Қазақстандық дәрігерлердің байламынша, омикрон-штамм коронавирус инфекциясының 5-толқынын тудыруы мүмкін. Әзірге бұл кесел республикада тіркелген жоқ. Алайда вирустың мутацияланған түрі әлемге тез таралып барады. Ел Үкіметі КВИ штамының жаңа нұсқасының пайда болуына байланысты бірқатар шектеу енгізді. Шетелдік ғалымдар оны «гипермутант» деп атады.
Дүрлікпейік, зерттейік
Коронавирустың жаңа мутацияларына грек әліпбиіндегі әріп атауларын беру әдетке айналғаны мәлім, сондықтан алдыңғылары «альфа-штамм SARS-CoV-2», «бета-штамм», «гамма-штамм», «дельта», «эпсилон», «зета», «эта», «тета», «йота», «каппа», «лямбда» деген атауларға ие болған (олардың кейбірі әлемдік ақпарат айдынында таныла алмады). Жалпы, грек алфавитінде 24 әріп қана бар. Бұл жолы жаңа штамға ретті сақтамай, бірден 15-ші әріптің атауы беріліп отыр. Осы арқылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оның қаншалықты қорқынышты екенін аңғартты.
2021 жылғы 26 қарашада ДДСҰ Оңтүстік Африка мен Ботсванадан таралған коронавирустың B.1.1.529 жаңа штамына «омикрон» деген атауды бекітті және консультациялық топтың ұсынымына сәйкес, оны «дельта» кіретін «алаңдаушылық туғызатын нұсқалар» тізбесіне қосты. Топ мамандары бұл штамның әлемдегі пандемияға аса қауіпті ықпал ететініне дәйектеме келтірген екен. Жаңа штамм Оңтүстік Африкада 9 қарашада табылды. Жаһандық ұйымға толыққанды ақпарат 24 қарашада түскен. Сынаманы зерделей келе, ДДСҰ сарапшылары бұл штамның тым көп мутацияға (кем дегенде 100 толық геномды «мутанттарға») ие екенін анықтады. Осыған орай ұйым барлық мемлекетке «шетелдік сапарларға тек ғылыми негізделген тәсілге сүйене отырып қана тыйым салуға» кеңес берді. Яғни, шекараны тарс жауып, рейстерді жаппай тоқтатудың қажеті жоқ көрінеді.
ДДСҰ өкілі Ван Керкховенің мәліметінше, мутациялардың көбеюіне байланысты вирус тезірек таралуда. Вирустың таралу өрісі кеңейген сайын оның мутациялану мүмкіндіктері де көбейеді. Сондықтан тіпті вакциналанған адамдарға да бетперде тағып, бұқара көп жиналатын жерлерден аулақ болуға тура келмек. Мысалы, Еуропаның біраз елі маска тағуға міндеттеуден бас тартқан-тын. Дегенмен енді ол ниетінен айнып отыр. Ұлыбритания 30 қарашадан міндетті маскалық режимді қайтарды. «Дельта» толқынын әзер басқан «тұманды Альбион» мектептердегі шектеулерді қайта күшейтуге мәжбүр. Себебі «омикрон» әсіресе баладан-балаға белсенді берілетін көрінеді.
Медицина ғылымдарының кандидаты, Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінің Эпидемиология, дәлелді медицина және биостатистика кафедрасының доценті Рафаиль Қыпшақбаев омикрон-штамға орай шектен тыс дүрбелеңге түсудің қажет жоқ деген пікірде.
«Коронавирус мутациялары үрей мен сенсацияға арқау болмауы тиіс. Вирус дегеніміз не? Ол – тіршіліктің жасушасыз нысаны. Сондықтан оған бір қалыпта тұрмай, үнемі мутациялану тән. Басқаша айтқанда, вирусқа кез келген жолмен тіршілігін жалғастыру керек, тиісінше, ол өзіне қарсы ортадағы өзгерістерге сай тұрақты түрде мутацияланып тұрады. Ол тірі жанға мейлінше көп әрі жылдам жұғу бағытында жетіле беретін болады. Жаңа штамның шығуы – дүрлігуге емес, ғылыми зерттеулерге түрткі. Ендігі басты мақсат – сол вирусты жұқтырған адамдардың дертінің тым ауыр, күрделі, ұзақ жүруін болдырмау», – дейді Рафаиль Көпбосынұлы.
Омикрон туралы не белгілі?
ДДСҰ-дағы мазасыз ауандағы мәлімдемелерден кейін Африкадан оған мүлдем қарама-қайшы ақпарат түсе бастады: «омикронның» беті қайтыпты-мыс. Оңтүстік Африка республикасының өкілі, дәрігер Унбен Пиллэй жаңа штаммен ауырғандарда дерт жеңіл формада өрби бастады деді. Пациенттерде тұмаудың симптомдары, құрғақ жөтел, безгек, түнгі тершеңдік, дененің құрысып, сырқырап ауыруы байқалады. Науқастар қараптан қарап қатты шаршайтынын жеткізген.
Әйтсе де, иммунолог-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Николай Крючковтың байламынша, жаңа штамм тудыратын ауру барлық адамда бірдей жеңіл өтеді деуге әлі ерте.
«Африкалық дәрігерлер қауымдастығы жасаған мәлімдемеге жүгінсек, енді «омикрон» анағұрлым жеңіл түрдегі ауру тудырады-мыс. Бірақ африкалық дәрігерлердің ДДСҰ-ға және халықаралық қоғамдастыққа ұсынған деректері басқа ойға жетелейді. Оның үстіне бақылауға алынғандардың басым көпшілігі – жастар. Бұл ретте Африка елдерінде вакцинадан бойын ала қашатындардың көбі – жастар», – деді ғалым.
