Газетіміздің Тұңғыш Президент күніне арналған мерекелік санына орай ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев сұхбат берді. – Дәурен Әскербекұлы, биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі белесі. Мемлекеттігімізді қалыптастыру ісінде Елбасының алатын орасан зор рөлін атамай өту мүмкін емес. Назарбаев басшылық жасаған кездегі Қазақстанның басты жетістігі деп нені айтар едіңіз? – Бұл сұрағыңыздың жауабын бірауыз сөзге сыйғызу оңай бола қоймас. Себебі тақырып аса ауқымды. Біреулер басты нәтиже нарықтық экономикаға өткеніміз десе, енді біреулер халықаралық қауымдастықтың Қазақстанды мойындағаны мен шекарамыздың шегенделгенін айтады. Кейбір отандастарымыз негізгі табысымызға жаңа елорданың салынуын, елімізде тұрақтылық пен келісімнің, татулық пен берекенің орнауын жатқызады. Ең бастысы, бұл уәждердің қай-қайсысы да белгілі-бір деңгейде дұрыс. Осы тұрғыда менің жауабым қарапайым сияқты көрінуі мүмкін. Дегенмен, меніңше Тәуелсіз Қазақстанның басты табысы – халқымыздың кемелденуі, сана-сезімі мен рухының жаңғыруы. Бұл ретте мен 30 жылда діліміздің оң өзгерістен өткенін меңзеп отырмын. Біз көптеген кембағалдық көзқарастан, төменшіктеп, қаймыға беретін әдетімізден арылдық. Өз жеріміз бен тағдырымыздың, бүгініміз бен болашағымыздың иесі өзіміз екенін толыққанды сезіндік. Сыртқы істер министрлігі жүйесінде қызмет істеп жүрген кезімде дипломат әріптестерімнің бір қызық жайтқа куә болғандарын айтқаны бар еді. 90-жылдардың басында азаматтарымыз шетелге шыққанда қысылып, қымтырылып, кәдімгідей күйзеліске түсетін болған көрінеді. Дегенмен жылдар өте, еліміз дамып, нығая түскен сайын бұл жағдай түбегейлі өзгерді. Шет мемлекетке шыққанда жалтақтауымызды қойып, нық сенім пайда болды. Көптеген азаматымыз ағылшынша емін-еркін сөйлейді және таныс емес ортаға оңай бейімделеді. Бәріміз де Қазақстаннан екенімізді мақтаныш етеміз. Шетелдіктерге Отанымыз бен халқымыз, тарихымыз бен мәдениетіміз туралы сағаттап айтуға дайынбыз. Бойда бұғып жатқан бірегей қасиеттеріміз жарыққа шығуда. Оларды әншілеріміз, музыканттарымыз, режиссерлеріміз, спортшыларымыз, ақындарымыз арқылы айдай әлемге паш етіп жатырмыз... Ал басқа таңдау таңдасақ мұндай табысқа жетуіміз неғайбіл еді. – Мысалы? – Мысал жетерлік. Соның бірі – ядролық қарудан бас тартпағанда әлемдік аренада сенім мен абыройға ие болуымыз күмәнді еді. – Тұңғыш Президенттің қандай қасиеттері Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел өміріне тың серпін берген маңызды жаңғыртуларды іске асыруға көмектесті деп ойлайсыз? – Көптеген қасиетінің ішінен басшылық дарынын айрықша айтуға болатын шығар. Елбасы – әлемдік деңгейдегі басшы. Ол кеңестік форматтағы республиканың қирандыларынан қуатты мемлекет құра білді. Бұл жерде мен мемлекеттік басқару тәсілінің ерекшелігін, яғни иерархияны қатаң сақтау, төмендегі органдардың жоғары тұрған органдарға бағыныштылығы, қатаң орталықтандырылған жүйе, лауазымды тұлғалардың өзіне сеніп тапсырылған жұмыс учаскесіне жеке басымен жауаптылығы сияқты билік вертикалын меңзеп отырмын. Осы орайда мемлекетті басқарудың мұндай тәсілі автократияға алып келеді, «икемсіз», ескірген және әлемдегі өзгермелі құбылыстарға бейімделу қабілеті төмен деген сияқты әртүрлі пікірді