Алматыдағы дүкен қожайындары қаладан нан таппай сабылып жүр. «Ақсай нан» өнімін сатып алуға шектеу қойған. Бұрын дүкен иелері күніне 100 бөлке алып келсе, бүгіннен бастап әрқайсысына тек бесеуден беріліп жатыр. Оның үстіне «Ақсай нан» бөлкелерден бөлек 7 мың теңгеге зат алуға міндеттейді екен, – деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"Кеше ғана жабылардан бір күн бұрын айтамыз деген болатын. Ал бүгін келсек, жабық тұр. Алдын ала айтпаған. Кеше де өзім келдім. Бүгін де келдім. Әлгі жүргізуші бірде бар, енді бірде жоқ. Сеніп қалсаң, нансыз қалып кетесің", – деді саудагер Әбубәкір Махат.
"Нанынан бөлек жеті мың теңгеге сауда жасау керек. Біздікі жаңадан ашылған дүкен болғандықтан, күніне 30 нан ғана аламын. Ертең 20 нан ғана алайын деп тұрмын. Арғы жағында сушкиі мен прәндігі бар. Тағы қалған нәрселерін өткізе алмаймын", – деді саудагер Қайсар Жақсылықов.
Алайда «Ақсай нан» басшылығы нан тапшылығына қатысты мүлдем пікір білдірмейтінін кесіп айтты.
«Ақсай нан» басшылығы сұхбат бермегенімен, қалалық кәсіпкерлік басқармасының мамандары пікір білдірді. Айтуларынша, мұндай шектеу әлеуметтік нан барлық адамға қолжетімді болуы үшін жасалып отыр.
"Бұрын бұл тәжірибе қолданылған болатын. Қант сату кезінде бір қолға бес килограмнан артық сатпау шектеуі орнатылған еді", – деді Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы АӨК бөлімінің басшысы Рахымжан Әріпжанов.