Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «ресми» үш түскі ас пен кешкі асқа бюджет есебінен 3,3 млн теңге жұмсаған, – деп жазады orda.kz.
Тендер бойынша орындалған жұмыс актілерінде «Іскерлік миссия аясында шенеуніктер Татарстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдерімен іскерлік кездесу мен кешкі ас өткізгені» айтылған.
Инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша өзара ынтымақтастықты талқылау мақсатында Шымкентте Польшадан келген Selena Group өкілдерімен іскерлік кездесу және түскі ас ұйымдастырылды.
«Польша өкілдерінің алдағы іскерлік миссиясына байланысты Польшаның Бас консулы Виолетта Собераньяскамен іскерлік кездесу ұйымдастырылды» деп хабарлады Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз қызметі.
19 қарашадағы құжаттар бойынша 250 адам 2 917 000 теңгеге түскі ас ішкен. Кешкі асқа 8 адам қатысып, 93 344 теңге жұмсаған. Ал түскі асқа 25 адам келіп, 291 700 теңгеге тамақтанған.
11 қыркүйектегі құжатта 7 адам 81 676 теңгеге тамақтанған, сонда адам басына 11 668 теңге кеткен.
5 млн-ға жасалған келісімшарттың жартысы, 3 383 720 теңгесі шенеуніктердің тамақтануына жұмсалған. Ал қалған ақша «ұйымның ынтымақтастықты орнату және қолдау жөніндегі келіссөздерге қатысатын басқа ұйымдардың өкілдерін қабылдауға, оларға қызмет көрсетуге арналған шығыстарға» кететіні белгілі болды.