көп естідім. Алайда тәуелсіздіктің елең-алаңында осындай тәсілдің қолданылуы тарихи тұрғыдан қажет те еді. Аумағы ұлан-байтақ, этникалық және тілдік құрылымы әртекті, әлеуметтік-экономикалық ерекшелігі бір-біріне ұқсамайтын 15-тен астам өңірі бар мемлекетті сақтап қалудың басқа қандай жолы бар еді? Бұған жекелеген елді мекендердегі тұрғындардың сепаратистік көңіл күйін, шекара бойынша толыққанды келісімдердің болмағанын, экономикалық қатынастар жүйесінің толық күйрегенін қосыңыз. Назарбаев тиімді басқару жүйесі арқылы осы қауіп-қатерлерді еңсере білді. Бұл жерде кейбір авторлық бағдарлама жүргізушілері сияқты Елбасын мейірімді ақсақал ретінде сипаттап, қолдан қиялға құрылған бейне жасаудың қажеті жоқ. Назарбаев – мықты әрі қатал басшы. Ұлт мүддесіне келгенде ақылды сезімнен жоғары қояды. Ол осы жолда күрделі әрі жұртқа ұнай бермейтін шешімдер қабылдауға мәжбүр болды. Оның айнымас ерік-жігері мен берік мінезі соғыстан кейінгі қиын жылдарда қалыптасып, кейін мемлекеттік істердің ішкі және сыртқы контурындағы күрделі қақтығыстарда шыңдала түсті. – Өзіңіз де білесіз, арғы-бергі саясаткерлердің көбі, тарихшылар мен саясаттанушылар, сарапшылар Нұрсұлтан Назарбаев туралы айтқанда прагматистік қасиетін жиі тілге тиек етеді. Бұл пікірмен келісесіз бе? Келіссеңіз, осы қасиетін айшықтайтын ең маңызды шешімін атаңызшы. – Бұл тұжырыммен келіспеу мүмкін емес. Шынында да, Назарбаевтың тұла бойы тұнып тұрған прагматизм. Ол ешқашан тағдырға немесе кездейсоқ сәттілікке арқа сүйемейді, өз өміріне өзі ие, әрдайым бәрін алдын ала жоспарлап отырады, уақытты ресурс ретінде ұқыпты жұмсайды, кез келген дағдарысты мүмкіндік деп қабылдайды, оның әрбір шешімі ұтымдылық сүзгісінен өтіп, ұлт мүддесіне орай құрылады. Оған мысал да жетерлік. Елбасының жоғарыда айтқан ядролық қарудан бас тартуы халықаралық қатынастарда орнықты әрі сенімді мемлекет ретінде танылуымызға мүмкіндік берді. Сонымен бірге қолайлы инвестициялық климатты қалыптастыру жолында атқарған орасан зор жұмысын мысал етуге болады. Бұл 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басында шырт ұйқыға кеткен экономиканың бойына қан жүгіртті. Ал елордамызды Алматыдан Нұр-Сұлтанға ауыстыру арқылы демографиялық өсімге серпін беріп, Солтүстік геоэкономикалық белдеуді нығайтқаны бүгінде классикалық үлгідегі мысалға айналды. Десе де, Елбасының ең басты, ең маңызды, ең күрделі қадамы қандай болды десеңіз, 2019 жылғы 19 наурызда президенттік өкілеттілігін тоқтатуын айтуға болатын шығар. Бұл – ұлт болашағына деген қамқорлықтан туындаған аса ұтымды, парасатты және сарабдал шешім. Мұны ерекше оқиға деп есептеуге болады. Әлемдік тәжірибеде мұндай мысалдар саусақпен санарлық. Сондықтан ол қазірдің өзінде тарихқа айналды. Менің ойымша, бұл шешім үлкен күштен, даналық пен ақылдың қайратынан хабар береді. – Таяуда партияның саяси кеңесінде Назарбаев қоғамдағы бірлік пен келісім туралы тағы бір мәрте сөз қозғады. Елбасы үшін бұл неліктен соншалықты маңызға ие? Өйткені бүгінгі тұрақтылық жағдайында дәл осыған қатысты алаңдаушылық туындата қоятындай негіз жоқ қой. – Елбасы үшін бірлік пен келісім еш уақытта жалаң ұран болған емес. Ол өзінің өмір жолында ынтымақ болмағандықтан, мемлекеттің күйреп, азаматтық