Тұңғыш Президенттің пәрменімен түлеп, көркейіп жатқан облыс орталығы – Түркістан қаласы мен аудандарда Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне арналған бірқатар салтанатты шара өтті. Атап айтсақ, Түркістандағы шарада тәуелсіздік жетістіктері мен Елбасы жолын дәріптейтін кітаптар, деректі фильм және қолөнер бұйымдарының көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Ал Мақтаарал ауданында 4 мектеп пайдалануға берілді.
Ел тәуелсіздігінің арқасында және Елбасы Н.Назарбаевтың тарихи Жарлығынан соң тынысы қайта ашылған қалада және қасиетті қаланың атауын иемденген облыста Мемлекет Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ауқымды істер атқарылып жатыр. Атап айтқанда, ықылым замандарда түбі бір түркі жұртының мекені болған киелі қала бүгінде аталған бауырлас мемлекеттердің мәдени-рухани астанасы ретінде қайта тұғырына қонып, тіршілігі жанданды.
Ал айтулы мерекені жоғары деңгейде атап өтіп жатқан Мақтаарал ауданында 4 мектеп пайдалануға берілді. Аталған мектептердің ашылу салтанатына Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова мен ауданның адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Мұратбек Серікбаев қатысып, жұртшылықты құттықтады.
«Ел игілігіне беріліп жатқан Иіржар ауылдық округі Мақтажан ауылында орналасқан 200 орындық «Мақтажан» жалпы орта мектебі, Жаңажол ауылдық округі Арайлы ауылында орналасқан С.Датұлы атындағы жалпы орта мектебі, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі Қарақыр ауылында орналасқан 100 орындық А.Тұяқбаев атындағы жалпы орта мектептің ғимараты және Достық ауылдық округі Ж.Қалшораев ауылында орналасқан 200 орындық Қ.Әбдалиев атындағы жалпы орта мектебі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына да зор тарту болып отыр», – дейді Алтын Күнтуқызы.
Мектептерде физика, химия, информатика кабинеттері, мультимедиялық және лингафондық оқу бөлмелері соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталып, оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ спорт залдары, тігін шеберханалары, асханалары да заманауи үлгіде жабдықталған. Жаңа ғимараттардың арқасында ауыл оқушылары түрлі спорттық, өнер және қолөнер үйірмесіне қатысып, өздерін қосымша дамыта алады.
Мектептің ішін аралап көрген аудан басшылары мен тұрғындар құрылыстың сапасына, базалық-техникалық жабдықталуына жоғары баға берді.
Айта кетейік, биыл Мақтаарал ауданында 13 мектептің құрылысы жүрігізілді. Бүгінде құрылысы жүрген мектептердің төртеуі пайдалануға берілсе, жылдың соңына дейін тағы 4 мектеп ел игілігіне беріледі деп жоспарланған. Ал қалған 5 мектептің құрылысы келесі жылға өтпелі.
Тельман БЕЙСЕН,
Түркістан облысы