соғыстан аман-есен елге қайтасың», – деген сөзі демеу болды ма, өтінішпен 1942 жылы майданға сұранып соғысқа аттандым. Штафбатта екі рет болып, кейіннен қатардағы жауынгер ретінде қолыма қару алып, немістермен соғыстым. Қатты жараланып, госпитальда 6 ай жатып, елге келіп тұрмыс құрдым. 1943 жылы ақпан айының аяғында Брянск түбінде болған ұрыста аяғына тиген снаряд жарықшағынан ауыр жараланып, Чкалов облысы Бугуруслан қаласында 6 ай госпитальда емделіп, дәрігерлік комиссияның шешімі бойынша соғысқа жарамсыз деп танылып, еліне қайтарылады. 1944 жылы күзінде туған ауылы Жүрекадырға келеді. Шәкір соғыста алған жарасын арқаланып, тыныш жатқан жоқ, жұмыс талғамай, Жданов атындағы колхозда тыл жұмысына араласты, 44 жасында Тобықты руынан Серікбүбі Молдаханқызына үйленіп бала сүйді. Екінші әйелінен Дауа (1945-1966), Дана (1948), Сана (1956), Дару (1958), Ару (1959), Риза (1966-67). Осы аталған ұрпағы ерте өмірден озған. Артында қалғаны ұрпағы Сана деген қызы. Ол көп жылдар ауыл мектебінде қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ берді. Қазіргі таңда Сана әкесі Шәкір Әбенұлының музейінде қызмет атқарады. 1947 жылдары Шәкір ақынға қарсы қуғын-сүргін қайта басталды. Кеңсе үкіметінің құрылысына жат өлеңдер айтады деген сөздерге сенген органның адамдары Шәкір Әбенұлының соңына түсе бастады. Ақыры «Үкіметке қарсы үгіт жүргізіп жүр» деген айыппен 1949 жылы 1 шілде тұтқынға алады. РСФСР қылмысты істер Кодексінің 58-10 статьясымен айыпталып, 10 жылға сотталады. Еліміздің өміріне елеулі өзгеріс енгізген КПСС-тің ХХ сьезінің қарсаңында бостандыққа шыққан саяси тұтқындардың бірі болып 1955 жылдың қазан айының 3-і күні Шәкір түрмеден босатылды. Бірақ заңды түрде ақталмай баспа бетінде Ш.Әбенұлының аты аталып, оның қаламынан шыққан әрбір жолына цензура мекемесі терең үңіліп, сақтықпен қарады. Көп шығармалары жарыққа шықпады. Шәкірдің 60 жасқа толған уақытында ақынның жазықсыз сотталғаны туралы мәселе қаралып, Қазақ ССР Жоғарғы соты Ш. Әбенұлының қылмысы жоқ деп тауып, 1961 жылы 27 ақпанда Ш.Әбенұлы ақталған шешім қабылданды. Толық бостандықты қолына алған өткір тілді қайсар ақын қайта түлеп, шабыттанып, рухы көтеріліп, мерзімді баспа беттеріне шығармаларын жариялап, алаңсыз емін-еркін еңбекке кірісті. Шәкірдің өмір жолы қандай шытырман болса, әдеби әлемі де сондай күрделі. Зер сап қарасақ алғашқы шығарған өлеңдерінен бастап, кейінгі күрделі поэмаларына дейін, ақынның үнемі тебіреніп, толғанатын тақырыбы – туған халқының тағдыры. өлеңдерінде өзі көзімен көрген қазақ халқының қасіреті мен қайғысын баса суреттейді. Сонымен қатар өмір туралы, өмірдің әртүрлі құбылыстарын, келеңсіз қылықтарын сынап, өзіндік ой түйіп, адам келешегіне байланысты оқу, білім, өнер, адамдық, адамгершілік туралы мәселелерді де жырлаған. 1991 жылы қазақ елі бір кісідей тұңғыш президентті сайлап, таққа отырған сәтте халық ақыны Шәкір Әбенұлы 90 жасында ақ батасын беріп, ел аманатын абыроймен орындады. Тумысынан сан қырлы талант иесі Шәкір бабаның талайды таң қалдырған тағы бір қасиеті – оның есте сақтау қабілетінің ерекшелігі. Ол сондай-ақ әлемдік поэзияның алыптары: Фирдауси мен Науаидан бастап, берісі Бұқар, Дулат, Жанақ, Балта, Түбек, Сырбай сияқты ондаған жыраулардың, ұлы Абайдың ақын шәкірттері Шәкәрім, Көкбай, Әріп сынды бірқатар ақындардың өлең-жырларын 90 жасқа дейін жадына сақтап, жатқа айтуы таңғарарлық құбылыс. Сондай-ақ Шәкірдің Байрон, Гете, Пушкин, Лермонтов, Блок, Есенин сынды алыптардың өлеңдерін жатқа айтқаныны екінің бірі біле бермейді. Ақын шығармаларын сөз еткенде алдымен оның поэма мен дастандарын ауызға аламыз. Себебі, Шәкір Әбенұлының шығармаларының шыңы да, шырайы да осы дастандардарында жатыр. Әр жылдарда күзеліп те, күйзеліп те қиындықпен жарық көрген «Қозы Көреш-Баян сұлу», «Кейпін батыр», «Таңшебер-Жапал», «Ортақ Арал», «Аңыздар», «Пәрмен», «Аналар» тағы басқа поэмалар Ш.Әбенұлының эпикалық жанрдың хас зергері екендігін дәлелдеген асыл қазына. Ш.