Асқаралы алпыстың биігінде
Асқаралы алпыстың биігінде
328
оқылды
Құрылғанына 60 жыл болған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының тарихы тағылымды шежіреге толы. Бұл тұтас бір дәуір іспетті жылдар десе де болады. Қазақ тілі білімін зерттейтін бірден-бір ғылыми орталық – Тіл білімі институты тарих қойнауына еніп кеткен Кеңес дәуірі мен 30 жасқа жеткен Тәуелсіздік жылда­рын­дағы күллі өзгерістер мен дүм­пуілдерге толы кезеңдерді қо­ғаммен, елмен бірге бастан ке­шірді. Институт тарихында тілге, тіл арқылы халыққа қызмет ету­дің жарқын үлгісін танытқан талай ғалымның қолтаңбасы мен ізі бар. 60 жыл бойы институт ға­лымдары ұлт тілінің түп-тамы­рына терең бойлады, қазақ тілінің құрылымын егжей-тегжейлі талдады, қазіргі тіл қолданы­сы­ның әр сипатын қалт жібермей қадағалады. Соңғы екі жылда институтта «Тілтанымдық мектеп» атты шара өткізіліп жүр. Қазақ тілтанымының бас­тауларында тұрған Алаш ардақ­тыларының асыл бейнелері мен құнды мұраларын әлденеше рет жаңғыртып, санаға құятын бұл бастаманың мәні де зор, тағы­лымы да мол. «Тілтанымдық мектептің» бір бөлек хабары, әсіресе соңғы 60 жылда тіл ғылымына өлшеусіз үлес қосқан ғалымдар шоғырына арналған. Шараның әр хабарынан қазақ тілші-ғалымдарының ең­бегі, өнегелі өмір жолы, сол бір жылдардағы ғалымдардың тіл-ғұмыры жөніндегі мағлұматтар бүгінгі ұрпақтың сана-сезімін, ойлау жүйесін сілкіндіретіндей әсер етеді. Ке­ңестік дәуір тұсын­да қазақ тілі зерделенген зерттеулердің әлем­дік түркітануда айрықша баға­ланғанына тарих куә. Зиялы қауым, ғалымдар ор­тасы, қалың жұртшылық ең­бек­тері арқылы ғана танып, құр­меттейтін ға­лым­дардың ғ­ы­лымдағы соқпақтары да тарам-тарам. Ел мен тілге ең­бегі сіңген Алаш азаматтары – баба буын­ның, кейінгі аға буын­ның әр­қайсысының 60 жылдық ғұмыр­намасы тәуелсіз елдің та­рихында әлі де талай зерттеулер мен өне­гелі жыр-әңгімеге арқау болары сөзсіз. Тілші-ғалымдардың үлкен шоғырынан ардақты ұстаз, ака­демик Рәбиға Сыздықтың есімі қазақ қауымына әбден таныс. Сонау елуінші жылдардың соңғы тұсынан бастап өмірден озғанға дейін институт қабырғасында еңбек еткен ұстаздың ел құрметі мен ықыласына бөленуінің басты әрі негізгі себебі – ғалымның зерттеулерінде ұлттық құнды­лық­тарды сақтау, тілдің ұлт тұтас­тырушылық қызметін таныту жайы өзек болғанынан. Қазақ тілтанымындағы бір­туар тұлға – академик Рәбиға Сыздық Тіл білімі институты же­ке ғылыми мекеме болып құрылар тұстан бірер жыл бұрын ғана ауыс­қан екен. Қилы кезеңдерді бастан өткеріп жүрген жастың алғырлығын, оттай жанып тұрған талабын алдымен атақты Мұхтар Әуезов алқалы бір жиында сөй­леген сөзінен аңғарады. Инсти­туттың болашақ бағдарын сан алуан зерттеу бағыттарын жос­парлай бастаған жетекші ғалым­дар Рәбиға Сыздықты институтқа арнайы шақырады. Осылайша, Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік сыйлығының, «Барыс» орденінің бірнеше мәрте иегері, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қа­зақстан Республикасының Ұлт­тық ғылым академиясының академигі, филология ғылым­дарының докторы, профессор, ғылымдағы шоқтығы биік қай­таланбас тұлға, өзі айтқандай, «нар жүгін азаматша арқалаған» ғалымның – Рәбиға Сыздықтың ғалымдық ғұмыры басталады. Академиктің ғылыми ба­ғыттары сан салалы. Қазақтың түп-тамырынан терең сыр тар­татын жазба ескерткіштер мен ақын-жыраулардың тілі жайында, яки ұлт тілі қай тұста әдеби тіл дәрежесіне көтерілген еді, қазақ сөзінің тылсым табиғаты, сөздің қуаты мен құдіреті, сөз әсері, сөз сазы мен сөз өрнегі бұрын қандай, қазір қай деңгейде, көркем шы­ғарманың қыр-сыры қандай тәріздес көп сұраққа