Шымкент қаласының тұрғыны, қалалық мәслихат депутаты Жадыра Таңатарова осыдан 25 жыл бұрын отбасымен Қарақалпақ автономиялы республикасынан тарихи отанына оралған жан. Бүгінде қалалық мәслихаттағы Nur Oran партиясының фракциясы жетекшісінің орынбасары, «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» арнайы кешені КММ директоры. Әрі көпбалалы ана. Оның тарихи отанына табан тіреп, қазіргі таңда еліне қалтқысыз қызмет етіп отырғаны да Тәуелсіздіктің жемісі болса керек.
«Тәуелсіздіктің белгісі ретінде тарыдай шашылған қазақты көк тудың астына жинап, қандастарын қамқорлыққа алып, Отанына оралтқан Қазақстан дөңгеленген дүниедегі үш мемлекеттің бірі. Елбасы Н. Назарбаевтың керемет идеясымен ұлы көш басталып, әлемнің көптеген елдерінен мен секілді қандастар атақонысымызға қайта келдік. Отаныма оралуға жағдай жасаған Елбасыға айтар Алғысым шексіз! Партияның негізін қалаушы Елбасының көрегенділігімен мемлекетіміз нығайып, өркениетті елдер қатарына қосылуға ұмтылудамыз. Ең бастысы, бір шаңырақ астында ұлтаралық, конфессияаралық бірлік пен келісімнің қалыптасуынан Тәуелсіздігіміздің жемісін көрудеміз», – дейді ол бізбен әңгімесінде.
1996 жылы Қазақстанда да әлеуметтік жағдай мәз емес еді. Жарық жоқ, су тапшы, жалақы жылдап кешігетін сондай ауыр кезең болатын. Соған қарамастан атажұртын аңсап жүрген Жадыра Нағашыбайқызы ертеңге деген үмітпен, зор шабытпен елге жеткенін еске алады. Иә, мемлекеттік квотаға ие болып баспанаға қол жеткізген соң, білімін одан ары жетілдіруді тоқтатқан емес. Жоғарғы оқу орындарынан 3 бірдей диплом иесі атанған ол қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан көрініп келеді. Білім беру ісінің құрметті қызметкері төсбелгісінен бөлек, бірнеше марапатқа ие болған.
«Осында отбасын құрдым. Перзенттерім осында дүниеге келді. Мектепте қатардағы мұғалімдік қызметтен директорлыкқа дейін жеттім. 2006 жылдан Nur Otan партиясының мүшесімін. 2018 жылдан бері «Сайрам Өркениет» бастауыш партия ұйымының төрайымы ретінде қоғамдық жұмыстарға араласып келемін. Екі рет партияның съезіне делегат болдым. Президентті ұлықтау рәсіміне қатыстым. Әрине, қоғамдағы және партиядағы белсенді жұмыстарым үшін көпке танылдым. Қазір «Сайрам көмекші мектеп интернатының» директоры әрі Шымкент қалалық мәслихатының депутаты ретінде халықтың өтініш, тілегін тыңдаймын. Фракция жетекшісінің орынбасары, әрі Қаратау аудандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы мониторинг мүшесі ретінде төңірекке бақылау жасап, қылмыспен күресіп келеміз», – дейді ол.
«Бала құқықтары мен отбасы құндылықтарын сақтауды» басты ұстаным етіп алған халық қалаулысы осы жолда да бар қабілет-қарымын аямайтынын айтады. Қазір өзі сайланған Тассай елді мекеніндегі 300-ден астам отбасының басым бөлігі Өзбекстан, Түркіменстан сияқты жақын шетелдерден көшіп келген екен. Олар елге келіп, береке тапқандарына алдымен Аллаға, одан соң еліміздің Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевқа айрықша алғыс айтады. «Тағдырыма ризамын. Білім ұясын басқарып, халық қалаулысы ретінде көпке еңбек етіп келемін. Талай жақсылырмен араласып, олардан үлгі алдым. Бастысы, көптің мұң-мұқтажын тыңдауды білдім. Бастапқы келген жылдары әкем: «Қызым-ай, өз орныңды тапсаң екен...» деген болатын. Жаратқанға шүкір, елмен араласып, игі жұмыстар жолында өз әлеуетімді жұмсап келемін. Бұл да әкемнің ізгі тілегінен туған ниет деп ойлаймын. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы барша қазақстандықтарға құтты болсын, дамыған 50 елдің қатарында болып, мемлекетіміздің мерейі өссін», – деп ізгі ойын жеткізді біздің кейіпкеріміз.