Асқар Шәкіров: Парламентшілердің Жаһандық-2030 күн тәртібін белсенді іске асыруға қажетті әлеуеті бар
Асқар Шәкіров: Парламентшілердің Жаһандық-2030 күн тәртібін белсенді іске асыруға қажетті әлеуеті бар
301
оқылды

ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров ЕҚЫҰ ПА Бюросының Стокгольмде өткен отырысына қатысты.

Парламентшілер халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, Парламенттік Ассамблеяның ағымдағы қызметін, сондай-ақ алдағы 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын талқылады. Қазақстандық парламентші Бюро отырысында ЕҚЫҰ ПА Арнаулы уәкілі ретінде Орнықты даму мақсаттары саласындағы қызметі туралы есепті таныстырды. Сенатордың пікірінше, белгілі бір прогреске қарамастан, Мақсаттарды іске асыру жөніндегі іс-қимылдар әлі де тиісті қарқын мен ауқымға жете қойған жоқ. Коронавирус инфекциясының таралуы мен соған байланысты экономикалық проблемалар ОДМ бүкіл тізбесі бойынша орнықты даму көрсеткіштеріне теріс әсер етті. «ОДМ жөніндегі арнаулы уәкіл ретінде 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған орнықты даму саласындағы күн тәртібі аясында неғұрлым батыл іс-қимыл жасау мақсатында парламентшілер өз өкілеттігі мен халықтың өзгерістерге дайындығы арта түскенін пайдалануы керек деп санаймын», – деді ол. Асқар Шәкіров ОДМ-ды іске асыруды қамтамасыз етудегі ұлттық парламенттер мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының рөлі туралы 2022 жылғы 26 қаңтардағы веб-диалогты ұйымдастыру жөніндегі жоспарлармен ЕҚЫҰ парламентшілерін таныстырды. Шара қауіпсіздік жөніндегі ЕҚЫҰ-ның жан-жақты көзқарасымен үйлесетін қауіпсіз әрі орнықты болашақ туралы ойларын іске асыруды көздейтін «Хельсинки +50 – іс-қимылға шақыру» бастамасын ілгерілету тұрғысында жоспарланып отыр. Сенат Төрағасының орынбасары Стокгольмде болған кезде ЕҚЫҰ Министрлер Кеңесінің 28-ші кездесуі аясында Швед Парламентінің Орталық Азиямен достық қауымдастығы басшысының орынбасары Микаэль Страндманмен келіссөз жүргізді. Онда екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму келешегі талқыланды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңғырту жөніндегі күн тәртібі аясында жүргізіліп жатқан саяси реформалар туралы швед парламентшісі хабардар етілді. Кездесу қорытындысы бойынша парламентаралық байланыстарды үдету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.