кез келген оқырман Рәбиға Сыздықтың зерт­теулерінен жауап таба алады. Бірақ бір таңғаларлығы, ака­демиктің ғылыми зерттеулерінің бастапқысы және өмірден озған­ша қаламының ұшынан түспеге­ні – сауаттылық, жазудағы және ауызша сөйлеудегі сауаттылық. Әдетте сауаттылық дегенді жеке адамның оқи алатын, жаза алатын деңгейі деп дәстүрлі түрде түсінетініміз белгілі. Дегенмен бүгінгі заманның талабы тұрғы­сынан бойлай қарасақ, тіл – ойлаудың жемісі болғанда, са­уаттылық – зиятты дамудың кө­рінісі, сауатты жазу мен сөйлеу – жеке адамның білім-таным ин­дексінің, мәдениеттілігінің, тілге деген құрметі мен саналы көз­қа­расының көрсеткіші. Жас ұрпақ­тың білім ордасына қадам басқан кезінен бастап сауаттылыққа қалыптасуы – оның толыққанды қоғам мүшесі болуының іргетасы. Қазіргі қолданыстағы жазу нор­малары, ауызша сөйлеудің заң­дылықтары жөніндегі академик ұстаздың еңбектері – біртуар ғалымның тіл-ғұмырының елеулі саласы. Ұстаз қазақ емлесінің негізгі қағидалары мен тыныс белгіле­ріне арналған, бүкіл түркі дүние­сінде бірегей еңбек болып табы­латын «Қазақ тілінің анық­та­ғышының» әр басылымында сауаттылықтың мектептен бас­талатынын және баспа қызмет­керлері үшін аса маңызды екенін әлденеше мәрте қайталады. Тілді пайдалану жеткіліксіз екенін атап айтып, ғалым мектеп мұ­ғалімдері, тәрбиешілер, дәріс­керлер, дикторлар, тіпті әншілер мен сахна шеберлері де қазақ тілінің нормаларын, оның ішінде жазу мен ауызша сөйлеу нор­маларын бекітетін, тілдің өзіне тән сипат-белгілерін сақтайтын, насихаттайтын, орнықтыратын, тілдің сақшылары деген тұжы­рымын академик Рәбиға Сыздық сөз мәдениетіне, жазу-сызу мә­селелері туралы өмірден озғанша жазды да, айтты да. «Басылып шыққан кітап, газет, журналдар дұрыс жазудың бірден-бір көзі әрі үлгісі болуға тиіс және сауатты жазуға алғашқы бастап үйрететін орын – мектеп»; «Адамның ана тілін үйренудегі, ана тілін жақсы игерудегі бір баспалдағы – мек­теп» деген нұсқау сөздері емле, жазу, сөйлеу ережелерінің тия­нақ­ты білім арқылы бекітілуі қа­зақ тілінің мемлекеттік мәрте­бесін орнықтырудағы іс-ша­ралардың қатарында маңызды екенін көрсетеді. Егер қазірге дейін қазақ ті­лінің жазба коммуникациядағы қолданысында нормалар сақтал­ған, жазудағы сауаттылық жоғары деңгейде десек, бұл істе ұстаздың атқарған еңбегі айрықша. Дей тұр­сақ та, қазіргі жазба комму­никацияда ұстаз ұстанымдарына сәйкес келе бермейтін фактілер де бар. Бұлардың себептері де жоқ емес. Қазіргі жазу сауатты­лығын­дағы кейбір өзгешеліктерге тұ­рақты сипат тән деуге де болмас, де­генмен қолданыс жиілігі кө­бірек байқалатын тұстар да ұшы­расады. Мәселен, себебі, бірақ, сондықтан, сол себепті, өйткені, ал, алайда, әйтеуір тәрізді тілдік бірліктерді, әсіресе мерзімді ба­сылымдарда үтір белгісімен ажы­рату жиірек кездеседі. Қағида­лардан ауытқулар ойды жеткізуде ауызша айтудағы интонациялық кідірістің, баяндалып келе жатқан ақпараттың бір бөлігіне айрықша назар аудартудың нәтижесінен туындайтынын байқаймыз. Ака­демик айрықша назар аударып, орнықтырып берген, бірге және бөлек жазылатын күрделі сөз­дердің емлесінде еркіндіктер бар. Демек, емле мен тыныс белгілері, жазба тіл мен қазақ тілінде ауыз­ша сөйлеудің арасындағы заң­дылықтар қазіргі білім беру жү­йесіне арналған қолданыстағы, жаңартылған бағдарламаларда, лингводидактикалық базада жо­ғары сыныптарда жүйелі түрде меңгертілуін ескеру қажет. Әсі­ресе, ұстаз қадап айтқан баспасөз қызметкерлерінің жауапкершілігі айрықша. Өйткені тілді білу бар да, реттеуші, танытушы, мойын­датушы функцияларына ие тіл нормаларын білу және жетік білу бар. «Тіл сақшылары» деп