Әбенұлының ақындығымен қоса үш ішекті домбыра, балалайка, гармон сынды музыка аспаптарын құбылта ойнаған шеберлігі және бар өлең мәтінінде өзі жазып, әуен сарынын да өзі өрнектеген сазгерлік дарыны ақындық әлемімен астасқан кесек бір дүние. Ш.Әбенұлы 40-қа жуық әніннің, 20-ға жуық күйдің авторы. Сөз жоқ, мұның бәрі әйтеуір ермек үшін немесе көңіл аптығын басу үшін жасалған нәрсе емес. Керсінше, ақынның толысқан шығармашылығын одан сайын толықтырып, нәрлендіріп, асқақтатып тұрған асыл дүниелер. Ш.Әбенұлы темірден түйін түйген шебер болған. Өз қолымен балта, пышақ, торсық, саптыаяқ, сандықша, ұршық жасаған. Қорыта келгенде Шәкір Әбенұлы – ақпа сөзді, шақпа тілді, шабыты келгенде көкірегінде қоздап жүрген шынайы сырларын ақтара салатын төкпе ақын, ол – алысқа алқынбай сілтейтін жүйрік, бай уақиғалы поэма, дастандар жазған эпик ақын, ол – өзінің өлеңдеріне арнап ән шығарып, өлең-жырын шаршы топта домбыраға қосып шырқап айтатын әнші-композитор, ол – алғыр ойлы, бөгелмей сөйлейтін тілге бай айтыс өнерінің жүйрігі, ол – ауыз әдебиетінің айтулы білгірі, терең шежіреші. Өзінің ата – бабалары туралы Шәкір ақын естеліктерінде былай дейді: «Осы ұрпақ туралы ұғымға менің бір пікірім бар. Мен қазір Тобықтының жеті атасын көріп отырған адаммын. Жетінші нәресте жас. Сонда осылай есептесек тарихыңның өзі қысқарып қалатындай көрінеді. Тұрлығожа, Кібіт әженің хикаясын білесіңдер. Содан бері де жүз елу жыл өтіпті. Мен көресіні көрдім. Ол үшін әкемді ешқашан кінәлай алмаймын. Оған менің құқым жоқ, мен оны таңдаған жоқпын. Ал өмір сыйлағаны үшін ол да жауапты емес». Халық ақыны Ш.Әбенұлы 93 жасында қазан айының 23-і күні 1994 жылы дүниеден өтті. 25-ші қазан күні жерленді. Ақынды жер қойнауына тапсырғаннан кейін 26 қазан күні Абай ауданының әкімшілігі халқы ақыны Ш.Әбенұлын мәңгі есте қалдыру туралы шешім қабылдады. Бұл шешімде «ақынның тұрған үйін оның музейіне айналдыру мақсатында жұмыс жүргізілсін. Ақын музейі Абайдың қорық-музейінің филиалы етіп алу, оған арнайы қаражат беріп, штат ұстау Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінен сұралсын», – деп ұсыныс жасалған. Ақынның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында жерлестері, соғыс, еңбек ардагерлері Елбасы Н.Назарбаевқа хат жолдады. Онда: Құндызды ауылындағы ақынның өзі салған тұрған үйі бүтіндей жөнделіп, музейге айналдырып мемлекеттік бюджеттің балансына берілсе, – делінген. Жерлестерінің мақсаттары орындалып 2002 жылы ақын үйі Абайдың қорық музейінің құрамына өтті. Ш.Әбенұлының 100 жылдық мерейтойынан кейін 2002 жылы ақынның қолжазбалары мен үй мүлік заттарын мұрагері Сана Шәкірқызы Абай қорық-музейіне тапсырды. Түскен материалдарға ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ақын музейінің тұжырымдамасы дайындалып, қайта жөндеу және экспозициялық жұмыстар жүргізіліп 2003 жылы 5 бөлме жабдықталып Ш.Әбенұлының музей-үйі болып ашылған болатын. Ашылғаннан бері келген ақын туралы жан-жақты насихаталып келеді. Биыл ақынның 120 жылдығына орай ақын музейін қайта жаңарту жұмыстары жүргізу жоспарланып отыр. Музей қызметкерлері музей қорындағы Ш.Әбенұлының қолжазбаларын зерттеп бұрын баспа бетіне жарияланбаған әңгімелерін, ақын мұраларын толық жинақтап кітап, буклет дайындалуда. Ақынның бірінші наурыз туған күніне орай Абайдың мемлекеттік қорық-музейінде «Шыңғыстаудың шежірелі абызы» атты көрме ашылды. Көрмені қала халқы көріп тамашалауда. Ш.Әбенұлы арналған көрмені Нұрсұлтан қаласына апарып көрсету мамыр айына жоспарланып отыр. Абыз ақынды насихаттау жалғасын таба береді деген ойдамын.
Шәкірдің ақындық өнер жолындағы мұрат-мақсаты жүректен шыққан басты ерекшелігі шындық пен ақиқат қана болды. Ақын өзінің қайсарлығының арқасында бар қиындықты жеңе білді. Қандай қасіретті басынан кешірсе де, қолынан қазақтың қара домбырасын, аузынан өршіл өлең-жырларын тастамай өтті. Сондықтан ақынның мұрасы жаңғырып ұрпағымен мәңгі жасай берсін.
Нұрсұлу САНАҚБЕКҚЫЗЫ, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің жетекші ғылыми қызметкері