соғысқа, қақтығысқа, жауласу мен өзара тартысқа әкелген мысалдарын көп көрді. Кеше ғана мамыражай күн кешкен қалалар мен елдер үйінді астында қалып жатыр емес пе? Тарих тағылымынан сабақ алған болсақ, бірлікті бағаламауға қақымыз жоқ. Сондықтан ел үшін ең күрделі жылдарда, халқымыз енді ғана дербес өмір сүре бастаған кезде Назарбаев «Бірліксіз даму мүмкін емес» деген жалғыз формуланы қасиетті дұғадай үздіксіз қайталаумен болды. Ол мұны қарамағындағылар мен спичрайтерлерімен бірге тыныш кабинетте емес, жалақы берешегі үшін ереуілге шыққан шахтерлермен, егіс науқаны кезінде жанармайсыз қалған ауыл еңбеккерлерімен, «халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобы» санатының барлық ауыртпалығын сезінген бюджет қызметкерлерімен және зейнеткерлермен кездесуде қайталады. Ол мұны Солтүстікте де, Оңтүстікте де, қалада да, ауылда да, қазақша да, орысша да қайталап айтты. Сондықтан адамдар Елбасына сенім артты. Бүгінде қоғамымыздағы келісім қалыпты дүние секілді қабылданады. Ал ол кезде болашаққа деген көзқарас алуан түрлі еді, тартыс пен қақтығыстың ауылы алыс емес деп іштей пайымдаушылардың да көп болғаны белгілі. Ол мұндай сценарийді түбегейлі тоқтатты. – Соңғы уақытта Назарбаев көшбасшылығының феномені жайында жиі айта бастады. Сіз осы сан қырлы көшбасшылықтың қайсы компонентін ең басты деп көрсетер едіңіз? – Әрине, тиімді, өнімді көшбасшылық болған жерде біліктілік, саналылық, ақыл сияқты сан түрлі фактордың болуы заңдылық. Бірақ бұл компоненттің барлығын қосқаннан көшбасшы шыға бермейді. Себебі көшбасшылықтың түп негізінде батылдық та болуға тиіс. Мұны әсіре сенімділік пен «ессіз батылдықпен» шатыстырмау керек. Бұл жерде көпшілік құптамайтын, қалыптасқан стандарттан тыс қадамдар жасап, оның жауапкершілігін көтере білудегі батылдық жайында айтып отырмыз. Әдетте біздің өмірге деген көзқарасымыз технологиялық, моральдық-этикалық, тарихи және басқа да нақты бір шеңбермен шектелген. Ол шеңбер өзіміз дұрыс, қалыпты, тиімді деп санайтын тар құрсау қалыптастырады. Дегенмен аталған шеңберден шығып, көкжиекке көз жүгірте алатын, мәселені мүмкіндік ретінде көріп, оған өзгеше көзқараспен қарай алатын жандардың ғана өмірде табысқа жететінін тарих дәлелдеп отыр. Алайда бұл мүмкіндіктерді тек көре білу жеткіліксіз. Оған қоса, осы ойдың табысқа жеткізерін айналаңа дәлелдеп, олардың бойындағы күмән, сенімсіздік пен енжарлықты жеңе білу қажет. Мұндай кедергіні нағыз көшбасшы ғана еңсере алады. Осы тұрғыдан алғанда Назарбаев – есімі тарихта алтын әріппен жазылатын нағыз Көшбасшы. Оның сырттай қарағанда асқан сенімділік болып көрінетін әрі жанқиярлықпен астасып жатқан батылдығы, шын мәнінде суық мұздай зерек ақылға негізделеді. Мұны қазір визионерлік деп те жүр. Қазақшалап айтсақ, бұл – сұңғылалық пен көрегенділік. – Дәурен Әскербекұлы, сұхбат соңында газетіміздің оқырмандарына тілегіңізді білдірсеңіз. – Газет оқырмандарын бүгінгі Тұңғыш Президент күнімен, келе жатқан Тәуелсіздік күнімен және Жаңа жылмен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін! Отбасыларыңызда әрдайым амандық пен қуаныш болсын! Ал редакция ұжымына шығармашылық табыс пен жаңа жетістіктер тілеймін! Газеттің әр санын асыға күтетін оқырмандарыңыз көбейе берсін!
Сұхбаттасқан Бақытжан Тұрлыбек