баға­лан­ған баспа қызметкерлері, журналистер тіл нормаларының жоғары деңгейін танытуы үшін академик Рәбиға Сыздық мұ­расындағы анықтағыш құрал­дарды қолдан-қолға түсірмей, күрмеуі бар мәселе кездескенде, тірек етуі керек-ақ. Мінберлерден сөз сөйлеген кезде, көп жағдайда алдын ала да­йындалған жазба мәтін оқы­ла­­­­тын­дықтан, ұстаз айтқандай, «бір-бірімен табысып, үндесіп, үй­лесіп жататын» қазақ тілінің әсем сөз сазын ауызша сөзде сақ­тау да – сауаттылықтың жоғары белгісі. Академик Рәбиға Сыздықтың тілде, жазба және ауызша сөз ­қол­­даныста ұлт болмысын сақ­тау­ға бағытталған еңбектерінің бір ар­насы – сөз мәдениеті, екін­шісі – көркем әдебиет тілі. Өзара ұшта­сатын, бір-бірімен тығыз байла­ныстағы осы мәселелерге қатыс­ты академик ұстаз құнарлы тұ­жырымдар жасады. Бұған кел­генде ғалымның «ұлттық жазу­­дың жаңа түріне – латын гра­фикасына көшуге байланысты қазақ емлесі мен орфоэпиясының жаңа ережелерін түзу қарекеті міндеттердің маңыздысы. Жазу мен сөзді дұрыс дыбыстаудың жаңа нормаларын ұсынбас бұрын қазір қолданылып жүрген қазақ емлесінің бірқатар тұсына азды-көпті өзгерістер енгізу қа­жет, өйткені жаңа емле қағидала­рының негізі бүгінгі жазу тәрті­бімізде жатқанын білеміз, ал қа­зіргі емле ережелерімізде сан жы­л­ғы жазу тәжірибемізді еске­ріп, әрі Ахаң (Байтұрсынұлы) айт­қандай, «көптің жанын қи­намас» үшін кейбір ережелердің бірқатар тұсын қырнай түсу қажет сияқ­ты» деген пікірі жаңа ұлттық әліпбиге негізделген емле қағи­даларын біріздендіруде, толық­тыруда негізгі таяныш болып отыр. Ғалым сөз мәдениетінің тео­риялық пән ретіндегі негіздерін орнықтырды, сонымен қатар сөзді қалай қолданып жүрміз, қалай сөйлеп жүрміз деген тәріз­ді сұрақ туындағанда ұс­таздың қазақ сөзінің коммуника­тивтік жарамдылығы мен комму­ни­кативтік нысаналылығы, тілдік нормалардың қалыптасуы тура­сында айтқан пікірлері нақпа-нақ, айқын жауап болады. Ғалымның сан қырлы зерт­теу­лерінің бір бағыты көркем әдеби шығармалардың тілі мен стилін талдауға арналған еді. Қазақ тілінің ұлтты ұйысты­ру­шылық, таным өрісін кеңейту қызметі тұрғысынан қарағанда жалпыхалықтық ұлттық әдеби тіл нормалары мен көркем тіл нор­маларының айырым белгілері, ұштасатын-ажыратылатын тұс­тары, даму принциптері мен ба­ғыт­тары қандай деген өзекті проблема да көркем тілдің тарихы мен бүгінгісін қатар салыстыра қарастыруды қажет етеді. 1990 жылы Ахмет Байтұр­сын­ұлы атын иеленген Тіл білімі институты, асқаралы алпыстың биі­гіне көтерілген ғылыми орта­лық азаттық таңы атқалы бері талай ауқымды жұмыстар атқар­ды. Әсіресе, соңғы жылдары ұлт­тық әліпби, емле қағидалары, тіл­дік нормаларды кодифика­циялаудың теориялық негіздері, сөз сазы, көркем әдеби шығарма­лардың тілі жөніндегі ұстаз идея­ларын одан әрі жалғастырып, тіл мен жеке адамның танымдық мәдениетінің, білім деңгейінің арасындағы байланысты когни­тивтік санамен, прагматикалық ерекшеліктермен, лингвоэколо­гиямен, әлеуметтік лингвистика мәселелерімен ұштастыра тал­дауға ден қоя бастады. Бұл ретте академик Рәбиға Сыздықтың мұрасы, тұжырымдары басты бағдар болары сөзсіз. Бүгінде қасиетті шаңы­рақта – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында есім­дері қастерлі алдыңғы ұрпақ­­тың ізін жалғастырып келе жат­қан, әлемдік, ұлттық линг­вис­­тикалық білімдер жүйесімен қару­ланған, зияты терең жаңа буын өкілдері қалыптасқан. Тіл маман­дарының ұлттық тек са­наны жаң­ғыртуға бет бұрған тың зерттеулері мен ізденістері 30 жасқа толған Тәуелсіздіктің тұғырлы болуына лайықты үлес қосары анық.

А.АЛДАШЕВА, филология ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері