Жылдамдықты асырмағанда оның жымысқа әрекетін ешкім байқамаушы еді. Қызылордалық полицейлер «Самара-Шымкент» тас жолының 1323 шақырымында жол қозғалысы ережесін сақтамай, белгіленген жылдамдықты асырған «Лада-Ларгус» маркалы автокөлікті тоқтатқан.
Тексеру барысында автокөліктің жүк салғышынан жолаушыға тиесілі 1 сөмке және 1 үлкен қапшықтан ірі мөлшерде ерекше иісі бар шөп алыныпты. Сараптама қорытындысына сәйкес алынған зат 24 келі «кептірілген марихуана» екендігі анықталған.
Күдікті ретінде 43 жастағы қызылордалық ұсталған. Полицейлер күдікті есірткіні сатуды көздемеген деген себеппен оның үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен іс қозғаған.
«Қазіргі таңда күдікті азамат Арал ауданы Полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынып, тергеу жүргізілуде»,- деп дейді Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Сұлтан Бектөре.