Жұмыс берушілер оқытуға құлықсыз
Жұмыс берушілер оқытуға құлықсыз
145
оқылды
Жұмыс берушілер маман­дары­ның біліктілігін арттыруды және қайта оқытуды қойып барады. Мы­салы, өнер және ойын-сауық, ауыл шаруашылығы салаларында бұл көрсеткіш 1%-дан, білім беру салаларында 2%-дан аз болып шыққан. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, бүгінде жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға қызығу­шылық танытпайды. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, жұмыс берушінің қара­жаты есебінен оқытылған жұмыс­керлердің саны 2020 жылы 484 мың адамды немесе штаттық санның 13%-ына тең болды. Бұл көрсеткіш бір жыл ішінде абсолютті түрде 21%-ға немесе 128 мың адамға азайып кетті. Бұл соңғы 5 жылдағы ең төменгі көр­сеткіш! Бұған пандемия да кесірін тигізіпті. Әйтпесе, 2016 жылдан 2019 жылға дейін оқытылған қызмет­керлердің саны тұрақты өсіп келген еді. «Негізінен, тиісті ресурстары мен базасы бар ірі және орта ком­пания­лардың қызметкерлері оқытудан өтеді. Соңғы 5 жылда оқытылған ірі және орта кәсіпорындардың орташа үлесі штаттық санның 19%-ы, ал шағын компанияларда қызмет­керлердің тек 2-3%-ы жыл сайын оқудан және біліктілігін арттырудан өтеді», – деді Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек ресурстарын дамыту орта­лығы» АҚ Стратегия және жобалық басқару департа­менті талдау басқармасының басшысы Ұлпан Шегенова. Жұмыс берушілер Маңғыстау, Павлодар және Қарағанды облыстарында өз кадрларын оқытуға көбірек көңіл бөледі екен, олардың орташа үлесі тиісінше 37%, 33% және 29%. Ал оқуға жіберілетін қызметкерлердің ең азы Алматы және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласын­да жыл сайын орта есеппен 5-7% байқалады.