Н.Крючков «омикрон», әсіресе созылмалы сырқаттары бар адамдар, егде тартқан жандар, сондай-ақ балалар мен 20-39 жастағы азаматтар үшін қауіпті болып шыққанын айтады.
«Омикрон-штамды» ашқан ғалымдар өз елдерінде қатаң сынның астында қалды. Саясаткерлер, ақпарат құралдары оларды деректерді тым тез жариялағаны үшін айыптауда. Себебі әлем елдері «гипермутанттан» үрейленіп, Африка елдеріне сапарлаудан жаппай бас тартып жатыр. Бұл онсыз да пандемиядан қажыған біраз елдің экономикасына соққы болды. Оңтүстік Африка республикасының президенті Сирил Рамафоса ғалымдардың бұл шешімін аяусыз сынады және оларды туризмнің еңсе тіктеуіне зиян келтірмеуге шақырды.
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирустың жаңа нұсқасы әзірге әшкереленбегенін білдірді. «Роспотребнадзор» басшысы Анна Попова да Ресейде жаңа штамм анықталмағанын хабарлады.
Соған қарамастан Қазақстан сақтық шараларын қабылдауда. Профилактикалық шаралар сақталады: қазақстандықтар бетперде тағуы, байланысты мейлінше азайтуы, екпе алуы қажет.
Қазір «омикрон» әлемге тез таралуда. АҚШ-та, Калифорния штатында жаңа штамм жұқтырған алғашқы сырқат тіркелді. Ол Оңтүстік Африкадан оралған және бұған дейін толық вакциналанған. Жаңа штамның бір қаупі де осында: ол КВИ-дің басқа штамдарымен ауырып, айыққан адамдарға да, сондай-ақ екпе еккізгендерге де жұға беретін көрінеді. Вакцина өндірушілердің бірқатары өз препараттарын жаңа штамға негіздейтіндерін жариялап үлгерді. QazVac отандық вакцинасы әзірге дельта штамына тосқауыл қою үшін ғана қайта құрылды.
Қазіргі кезде коронавирустың жаңа нұсқасы әлемдегі кем дегенде 25 елге еніп кетті. ДДСҰ Бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус бұл қатардың тек өсе беретінін мәлімдеді.
Қазақстан қалай қорғанып жатыр?
Әлем елдері жаңа штамның қанат жаюына әртүрлі үн қатуда. Германия, Ұлыбритания секілді дамыған елдер, сондай-ақ Ресей, Чехия және басқалары оңтүстікафрикалық 6 ел азаматтарының өзіне сапарлауына уақытша тыйым салды. Израиль олармен авиақатынасты мүлдем тоқтатты. Онда тіпті құзырлы органдарға «омикрон» жұқтырғандардың ұялы телефондарын қашықтан қадағалауға рұқсат етілді.
Қазақстан Үкіметі де «омикронның» пайда болуына байланысты бірқатар шектеу енгізуде.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, «омикрон» штамының жаңа нұсқасының пайда болуын ескере отырып, оны республика аумағына әкелуге жол бермеу мақсатында ведомствоаралық комиссияда биылғы 3 желтоқсаннан бастап мынадай шектеу шаралары енгізіледі: біріншіден, Ботсвана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Эсватини, Малави, Онтүстік Африка, Танзания және Гонконгтан шетел азаматтарының Қазақстанға келуі шектеледі. Екіншіден, «омикрон» анықталған елдерден – Израиль, Чехия, Нидерланды, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Австралия, Канада және Египеттен келетін адамдар вакцина алғанына қарамастан міндетті ПТР тестілеуден өтуі шарт.
Үшіншіден, «Омикрон» анықталған елдерден келген адамдар ПТР нәтижесіне қарамастан 7 күнге үй карантиніне оқшаулануы тиіс. Төртіншіден, Бельгияда Египеттен келген адамнан жаңа штамм табылғандықтан, Египетпен әуе қатынасы уақытша тоқтатылады.
М.Шорановтың сендіруінше, Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
«Науқастардың 95%-дан астамы емделіп шықты. Соңғы айда сырқаттанушылық 2,8 есеге, стационарлық науқастар саны 1,5 есеге, амбулаториялық науқастар саны 2 есеге азайды. Республика бойынша 1 тамыздан бастап инфекциялық төсектер жүктемесі 56%-дан 29%-ға дейін, реанимациялық төсектер жүктемесі 45%-дан 23%-ға дейін төмендеді. Резервте 30 мыңнан астам төсек-орын бар», – деді ол.
Емдеуді жалғастырушылар саны азайды, соңғы үш айда науқастар саны 4,2 есе кеміген. Халықты КВИ-ге қарсы вакциналау жұмыстары жалғасуда. 2 желтоқсандағы мәліметке сай екпенің I компонентін 8 748 448 адам, II компонентін 8 114 076 адам салғызды. Вакцина салғызуға тиісті халықтың 77%-ы немесе жалпы халықтың 46%-дан астамы вакцина алды.
Қазақстанға Pfizer-дің Comirnaty вакцинасының 645 мың дозасы келіп түсті. Оны 63 мыңнан астам бала және 17 мыңдай жүкті және бала емізетін әйел алды. Вакцинаны жеткізу апта сайын жалғасады.